Қанат Қайым, «Балалар кітабы» қоғамдық қорының президенті: Өз еліміздің алаңы өзгенің базарына айналды

Қанат Қайым, «Балалар кітабы» қоғамдық қорының президенті: Өз еліміздің алаңы өзгенің базарына айналды

Қанат Қайым, «Балалар кітабы» қоғамдық қорының президенті: Өз еліміздің алаңы өзгенің базарына айналды
ашық дереккөзі
428

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын ұлғайту жағын қамтамасыз етуді нықтап тапсырған болатын. Сондай-ақ, бұл еңбекте «Қарама-қайшылықты ахуал орын алатын жағдайлар бар. Елде 40 республикалық және 8 мың об­лыстық мәдениет мекемелері жұмыс істейді. Қыруар қаржы бөлінеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде республикада 18 жаңа театр ашылды. Соңғы 10 жылда кітапханалар саны – 579-ға, мұражайлар – 58-ге және мәдениет үйлері 1,5 мыңға артты. Сонымен бірге, мәдениет мекемелеріне бару деңгейі осы саланың даму динамикасынан кейін қалуда», – деп кітап мәселесіне басымдық берген еді. Біз осы тұрғыда балалар әдебиетінің өкілі, «Балалар кітабы» қоғамдық қорының президенті Қанат Қайым мырзаның пікірін білген едік.

– Қанат аға, «Балалар кітабы» қоғамдық қорының президентіcіз. Бүгінгі балалар әдебиетіне көңіліңіз тола ма?

– «Мен еңбек адамына, өз ісінің біл­­гірлігіне арналған әлеуметтік бағыттағы отандық мәдени өнімдер (кино, кітаптар, театр қойылымдары, телебағдарламалар) үлесінің жеткі­ліксіз екендігіне шығармашылық ин­те­легенцияның назарын айрықша аударғым келеді. Өскелең ұрпақ пен жас буын кәсібилік пен білікті еңбек өнімділігінің тартымды үлгілерін іс жүзінде көре алмайды. Мәдениет, ақыр соңында, қазіргі заманғы еңбек адамына қарай бетбұрыс жасауы тиіс!» – деп жазған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің бүгінгі таңда бұқараның қызу талқылауына түсіп отырған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» деп аталған мақаласында. Біздің бүгінгі басты назарға алып отырған негізгі бағытымыз – отандық кітап өнімдерінің насихатталуы мәсе­лелері.

Жалпы еліміздегі кітап өндірісі, оның жетістіктері, қол жеткізілген тола­йым табыстар жөнінде үлкенді-кішілі жиындарда, биік-биік мінберлерден, бұқаралық ақпарат құралдарының сала-құлаш мақалаларында аз ай­тылып жүрген жоқ. Алайда, Елбасымыз аталған мақаласында атап көрсеткендей «Әлеу­меттік бағыт­тағы отандық мәдени өнімдер үлесінің жеткіліксіз екендігі», бар болған күннің өзінде, олардың бұқара көпшілік арасында насихатталуының сын көтермейтіндігі тайға таңба бас­қандай ақиқат.

Отандық кітап өнімдерінің насихат­талуының көңіл көншітерлік емес екенін тілге тиек еткім келеді. Сол себепті, баяғы «біздерде мынандай бар, мынандай бар» деген әләуләйдан аулақтап, осы саладағы түйіткіл мәсе­лерге тоқталып, сол түйіндерді шешу жолында не істеуге болады деген өз ойларымызды ортаға сал­мақпыз.

– Мәселені шешудің тетіктері қандай? 2 мың дана кітаппен кітапханаларды қамтамасыз ете аламыз ба?

– Ең алдымен, нұқып тұрып нақты мәліметке иек артпасақ та, жалынан сипап жалпы статистикаға жүгінейік. Бүкіл ел бойынша мөлшері 11 мыңдай кітапхана бар екен. Мемлекеттік тап­сырыс бойынша шығарылатын әрбір кітап атаулының шектелген таралымы 2000 дана. Ал Республикадағы халық санын бүгінгі күнде біз 16 млн. деп жүрміз. Сонда жаңағы 2000 дана кітап бүкіл ел халқы тұрмақ, елдегі кітапханалардың өзін қамти алмайтын болғаны ғой. Жақсы елдегі 16 млн. халық түгелімен кітап оқитын адамдар емес дегеннің өзінде, кітапқа қызығушылығы барлардың өздері қай баспадан қандай кітап шығып жатқаны жөнінде біліп отырулары керек емес пе? Тіпті, оны былай қойғанның өзінде, бір ғана Алматыдағы «Баспалар үйінде» бір-бірімен қатар қоныстанған ондаған баспаның қайсысының қандай өнім шығарып жатқанынан хабарсыз екеніне біз куә. Ал Астанадағы белді-белді деген баспалар елге не ұсынып, не қойып жатқаны, әрқайсысының өздерінен басқа өзге жұртқа беймәлім екенін дәлелдеп жатудың өзі артық.

– Оқырманға жарық көріп жатқан кітаптарды насихаттайтын «Кітап жаршысы» газетінің әлеуеті қандай?

– Республикада кітап шығару, кітап өндірісі, кітап саудасы, кітапхана ісі насихаты мәселелерімен айна­лысып келе жатқан, сол бағытта мамандандырылған бірден-бір басы­лым – «Кітап жаршысы» кz – «Друг читателя» газеті. Ал енді «елімізде шығып жатқан өзге басылымдарда да кітап насихатталады» деген құрғақ сөз. Олардың әрқайсысы арнайы тапсырыс бойынша, сая­си немесе салалық басылымдар жөнінде оқта-текте, жүйесіз түрде жарияланымдар беріп тұратындығына дауымыз жоқ. Ал «Кітап жаршысы» әр ай сайын ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында тіркеліп келе жатқан бүкіл кітап өнімдерінің тізімдерін үзбей ұсынумен қатар, оқырманға ой салатын көркем шығармаларға сараптама мақалалар, көптеген кітаптардың анықтама-аннотациялары мен мұқабаларын да үзбей жариялайды. Міне, сөйткен жаршының рес­публика бойынша таралымы 4-5 жылдан бері 2-3 мың данадан артыла алмай келеді. Сонда біздің жаңағы 11 мыңға жуық кітапханамыз қайда? Олар бұл басылымға неге қызығушылық танытпайды? Оларға қозғау салатын құзырлы мекемелер қайда? Өйткені кітаппен тікелей айналысатын адам­дардың кейбіреулері ізденуден жалық­қан, қызығушылықтан құр алақан немесе еріксізден жұмыс істеп жүрген, кездейсоқ, шала сауатты мамандар демеске лаж жоқ.

Отандық кітап өнімдерін насихаттап келе жатқан бірден-бір салалық осы газетке тіпті, жаңағы кітап шығарумен тікелей айналысатын баспалардың да қызығушылығы жоқ. Неге? Себебі, ол баспалар өз өнімдерін насихаттауды мақсат тұтпайды. Баспа басшыларының ойын жаулап алған ең бас­ты мақсат – жылдың орта белінен асып, жыл аяғына таман үздігіп қолдары жететін мемлекеттік сатып алу (тендер) арқылы алатын кітаптарының әрқайсысын 1000, 2000 данадан шығарып беріп, үкіметтен алатын сол өнімдердің қаржысын қалталарына құю. Әрі қарай ол кітап қайда барады, оны кім оқиды, ол мәселеге бастарын ауыртпайды.

Ал тендерді ұтып алып, кітап шығаратын баспалардың барлығы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» республикалық бюджеттік бағдарламасы бойынша шыққан кітаптарды тарату жіктемесіне орай, жаңағы кітаптарын жыл сайын еліміздегі 38 нүктеге жібереді де отырады. Баспалар өз өнімдерін жекелеген ірі кітапханаларға (барлығы – 12) 2-10 данадан, маңызды деген жоғары оқу орындарына (барлығы – 12) 2 данадан, ал облыс орталықтарын­дағы әмбебап-ғылыми кітапханаларға (барлығы-14) 100-ден бастап 200 данаға дейін жолдап отыруға міндетті. Сонда есептеп қарасаңыз, әрбір кітап бүкіл бір облысқа әрі кеткенде 200 данадан, оның өзінде кітапханаларға ғана тарайды екен. Демек, қалған жұрт хат танымай, қарайып қалса да ешкімнің шаруасы жоқ болғаны ғой. Бұл дегеніңіз, халықтың ең басты рухани байлығы – кітапқа арналған жан-жақты жүйелі бағдарламаның құрдымға кетіп бара жатқанының бір көрінісі. Сол себепті, мемлекеттік тапсырыс бойынша кітап өнімін шығарған бас­па­лардың әрбір кітабы БАҚ құралдары – мерзімдік басылымдарда жарияланып, насихатталуын мини­стрлік тарапынан міндеттегені абзал. Солай болған жағдайда былайғы оқырман-жұртшылық ол кітаптарды дүкен сөрелерінен кезіктіре алмаса да, қолына ұстап көрмесе де, өзіне қажет дүниенің қашан, қай баспадан шығып жатқанынан хабардар болып отыра­ды. Бұл шарт мемлекеттік тапсырыс алушы баспамен жасалатын келісім-шартта арнайы көрсетілуі тиіс. Бұл нұсқа алдағы жылдан бастап автор­лық келісім-шарт жасалғанда, баспа кітаптарының электронды нұсқасын беруге автордың келісімін алу тұрғысында алынып отыр емес пе?

– Елбасы өз мақаласына орай Үкімет мүшелерімен өткізген басқосуда Ком­мунистік идеологиядан бас тартамыз деп, жалпы идеологиядан алшақтап бара жатқандығымызды ашық айтқан болатын. Сіз бұған не дейсіз?

– Кітапты насихаттау ең алдымен қаламгерді насихаттаудан басталады. Қазіргі ұрпақты кітапқа жақындату үшін ең алдымен оларды қаламгерлермен жақындастыру қажет. Дәл қазір оқыр­ман жас қаламгерлер тұрмақ, мүйіз­дері қарағайдай жазушыларымызды түстеп білмейді. Сондықтан, баяғы Жазушылар одағы жанындағы наси­хат бюросының жұмысын қайта жандандырып, қаламгерлермен бұқа­ра халықтың қауышуын, кездесуін жиілетуге көңіл бөлу керек. Елбасы барлық әкімдерге арналған сөзінде «қоғамдық, әлеуметтік өмір әрбір жекелеген ауылда, қалада, аудан орталығында, облыста тұрақтылық ахуалын нығайтатындай тұрғыда орайластырылған бұқаралық оң сипатты іс-шаралар арқылы дамы­тылуы тиіс» деді емес пе? Олай болса, дәл осы мәселеге республика көлеміндегі, әрбір облыс­тағы ішкі саясат бөлімдері белгілейтін мемлекеттік емес ұйымдарға арнап қарастырылатын мемлекеттік сатып алу тапсырыстары арқылы қаржы­ландыру мәселелеріне көңіл бөлген жөн деп ойлаймыз.

Кітап дүкендері 50х50 талабын мойындауға тиіс

– Жалпы, қоғамның кітапқа деген көзқарасы қалай? Сіздіңше, бізде кітап шығаруға қажетті қаражат бөлініп отыр ма?

– Біздің «Балалар кітабы» қоғамдық қоры мемлекеттік емес ұйымдар қатарында болғандықтан әр-әр өңір­дегі осы ҮЕҰ-дардың мемлекеттік сатып алу конкурстарына анда-санда үмітпен қарап қоямыз. Сондағы байқайтынымыз, лоттардың басым көпшілігі СПИД, наркоманияға қарсы күреске арналған насихат жүргізуге арналады. Сонда не, халқымыздың жарым-жартысы нашақорлар ма? Тіпті солай болған күннің өзінде, сол наркомандар, соған салынғандар, жаңағы қыруар қаржы жұмсаған нас­и­хатыңызға пысқырып қарай ма екен? Одан да, сол кеселдердің алдын алу жағдайын ойлаған дұрыс болмас па екен? Жастарды кітапқа, әдебиетке, әдемілікке баулысақ, өзге дүниеге мойын бұра алмайтындай ахуал тудыруға ықпал жасауға болатын да шығар.

Кітап оқырманы негізінен бұрын да, қазір де шалғай елдегі, ауылдардағы жұртшылық екені бесенеден белгілі. Ал, сол ауылыңызға жаңа шық­қан кітап өнімдерінің жетуі қалай? Алыс-алыс ауылдар туралы әңгіме қозғамай-ақ қояйық. Өзіміз көріп жүрген кейбір аудан орталықтарында бірде-бір кітап дүкенінің жоқ екендігіне не айтасыз? Міне, Елбасы мақаласында белгіленген 19-шы тапсырмадағы отандық әлеуметтік мәдени өнімдерді жаңғыртудың салалық бесжылдық жоспарын әзірлеу кезінде осы рухани байлығымыз – кітап өнімдерін шы­ғаруды, оның әрбір қазақстандық үшін қол жетерлік болуын жан-жақты қарастырған жөн болар еді.

Енді мына мәселеге назар аударып қарайықшы. Мәселен, Ресей, Белоруссия т.б. бұрынғы кеңестік рес­публикаларда теле және радио арналарында кітап насихаттауға арналған тұрақты бағдарламалар бар. Ал бізде қалай? Ондай арнайы бағдарлама тұрмақ, бір хабарларға қатысып, жаңадан жарық көрген кітап туралы айта отырып, оны шығарған баспаны атасаң, кітаптың өзін эфирден көрсетуге әрекет жасасаң, хабар редакторлары «Ойбай, мұныңыз жар­нама болып кетеді» деп азар да, безер болады. Ал енді баспа жөнінде, ол шығарып жатқан өнімдер туралы эфирден айтуға тыйым салынса, кітапты қалай насихаттамақпыз?! БАҚ та, кітап та бір министрліктің құзырында емес пе? Басқа-басқа, осы мәселені жөнге салуға болады ғой, енді?!

– Еліміздегі кітап саудасы, кітап өнімдерінің жүйелі таратылуы мәсе­лелері жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ «баяғы жартас, сол жартас»…

– Астана мен Алматы қаласындағы, облыс орталықтарындағы аумақтары атшаптырым жерді алып жатқан кез-келген кітап дүкеніне кіріп қараңызшы. Солардың қай-қайсынан да жетім қыздың жасауы құсап көз тарта қоймайтын қуыстар мен қалтарыстарына жиылған қазақ тіліндегі кітаптарды кездестіріп қалуыңыз мүмкін. Әйтпесе, Ресей Федерациясының кітап дүкендерінде жүргендей әсер аласыз. Жалпы, жүгенсіз кеткен жүйріктің жарға жығатыны бесенеден белгілі. Егеменді ел болып отырып өз елінің алаңын өзге жұрттың базарына айналдыру кім-кімге де сын емес пе. Бұл – баяғыдан-ақ қолға алынып, ретке келтірілетін, ынта қойып, қолға алса, түйткілі шешілетін мәселенің бірі болса керек еді. Ана бір телерадиохабарларға қойылып келген 50 де 50 деген талапты дәл міне, осы кітап дүкендеріне қою керек. Кітап дүкенін, дүңгіршегін ашуға ниет қыласың ба, өнімнің тең жарымы қазақ тіліндегі кітаптар болуы шарт. Сонда, кітап саудасымен айналысатын кәсіпкерлер қазақ тілінде кітап шығаратын баспаларды өздері іздеп тауып, қыр соңдарынан қалмай тапсырыс берер еді. Бұл дегеніңіз ешқандай да ұлтшылдық емес, өз ұрпағының рухани болашағын ойлаған – ұлтжандылық болып табылады. Қазақ кітаптарының бағалары неге қымбат? Ең бірінші себеп – тираждары өте аз. Таралым саны неғұрлым аз болған сайын кітаптың өзіндік құны соғұрлым арта түсетінін тәптіштеп жатудың қажеті шамалы. Оның үстіне кітап дүкендері де баспа бағасына 50,70 тіпті 100 пайыз үстеме баға қоюға құмар. Бұған да бір шектеудің болғаны абзал. Екіншіден, полиграфиялық материалдардың дені – қағаз, картон, баспаханалық бояу т.с.с. бәрі-бәрі сырттан әкелінеді. Басқа басқа, осы дүниелерді өзімізде өндіретін кез келді емес пе?

Міне, осы айтылғандардың барлығы, айналып келгенде қазақ тілінде шығатын кітаптарды насихаттаудың, бүгінгі таңда оқырман тәрбиелеу мәселерінің тежелу түйткілдеріне назар аудартады. Айта берсе, әңгіме көп. Алайда, атам заманнан келе жатқан тасқа басылған кітаптың ғұмырын өз қолымыздан келтелемейік, алдымызда жүрген аздаған оқырманнан айрылып қалмаудың амалын қарастырайық, ағайын.

– Әңгімеңізге рахмет, Қанат аға!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары