Түркістанда түлеген

Түркістанда түлеген

Түркістанда түлеген
ашық дереккөзі
417

Дәуірдің жазушы шығармашылығына тигізер әсері, социалистік реализм әдісінің көркем әдебиеттегі көрінісі, сюжет пен мінез, замандас бейнесі, жанр сипаттары жайлы толғамды тұжырымдар бар. Ғалымның «Сарқылмас қазына» (1983), «Кәусар бұлақ» (1989), «Қазақ эпосы», «Эпос – ел қазынасы» (1995), «Эпос мұраты» (1997), «Жыршылық дәстүр», «Қазақ түркі эпостарының мәселелері» (2010) сияқты күрделі зерттеулері қазақ халқының аса бай эпостық мұрасының мәселелерін зерттеуге арналған. Ол «Қазақ тарихи жырларының мәселелері», «Фольклор шындығы», «Қазақ фольклорының тарихилығы», «Қазақ фольклористикасының тарихы», «Қазақ фольклорының поэтикасы», «Қазақ фольклорының типологиясы» секілді іргелі академиялық зерттеулердің жазылуына жетекшілік жасады; негізгі тарауларын жазысты.

Туысқан түркі халықтарының әдебиетіне, рухани байланыстарына, тарихи тамырларына арналған «Гүлстанның бұлбұлдары» (1970), «Достық кемесінде» (1976), «Байқалдан Балқанға дейін» (1996), «Жұлдыздар жарығы» (2000) кітаптары жарық көрген. «Ел боламыз десек» (2000) атты кітабында ұлтымыздың алдында тұрған ұлы мұраттар руханият аясында батыл көтеріледі.

Р. Бердібай – ҚР ҰҒА-ның, Түрік тіл құрылымының (Түркия), Халықтық (экологиялық), Халықаралық Айтматов академияларының академигі, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» (1984), «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1990), ҚР ҰҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының (1990), Махмуд Қашқари атындағы Халықаралық сыйлықтың (1998), «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығының иегері. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Зиялылар көзімен

Дархан Мыңбай,

Қазақстан Республикасы

Мәдениет және ақпарат министрі:

«Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған». Бұл – хакім Абайдың сөзі. Бірақ бұл – Рахаңның бейнесін, сөзін, ақылы мен парасатын айқындайтын сөз… Дәстүрлі мәдениетті Тәуелсіздіктің қажетіне жарату мәселесінде Рахаңның пікірі әрқашан өркениетті жүйеде көрінетін. Бұл орайда ол кісі Түркістан мұратын, ел бірлігін бірінші кезеккке қоятын.

Серік Қирабаев,

академик:

Тағдыр оған өзгеше ұлтшылдық мінез, қажымас қайрат, өжеттік, кең дарын дарытқан. Ол сыншылық, ғалымдық, ұстаздық, публицистік еңбектерінің бәрінде де ұлтына, қазағына қызмет етті… Ол біздің дәуіріміздің бірінші ұлтшылы атанды. Біреулер оны «Ахмет идеяларын жаңартушы» деп жазды. Сол үшін таяқ та жеді. Бірақ ол бұл ойларынан ешқашан бас тартқан емес. Фольклорды, ескі әдебиетті зерттей жүріп, сол арқылы қазақтың ұлттық дәстүрлерін, түркі халықтарының әдеби, тарихи байланыстары жайлы үзбей жазып өтті.

Манаш Қозыбаев,

академик:

Рахаң – қазақ мәдениетінің көгіне өте ерте шығып, ерте марқайған азамат, көш бастар аға болғанына не заман! Рахаң – ойы ұшқыр, қаламы жүйрік, алысқа талмай шабатын хас дүлдүл. Біріншіден, ол энциклопедиялық білімді жан. Екіншіден, тоқырамас үшін үзбей, қажымай еңбек етеді. Өсу процесі – оның шығармашылығының өзегі. Үшіншіден, Рахаңа ұлттық үрдіс тән, ол зерттеу барысында сол ұлттық қайнардан мән ғана алмайды, нәр алады. Ол мыңдаған гүлдерден нектар жинаған бал арасы сияқты…

Сафуан Шәймерденов,

жазушы:

Кемел әдебиет зерттеушісі, ғалым, толымды сыншы Рахманқұл Бердібайдың айрықша екі қасиеті бар деп білемін. Бірінші қасиеті – ұлтжандылығы, айта берсең, түркіжандылығы. Ғалымның бар мақсаты – бүкіл түркі дүниесінің баласын қайтсем біріктіремін, жетпіс жыл бойы жауыз саясат әдейі алшақтаттырып жіберген түркі халықтарын қайтсем жақындастырамын, ежелгі тамыры бір, біртекті тілдерді бір-біріне қайтсем кіріктіремін деген ұлы идеяны жүзеге асыру. Бұл – Рахманқұл шығармаларының үзілмес өзегі. Екінші қасиеті – ғалымның ізденімпаздығы.

Өзбекәлі Жәнібеков,

қоғам қайраткері, тарихшы-этнолог:

Әлі есімде, маған Орталық Комитетке хатшы болып сайланысымен арада он күн өтпей жатып, Қазақстан Жазушылар одағының пленумында сөйлеуге тура келген еді. Рахманқұл Бердібай болса, сол кездесуде зиялы қауымнан бірінші болып Нау­рыз мейрамын атап өту жөнінде мәселе қойған болатын.

Кеңесбай Мұсаев,

академик (Мәскеу):

Рахаң-өз халқын, өз Отанын, жер-суын, мәдениетін, тілін, тарихын сүюді өмір бойы ел-жұртқа насихаттап келе жатқан үлкен ғалым-уағызшы…

«Оян, Қазақ!» деп, жар салушылардың көрнекті өкілі, ұлт мәдениетін дамыту, көркейту, дүниеге көрсетудің қажымас, талмас, мұңаймас қайраткері… Рахаң түркі халықтарының рухани байлықтарын қазақтардың арасына кең таратушы маңдайалды ғалым… Ұлы ғалым, педагог ағамыз Рахаң – болашақ ғалымдарға үлгі, жастарға өнеге!

Мекемтас Мырзахметов,

академик:

Өзінің туған халқына шын берілген, ұлт мүддесі жолында жаны шырқырай қызмет еткен, халық мұрасын қызғыштай қорып, зерттеп, кейінгі ұрпаққа табыстап кеткен біртуар тұлға Рахманқұл Бердібай болатын. «Қазақ әдебиеті» газетінде тіл туралы, Наурыз мерекесі жөнінде ең алғашқы болып, идея көтерді. Ежелгі салт-дәстүріміздің халықпен қайта табысуына ерекше үлес қосты, аянбай еңбек етіп, тер төкті. Оның шығармашылық туындыларын айтпағанның өзінде қоғамдық өмірдегі қайраткерлігінің өзі – бір төбе… Сондықтан, дүниеден озғанмен соңында өшпес аты, өлмес мұрасы қалды.

Өмірзақ Айтбайұлы,

академик:

Ол шынында бір дәуірдің ұмытылмас тұлғаларының біріне айналған ерекше жан еді. Оның әдебиетшілігін былай қойғанда, күллі ұлт мәдениетінің күмбезін көтеріскен заңғарлардың үйірінен болатын… Қазақ әдеби, мәдени, рухани шаруаларының халық ортасынан өзінің жемісті еңбектерімен ойып орын алған ерен тұлға түркі әлемінің ту ұстарларының біріне айналған еді. Сондықтан оны қазақ қана емес, бүкіл түркі жұртшылығы жоқтайтын болады.

Рымғали Нұрғали,

академик:

Не істемесін, мейлі мақала жазсын, кітап шығарсын, Халық университетінің жұмысына аралассын, аудиторияда, ғылыми мәжілісте, радиода сөйлесін, мәртебелі мекемелерге ұсыныс түсірсін, ең ақыры дастарқан үстінде кеңес құрсын, – бәрібір түптеп келгенде, Рахманқұл Бердібайдың барлық қаламгерлік, әлеуметтік әрекетінің алтын өзегі, құлақ күйі біреу: ол – ұлт қамы, азаттық идеясы, еркіндік сарыны.

Сейіт Қасқабасов,

академик:

Рахманқұл Бердібаев дегенде ұлтының тағдыры мен руханияты үшін ыстығына күйіп, суығына тоңған күрескер азамат еске түседі. ХХ ғасырдың 50-жылдары қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру керек деп, республикаға үндеу салған еді, сол үшін біраз қуғын да көрген болатын… Ол барынша әділ болатын, өзі өте еңбекқор және басқалардан да осыны талап ететін.

Дулат Исабеков,

жазушы:

Рахманқұл Бердібаев тек қазақ халқына ғана емес, жалпы түркі әлеміне ортақ ғұлама ғалымдардың бірі… Қазақ ауыз әдебиетін жалпы түркілік негізде зерттей отырып, түркі әлеміне ортақ қазына болып ұшан-теңіз мол мұраның түпқазығы қазақ елі екенін бар әлемге танытып кетті. Өзінің мінез-құлқы қандай сырбаз болса, зерттеу еңбектері де табиғатына сай жоғары мәдениеттілікті баршамызға мойындата білді. Ұлылардың соңғы бәйтерегі құлады.

Нұрлан Оразалин,

ақын:

Рахаң шынында да табиғаты өзгеше кісі еді. Аузына қазақ ілікпей қолына қалам алмайтын, ұлт туралы тебіренбей мінбеге көтерілмейтін. Жазса – жаңылмайтын, айтса – қайтпайтын. Рахаң сол тұста басынан уақыттың қою бұлты арылмай келе жатқан қазақ тілінің қамын ойлап, қабырғасы қайысқаны үшін «ұлтшыл» атанып еді ғой. Бұл сол кезде ердің ерінің ғана қолынан келер іс еді!.

Уәлихан Қалижанов,

ғалым:

Ұлтшыл ойдың тайқазанына айналған академик – Рахманқұл Бердібай. Түркістанның екі ұлы тарихи жәдігері бар. Ол – хандарымыз мәңгілік қонысын тапқан Ахмет Яссауи мавзолейі, екіншісі – халықтың тайқазаны болса, үшінші тайқазаны «Байқал мен Балқан» арасын түгендеп, қазақ әдеби байланыстарының түркілік сыпатын анықтап берген академик ағамыз Рахманқұл Бердібай.

Тұрсын Жұртбай,

ғалым:

Маңғаз да байсалды, кең көзқарасты ғұлама Рахаңның – Рахманқұл Бердібайдың бүкіл саналы ғұмыры ұлттық мүддеге бағытталды. Бүгінгі тәуелсіздіктің бастау бұлағында тұрған Мұхтар Әуезов пен Бейсенбай Кенжебаевтан кейінгі ең елеулі, зия­лы тұлға еді. Ол өзінің барлық болмысымен, ақыл-санасымен, жан қуатымен ұлттық идеяның 1950-жылдардан кейінгі қайта түлеуіне аса зор қызмет етті. Мұндай тұлғалар қазақ зиялыларының арасында бірен-саран ғана.

Дихан Қамзабекұлы,

ғалым:

Рахманқұл Бердібай! Бұл – бір кісінің аты ғана емес, отарсыздану ұраны, алтынның сынығы, жақсының көзі еді… Ол – кеңес дәуіріндегі отаншылдық пен елшілдіктің елеулі қайнары болды… Ол кісінің ел әдебиетін елдік мінберге айналдыруы – феномен дерлік құбылыс.

Шыңғыс Айтматов,

қырғыз жазушысы:

Рахманкул курдаш, по моим наблюдениям казахская литература и ее научная мысль всегда отличаются масштабностью видения и анализа, постижением глубинной сути казахской поэзии, ее национального уклада. В этой интеллектуальной сфере Вы один из ведущих мыслителей.

Шериф Ақташ,

түрік ғалымы:

Деде Қорқыт, Ахмет Йассауи аманатын арқалағандай болып, түрік дүниесі бірлігі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтар арасында көрнекті ғалым Рахманқұл Бердібайдың жөні бөлек. Біз Рахманқұл Бердібайды сындарлы ғалым, үлкен тұлға тұтып, айрықша қадірлейміз. Қызыл империяның кезінде де түріктік идеялардың қозғаушысына айналған ол бүгінде де түрік бірлігі жолында аянбай еңбек етуде… Қазақ жеріндегі кешелі-бүгінгі фольклор мен халық ауыз әдебиетінен бас­тап, Ұлы Түркістанда қалыптасқан мәдениет пен талғам бірлігінің жемісіне қол жеткізген Рахманқұл Бердібай түрік бірлігінің үніне айналған асқақ тұлға. Рахманқұл Бердібай – бүгінгі Деде Қорқытымыз.

Абдылдажан Ақматалиев, қырғыз академигі:

Қырғыз әдебиетшілері Рахманқұл Бердібаев ағамызды аса құрметтеп, тағзым етеді… Оның фольклористика бойынша жазған еңбектері қырғыз оқымыстыларына да ең зәру, керекті үлгі, өрнек ретінде қызмет етіп келеді… Рахманқұл Бердібаев ағамыз қазақ-қырғыз ілімінің байланысын тығыз бекемдеген екі елдің оқымыстысы.

Неждет Албай,

түрік ғалымы:

Қазақ әдебиеті ғылымына ғана емес, түрік дүниесінің руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ғұламаның ұлт мүддесін қорғаған батыл үні сонау елуінші жылдары естіле бастаған болатын. Ұлт мүддесін мәңгілік серігі еткен ғалым кеңестік кезең саясатына қайшы көзқарастары үшін аз қиындықтар көрген жоқ… Р. Бердібай иілуді білмеген асқақ рухтың иесі… Ғалымның түрік халықтарының тағдыр-талайы, ортақ әдеби мұралары, қазіргі таңдағы өзекті мәселелері туралы еңбектері үлкен бір саланы құрайды.

Дайындаған Дандай Ысқақұлы

Серіктес жаңалықтары