АҚТОҒАЙ – АУҚЫМДЫ ЖОБА
АҚТОҒАЙ – АУҚЫМДЫ ЖОБА
Ақтоғай – Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Қытай шекарасында орналасқан ашық типтегі кеніш. Кеңес одағы тұсындағы бағдарлау нәтижесінде кеніш мысқа өте бай деп болжанған еді. Бірақ болжам ақталған жоқ. Десе де кеніште мыс қоры жеткілікті, қазіргі таңда ол дүние жүзіндегі игерілмеген ірі кеніштердің бірі.
Ақтоғай мен Бозшакөл жобаларын іске асыру арқылы «Қазақмыс» мыс қорын көбейтеміз деп отыр. Себебі басты тұтынушы – Қытай Халықтық Республикасы екен. Ал Еуропа мемлекеттерінен Италия, Испания, Грекия және Түркия мысты елімізден тасиды, десе де соңғы дағдарыс салдарынан мыс кенін шығыстан импорттауды айтарлықтай азайтқан. Әрқайсысының жобалық құны 2 миллиард доллардай, Ақтоғай мен Бозшакөл жобаларын қаржыландыруды Қытай Мемлекеттік Даму банкі өз мойнына алған. Сөйтіп 1,5 миллиард доллар сомасындағы несиелік желі есебінен жүзеге асады. Бірнеше жылдан кейін бұл қарызды оп-оңай өтеп аламыз деп отыр Қазақмыс директорлар кеңесі.
Бозшакөлдегі құрылыс жұмыстары 2012 жылы жанданды. Кен орнын пайдалану мерзімі 40 жылдан асады, орташа өнімділігі жылына 75 мың тонна концентратты мысты құрайды. 2015-2030 жылдары мыс өндірісі орташа есеппен жылына 100 мың тонна болады.
Жалпы, Ақтоғай мен Бозшакөл кендері посткеңестік кеңістіктегі игерілмеген ірі жобалар. Ақтоғайдан алдағы 10 жылда 30 миллион тонна мыс өндіріледі. Мұндағы құрылыс жұмыстары 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында басталады. Бұл жобаға үш мыңға жуық жұмысшы тартылады, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететін заманауи құрал-жабдықтар қолданылады. «Қазақмыс» компаниясының басқарушы бас директоры Олег Новачук: «Бозшакөл мен Ақтоғай бізді 200 мың тонна мөлшердегі қосымша шығыны аз өніммен қамтамасыз етеді. Кен өндіру жаңа буын карьерлерінде жүргізіледі. Бұл «Қазақмыс» компаниясын да, Қазақстанның тау-кен өндірісі саласын да жаңа сапалы деңгейге көтереді. Бұл екі жобаға құйылған инвестицияның жалпы көлемі 4 миллиард доллардан асады. Мұның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, елімізде тау-кен өнеркәсібінің тұрақты өсімі қамтамасыз етіледі», – деді.
Новачук мырзаның айтуынша, кеніштердегі қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады екен. Әрбір селекторлық кеңес қауіпсіздік мәселесінен басталады дейді Новачук мырза, бірақ шахтадағы жұмысшы өлімінің алдын алу қиын-ақ. Былтыр 23 қаза тіркелсе, биыл шахтадан 18 адам көз жұмыпты. Жалпы, кеншілер үшін жағдайдың бәрі жасалған деп отыр басшылар. Алайда Сәтбаев, Анненск кеніштерінде жуырда болған ереуілге қатысты мәселені көтергенімізде ондағы жұмысшылардың ең жоғары жалақы алатынын айтты. «Дүниежүзі бойынша ең жоғарғы айлық жалақы Жезқазған кеніш жұмысшыларында. Тіпті Оңтүстік Африканың өте қауіпті шахталарындағы жұмысшылар мұндай жалақы алмайды. Бірақ осы кеніштердің жұмысшыларына біз тағы да жалақысын өсірдік», – деді Олег Новачук.
Бүгінгі таңда алтыннан кейінгі бағалы металл – мыс. Қазақстанның ішкі тұтынуына «Қазақмыс» өндіретін мыстың 3-4 пайызы жетіп артылады. Ал компанияның 20 жылдық стратегиясында игерілмеген жобалар өте көп. Инвестиция табылса Жезқазғандағы Жомарт-2, Шығыс Қазақстандағы – Артемовка кеніші игеру кезегін күтіп отыр. Осындай кеніштердің бас-аяғы 10-15 жоба.
Ақниет ОСПАНБАЙ