ҚОС ҚҰРЛЫҚТЫҢ КҮЗЕТІНДЕ

ҚОС ҚҰРЛЫҚТЫҢ КҮЗЕТІНДЕ

ҚОС ҚҰРЛЫҚТЫҢ КҮЗЕТІНДЕ
ашық дереккөзі
244

Өткен жылы еліміздің шалғай өңірінде орын тепкен Жәнібек шекара отрядында журналистік іссапармен болған кезімізде шекарашылардың көптеген түйткілдерін жазған едік. Араға жыл салып, тағы да аталмыш өңірге жолымыз түсті. Бірақ жәнібектіктердің бас ауруына айналған мәселелер шешілмеген. Тек өздерінің күшімен жағдайларын жақсартуға тырысып бағуда.

Жол қадірін жүрген біледі. Орал қаласынан Жәнібек елді мекеніне жолға шықсаң жолдың да, көліктің де, шыдамдылықтың да қадірін түсінесің. Міне, біз де шаң басқан жолмен бір сарынды жүріп келеміз. Қуанарлығы сол, қиыр батыстағы Казталов елді мекеніне дейін жолға тас төселіпті. Ары қарайғы 300 шақырымында көлік жүруі қиын. Шұқалақ-шұқалақ, ойпат-ойпат қара жол. Екі арада жүретін автобустың артқы жағында отырғандардың жағдайы қиын-ақ. Қайта-қайта жанымыздағы жолаушылардан «Жәнібекке аз қалды ма?» – деп сұрап мазасын алдық. Жақын маңда ауыл­ қарасы көрінбейді. Айнала тақтайдай тегіс, ағаш атау­лы мүлде жоқ. Тек, жазық дала. Орал өңірі қос құрлықтың торабында тұрғандықтан, бұрындары бұл аймаққа Еуропадан көптеген саяхатшылар жиі келген екен. Қазақ жұртын шетелдік қонақтармен алғаш таныстыратын да осы жазиралы кең дала. Орта ғасырлық тарихи жазбаларда елімізді «Қыпшақ даласы» деп атағаны бекер емес екен-ау.

Әлден уақыттан кейін, жолымызды қарашаның дымқыл тұманы басты. Мұндайда жолды білетін жүргізушілер болмаса адасып кету оп-оңай. Әйтеуір, автобус жүргізушісінің екі арадағы жолды әбден жаттап алғаны байқалып келеді. Тұманнан жан-жағымызды бажайлай алмағаннан кейін, жүргізушінің әрбір қимылын бағып келеміз. Осылайша жүргенімізге төрт сағаттан асып кетіпті.

Сонымен, ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Батыс» өңірлік басқармасына қарасты Жәнібек шекара отрядына да жеттік. Алғашқы сапарымызды бүгінгі әңгімемізге арқау болған «Қайрат» шекара заставасынан бастадық. Өйткені отрядқа «Қайрат» шекара заставасы ең жақын жерде орналасқан. Бұл өңірдің ауа-райы өзгеше. Қысы бет қаратпас аяз, жазы ми қайнатар аптап ыстық. Егер жауын-шашын басталса, аптаға созылады. Сазды жерге су талайға дейін сіңе де қоймайды. Мұнда әлі қар түспепті. Есесіне, қара суық өңменіңнен өтеді. Сондықтан заставаның тыныс-тіршілігімен таныстырып жүрген застава бастығы аға лейтенант Ермек Махамбетовке қойған сауалымыздың алғашқысы ауыз су мәселесі болды.

– Ауыз су – әлі күнге басты мәселенің бірі болып тұр. Елді мекенге аптасына бір рет көлікпен су алып келеді. Біз де содан құйдырып аламыз. «Кемедегінің жаны бір» деген осы. Ел не көрсе, біз де соны көреміз, – деді аға лейтенант Е.Махамбетов.

Өткен жылмен салыстырғанда заставада оңды өзгерістер көп екен. Өткен сапарымызда ашық аспан астындағы жанармай сақтайтын үлкен ыдысты көріп, көңіліміз құлазыған еді. Бұл жолы сол олқылықтың орны толыпты. Атап айтар болсақ, қызмет итінің питомнигі, із кесу қалашығы, спорт алаңы, жазғы көлік тұрағы жаңадан бой көтерген. Застава бастығының айтуына қарағанда, бұл құрылыс жұмыстары қолда бар материалдармен жүзеге асырылған. Дегенмен, бір жылдың ішіндегі оңды өзгерістің өзі көңілімізді көкке көтеріп тастады.

«Қайрат» шекара заставасы күзететін аумақта шекара белгілері орнатылған. Арғы бетте көрші елдің төрт шекара заставасы және екі шекара комендатурасы орналасыпты. Қайраттықтар жыл басынан бері 3 шекара бұзушыны құрықтаған. Застава бастығы аға лейтенант Е.Махамбетовтің айтуына қарағанда, көбіне шекара шебіне жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары шекара аймағының тәртібін бұзатын көрінеді. Бүгінге дейін түрлі себептермен шекара тәртібін бұзған 22 азамат қолға түсіпті. Тағы бір айта кетерлік жайт, застава күзететін аумақта Академиялық зерттеу бағы орын тепкен. Міне, сол қалашықта демалушылар мемлекеттік шекара тәртібін сақтау керектігін «ұмытып» кететін көрінеді. Сонымен қатар, мұнда жергілікті әкімшілікпен бірігіп, ше­кара тәртібін түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Жуырда шекарашылар Мемлекеттік шекараны бұзып өткен жат елдікті қолға түсірді. Қолға түскен өзбек азаматының айтуына қарағанда, Ресей жеріне нәпақа айыру үшін келген. Алайда жаз бойы өзінің жұмысын істеткен жұмыс беруші өзбек азаматының тапқан табысын бермеу үшін ұрып-соққан. Соққыға шыдамаған өзбек азаматы қашып шығып, қазақстандық шекарашыларға тұтылған.

Міне, қайраттықтар ел қауіпсіздігінің сақталуына салмақты үлесін қосып келеді. Тағы бір жағымды жаңалық, ұжым жаңа екі көлікке ие болды. Бұл жайт та қызметке оң ықпалын тигізеді. Шекараның арғы бетінде Волгоград секілді ірі қала болғанымен, застава тұрғызылғанға дейін еркін ағылып келген контрабанда атаулы бүгінде мүлде тыйылған. Бұл да қайраттықтардың жүргізген іргелі еңбегі деп білеміз.

Нұрғиса САХОВ,

аға лейтенант

Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары