Қоғам діннен бөлінбеген. Бірақ...

Қоғам діннен бөлінбеген. Бірақ...

Қоғам діннен бөлінбеген. Бірақ...
ашық дереккөзі
328

Дін – өте нәзік мәселе. Кейде біз «дін – мемлекеттен бөлек» деп жатамыз. Алайда дінді мемлекеттен оңаша қарастыру мүмкін емес. Елбасы Н.Назарбаев айтып кеткендей: «…Қазақстанда қоғам діннен бөлінбеген, сондықтан да мемлекет осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттеуден бойын аулақ сала алмайды. Бұл ретте діни сенімдердің өнегелі-рухани бастауларға негізделетіндігін жә­не орасан зор гуманистік әле­уетке ие екендігін есепке алу маңызды. Бейжай қарауға, осынау мол әлеуетті қазақстандық қоғамның рухани құндылықтарын дамыту, қазақстандық патриотизмді ны­ғай­ту, ұлтаралық және дінаралық келісімді бекіту және діни экс­тре­мизм­нің алдын алу ісіне пайда­ланбауға енді болмайды».

Дін – адамның жүрегіндегі сенім. Сол сенім адамгершілік, мейірімділік, ізеттілік қасиеттерін тудырады. Ал бұл наным-сенімге қол сұғу – сіз бен бізге жат нәрсе. Алайда теріс жолға түсіп кеткендерді қайтпекпіз? Соңғы жылдары діни тақырып күн тәртібінен түспей келеді. Бұған еліміздің қақпасын ерсілі-қарсылы ойқастаған жат пиғылды ағымдар мен миссионерлердің шамадан тыс көбейіп кеткендігі, сондай-ақ құрамындағы он шақты мүшесімен діни бірлестік ашып алғандар қатарының артуы да себеп. Жасыратыны жоқ, бүгінде қаншама жастар сол ағымдардың жетегінде кетті. Айрандай ұйыған талай отбасының шаңырағы шайқалды. Тіпті бір отбасының өзінде әртүрлі ағымға құлай сенгендер көбейді. Ол ол ма, бір-екі жылдың көлеміндегі республиканың әр жерінде қылаң берген қақтығыстардың астарын дінмен байланыс­тыратындар да бар. Соған қарағанда біз діни мәселені уыстан шығарып алғандаймыз ба, қалай? Қоғамда діни ахуалдың ушығып кет­кендігін мемлекет те түсінді. Былтыр «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң күшіне еніп, дін саласын құқықтық реттеуді тәртіпке келтіруге мүмкіндік жасалды. Бұл бойынша діни бірлестіктердің саны мен ұстанатын діні туралы деректер алынып, оларды қайта тіркеуден өткізу жұмысына басымдық берілді. Айта кету керек, ресми мәліметтегі 4551 діни бірлестігі қайта тіркеу шарасынан кейін 3088-ге қыс­қар­ған. Яғни қайта тіркеу көптеген қауымдардың діни ұстанымын да айшықтап, бұған дейін тіркелген 46 конфессия мен деноминациялардың 17-сі ғана заңды деп табылған. Жақында өткен Қазақстан дінта­нушыларының ІІ форумында еліміздегі діни жағдай жан-жақты талқыға салынған болатын. Қазақстанның Дін істері жөніндегі агенттік басшысы Қайрат Лама Шәріп діни бірлестіктерді қайта тіркеу нәтижесінде бұрын тіркелген діни бірлестіктердің үштен бір бөлігі жойылатындығын мәлімдеді. Оның айтуынша, шынайы жұмыс істейтін және кемінде 50 дін ұстанушысы бар бірлестіктер ғана қалады. Ал олардың қаржылық қызметі халық үшін жариялы түрде болуы тиіс. «Бірқатар діни бірлестіктер қызметінің қаржылық жағының ашықтығы күмән тудырады. Сондықтан діни ұйымдардың қаржы-шаруашылық қызметін заң талаптарына сай тәртіпке келтіру қажет. Бұл мәселені зерттеу Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары Қазақстанға дін уағыздаушы шетелдіктердің ағылып келгенін көрсеткен. Оларға белгілі бір мүддені көздеген шетел азаматтары қомақты қаржылық қолдау жасаған», – деді агенттік басшысы. «Шетелдік миссионерлердің бас­ты мақсаты – өз қатарларына біздің азаматтарды, оның ішінде, әсіресе, жастарды тарту болды. Жастардың жаңаны білуге деген ынтасын пайдалана отырып, діни жетекшілер әр түрлі білім беру курстары мен материалдық игіліктерді ұсына отырып, олардың қызығушылығын оятуға тырысады». Елімізде діни бірлестіктердің қаржы-шаруашылық қызметі 2001 жылы қолданысқа енгізілген «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңмен реттеледі. Осы заңға сәйкес, діни бірлестіктер коммерциялық емес ұйымдар болып табылады. «Кейбір діни бірлестік жетекшілерінің халықтан түсетін қаржыны мақсатсыз жұмсайтынына да көңіл аудару керек. Өкінішке қарай, біреулер үшін діни қызмет аз табыс әкелмейтін кәсіпке айналып отыр. Сондықтан ресми тіркелген діни бірлестіктердің қаржылық қызметтерін ашық жүргізгендері абзал. Бұл өз кезегінде халықтың оларға деген оң көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді», – деп тоқталды өз сөзінде агенттік төрағасы. 2 мыңға жуық сайттың мазмұны тексерілуде Дін істері агенттігіне қарасты Мәде­ниет­тер мен діндердің халықаралық орталы­ғының директоры Айдар Әбуов соңғы кезде экс­тре­мис­тік топтар мен ұйымдардың өз идеяларын тарату барысында ғаламтор кеңістігін тиімді пайдаланып отырғандығын тілге тиек етті. «Соңғы жылдары еліміздің батыс, оңтүстік өңір­лерінде де адам қазасына әкелген лаң­кес­тік көрі­ністер орын алды. Бұған өзі­нің ашықтығы мен қолжетімділігінің ар­қа­сында ХХІ ғасырдың жетістігі сана­латын интер­нет­тің де үлесі бар» деген А.Әбуов ғаламтор қолданушылардың 90 пайызы жас­тар екендігін баса айтты. «Бұл сайттар негізінен діни ілім мен жергілікті дәстүр, ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін пайдалана біледі. Мысалы, «Салаф.кз», «Акида.кз» сынды сайттар Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата секілді ата-баба­ла­ры­мыздың зираттарына барып, құран ба­ғыштауды Аллаға серік қосу деп, шелпек тарату секілді ислам дінімен сіңісіп кеткен дәс­түр­лерді «бидғат», яғни дінге жаңашылдық енгізу деп айыптайды. Сол арқылы интернет қолданатын жас­тар­дың санасына өз ұлтының дәстүрі мен сал­тына, жалпы ұл­тына қарсы пікір қа­лыптастырады». Сон­дай-ақ, «Салаф.кз», «Исламик.кз» сайтта­ры­ның Пайғам­бар­дың туған күні – Мәуліт мерекесін, Орталық Азия ха­лық­тарының Наурыз мейрамдарын рұқсат етілмеген амалдар, күнә істер деп ба­ға­лай­тынын жеткізген А.Әбуов бұл сайт­тар­ды жүргізіп отыр­ған адамдардың бар­лығы өз ісіне ма­ман­данған, ой-санасы қалыптасып үлгер­ме­ген жастарды өзде­рі­не қалай тарту керектігін әбден меңгерген жандар екенін атап көрсетті. «Бұл сайт­тар­дың алғашқы парақтары ешқандай күмән тудыр­май­ды. Ислам діні туралы жалпы ақпарат бер­ген сыңаймен, өзіне ақы­рын­дап тар­тады. Бұл жолда талай әдістерді қолда­нады», – деді ол. Бұл тұрғыда Мәде­ниет­тер мен діндердің халықаралық орталы­ғының директоры Айдар Әбуов интернет кеңіс­ті­гін­де «Назар сал» деген атаумен экс­тре­мизм­нен сақтандыратын сайт жасау керектігін алға тартты. Жастарды теріс идеялардың ықпалынан сақтандырудың орайлы тәсілі ақпараттық түсіндіру жұмысы екендігін баса айтқан ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Дін істері агенттігі, Білім және ғылым министрлігі, түрлі зерттеу орталықтары «Назар сал» деген атаумен интернет кеңістігіндегі экс­тремизмнен сақтандыру бағытында қыз­мет істейтін сайт әзірлеуді ұсынды. Міне, осы мақсатқа орай еліміздегі 2 мыңға жуық сайттың мазмұнын тексеру шарасы қолға алынды. Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ғалым Шойкен: «Діни экстремистік сипаттағы сайттарды құрсаулау және оларға мониторинг жүргізу жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың тоғыз айында агенттік 1800-ден астам сайтқа талдау жасап, олардың 34-і бойынша материалды бас прокуратураға жіберді», – деді. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес, Астанада жүзге жуық діни кітап тәркіленіп, дүкен иелеріне қатаң ескертулер жасалды. Діни әдебиеттерді өз ауласында таратуға ресми тіркеуден өткен 47 діни бірлестік қана құқылы. Алайда, бас пайдасын көздеген алыпсатарлардың жолы әлі де кесілер емес. Ол ол ма, бүгінде діни сауат ашатын жоғары оқу орындары да шектен тыс көбейіп кеткен. Бұдан былай лицензия алмаған, оқу бағдарламасын жүргізбеген діни білім беретін оқу орындары жабылмақ. Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Әзілханов: «Қазақстанда діни салада, оның ішінде ислам саласын алсақ, «Нұр» университеті және тоғыз медресе қызмет атқарады. Сонымен қатар православ және католик шіркеулерінің семинариялары бар. Бұған дейін бірнеше діни оқу орындары лицензия алмай, бірақ өздерін қағаз жүзінде тіркеген болатын. Қазір біз оларды жаңа заң аясында тексеруді қолға алдық. Сондықтан жоғарыда аталған оқу орындарынан өзгесі жалпылай қызмет атқармайды деп айтуға болады», – деді. Жастарды шетелге жібергеннен ұтамыз ба, әлде… Бүгінде шетелдің діни оқу орындарында 400-ден астам жас білім алуда. Алайда елімізде орын алған лаңкестік әрекеттер туралы айтқанда таяқтың бір ұшы сол басқа елден діни сауат ашып келген жастарға тиіп жатады. Осыған байланысты теориялық һәм тәжірибелік тұрғыда діннің қоғамдағы рөлі мен міндетін қайта қарау қажет болып отыр. Ендеше, мәселенің түп-негізі қайда жатыр? Жалпы, діннің асыл қызметі не? Хақ дінді қалай тани аламыз? Діни алауыздықты тудырып жүргендер кімдер? Олармен қалай күресуге болады? «Қазіргі кезеңдегі терроризмге қарсы іс-қимыл» атты конференцияда «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб имамы Қуат Мінуаров: «Біріншіден, араб елдерінде білім алып жатқан студент жастарды қадағалап, қажылық парыз өтеушілерге дұрыс түсіндіру-семинар жұмыстарын жүргізген жөн. Екіншіден, ханафиттік бағытта оқыған білімді кадрларды көбейтіп, ханафиттік жүйемен жұмыс істеп отырған республикамыздағы барлық мешіт имамдарына кең қолдау көрсете білген дұрыс. Бұған себеп, бүгінгі күні деструктивті ағым өкілдерінің бір бас сұғатын жері – мешіттер, бетпе-бет келетіні – имамдар. Өкініштісі, олар мешіттерде талас-тартыс туғызып, көп жағдайда имамдарға бағынбайды. Тіпті қоқан-лоққы жасап, күш көрсететіндері де жоқ емес. Бұндай әсіре ағым өкілдерімен күрес нәтижелі болу үшін жан-жақты іс-шаралар жүзеге асуы тиіс» деген болатын. Алайда наиб-имам Қазақстан студенттерінің діни сауатын арттыру үшін Мысыр, Сирия елдеріне жіберу керектігін айтты. «Сауд Арабиясында уахабшылдар, салафиттердің сенімі ресми болғандықтан, олар білім алуға барған студенттерді өздеріне тартады. Олар кейін елге келген соң халық арасына іріткі салады. Сондықтан ілім іздеген студенттер Мысыр, Сирия елдеріне баруы керек, онда ханафиттікті ұстанатын ғалымдар бар», – деді ол. Бұл да екіұшты ойға жетелейді. Себебі дінтанушы ғалымдардың өзі Мысыр, Сирия елдерінде білім алған жастардың да жат пиғылды ағымдармен уланатындығын жасырмайды. Қанат Алшынбаев, Көкшетау қала­сындағы «Науан Хазрет» мешітінің наиб-имамы: – Діни ахуал бірқалыпты. Жастардың дінге деген бетбұрысы байқалуда. Бұл Құрбан айт, Ораза кезінде халықтың мешітке көп келуінен, құрбандық шалуға ниет білдіруінен байқалады. Біздің облысымызда басқа ұлт өкілдері көп. Әсіресе, христиан дінінің ағымдары көп жұмыс істейді. Құдайға шүкір, қазір «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның нәтижесінде діни кітаптар тек мешіттің жанындағы дүкендерде ғана сатылатын болды. Бір қуантарлығы, басқа діннен келіп, Ислам дінін қабылдап жатқандар бар. Айына кем дегенде бір адам құбылаға жүзін бұрады. Біз оларға діннің принциптерін түсіндіріп, үнемі араласып жүруге тырысамыз. Ал Исламды мұсылман күйеуге шығу үшін қабылдағысы келетіндерге әуелі шын ниеті болуы керектігін айтамыз. Жастар теріс ағымдардың жетегінде кетпес үшін мешітте белгілі бір күндері уағызға жинап, заңда бекітілген ресми Ханафи мәзһабын түсіндіріп, сол бойынша дәріс жүргіземіз. Сауат ашу курсында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының арнайы сараптама комиссиясы бекіткен кітаптары бойынша дәріс беріледі. Мешітке келген жамағатқа да сол кітаптар таратылады. Астанада «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» кітаптар басып, облысымызға тегін жеткізеді. Ал біз оны аудандарға, олар ауылға таратады. Дін мәселесінде кейбір тартысты жайттарды түсіндіру мақсатында Алматыдағы Орталық мешіттің наиб-имамы Әміре Ерсіннің лекцияларын жастардың ұялы телефондарына жазып, арнайы буклеттер шығаруды қолға алдық. Бұл әдебиеттерді мешітке келген жамағатқа, неке қиюға келген жастарға сыйға таратамыз. Жергілікті «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасынан аптаның бейсенбісінде «Қоғам және дін» тақырыбында жарты сағат уақыт беріледі. Биыл Ақмола облысынан «Нұр» университетіне 14 шәкірт түсірдік. Оның көбі мемлекеттік грантқа ие болды. 4 шәкірт облыс әкімінің грантына ие болды. Еркебұлан Қарақұлов, Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің наиб-имамы: – Бүгінгі діни ахуалды бағалайтын болсақ, жастардың арасында ерекше қызығушылық бар. Бұл бір жағынан қуантарлық жайт. Екінші жағынан оларға дұрыс бағыт-бағдар берілуі керек. Қалыптасқан бағыт емес, өзге бағыттардан ақпарат алып жатқан жастардың саны аз емес. Алайда Әбу-Ханифа мәзһабын жастарымыздың бірі мойындаса, бірі жоққа шығарады. Олардың ішінде интернет арқылы алатын мәліметтері бойынша қарама-қайшы әрекет ететіндері бар. Бұл жерде үлкен жұмыстар атқарылуы тиіс. Имам ретінде біздің қолымыздан келетіні үгіт-насихат, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Бұл жүзеге асып жатқанмен, нәтижеге сабырлық керек. Басқа да бағыттармен жүрген жастарды қайтару оңай емес. Олар бүгін мешіт имамдарына қарсы келіп жатса, ертең мемлекетімізге қарсы келуі де мүмкін. Мұны жергілікті емес, мемлекеттік деңгейде қолға алу керек. Мешіт – намаз оқитын орын болғандықтан, біз ешкімге шектеу қоя алмаймыз. Бірақ әлдебір ағымдарда адасып жүргендердің уағыз жүргізуіне жол берілмейді. Дін істері жөніндегі агенттіктің әр облыста департаменттері жұмыс істейді. Бұл мекеме облыс әкімінің қаулысымен діни кітаптардың қай жерде сатылу керектігін анықтады. Ал Әбу-Ханифа мәзһабына қайшы әдебиеттер тәркіленуде. Кезінде Мысырда оқыған түлектің бірімін. Оқу орнында оқымай-ақ басқа діни ағымға кіріп кеткендер болды. Шетелге жіберетін жастар жіті қадағалауда болуы керек. Олар осы жерде іріктелуі тиіс. Меніңше, жылына 20-30 студентті бір-ақ жіберуге болмайды. Бес адам да жетеді. Бүгінде басқа діни ағымда жүргендердің көбі Мысырда білім алып, одан кейін Сауд Арабиясына кетіп қалғандар. Қазір білімді, білікті имамдар, телогтар қатарымызға қосылып жатыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бір өкініштісі, діни білім алуға деген ұмтылысы төмен. Біз жастарды іріктеп «Нұр» университетіне жібереміз. Алайда халықтың өзі аса қызығушылық танытпайды. Бейбіт қажы Мырзагелдиев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкіл имамы: – Бүгінде кең-байтақ елімізде 2400-дей мешіт болса, соның 888-і осы оң­түс­тік өңірінде екен. Ол мешіттердің уақыт талабы мен мүдде үдесінен шығу оңай тірлік емес. Өткен жылы қабылданған жаңа заңға сәйкес көптеген дінге қатысты проблемалар өз шешімін тауып келеді. Нәтиже жаман болмады. Күрделеніп кеткен, қорда­ла­нып қал­ған талай-талай мәселелер анықтал­ды. Олар­дың барлығы да біртіндеп шешілуде. Бүгінде құжаттары реттелмей, әрі-сәрі күйде қалып қой­ған мешіттердің 90 пайызы рәсімделді. Мемлекеттік актілер алу жағдаяттары ше­ші­­мін тапты. Барлық аудандар мен қалаларда көш­пелі семинарлар өткізу жүйелі жолға қойылды. Облыс бойынша 888 мешіт бар болса, оның 132-сі негі­зінен намазхана. 86 мешіт жаңадан тіркелу үстінде. Базбіреулер «Мешіт көбе­йіп кетті» дегендей де пікірлер айтады. Бұл дұрыс емес. Облыс аумағын аралаудың, арнайы сараптамалар жүргізудің нәтижесінде 113 ауылда әлі күнге дейін мешіт жоқ еке­ні анықталды. Бүгінгі күнге дейін облыста 670 мешіт жаңа заңға сәйкес қайта тіркеуден өтіп, тіркелді. Мешіттердің басым көпшілігі талайдан бері күрделі және ағымдағы жөндеуден өтпеген екен. Алдағы уақытта бұл мәселелердің өз шешімін табатындығына сенім мол. Сондай-ақ осы жылдың ақпан айынан бастап өкіл имамның бастамасымен және облыс әкімі Асқар Исабекұлының тікелей қолдауымен облыс көлемінде діни басқармаға қарасты барлық филиал мешіттерінің имам, молдалары бір айлық діни білім жетілдіру курсынан өтуде. Бүгінгі таңда осы біліктілікті арттыруда 450 имамның өтуі, алдағы уақытта 200 имамның өтілуі де жоспарлануда. Сонымен қатар замана ағымына ілесу – уақыт талабы. Облыстық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің жанынан www.kattani.kz сайты ашылды. Бүгінде сайт қызметін мыңдаған оқырман пайдалану үстінде. Мұның 90 пайызға жуығының жастар екенін ескерсек, келешегіміздің кемелдігіне сенім молая түседі. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің келісіміне сәйкеc, Біріккен Араб Әмірлігінің «Шейх Халифа бин Зәйд Әль-Нахайан» қайырымдылық қорының демеушілігімен 2007 жылы құрылысы басталған облыстық орталық мешіт Шымкент қаласындағы Алматы-Ташкент тас жолы мен Темірлан тас жолы қиылысында бой көтерді. 3.2209 га жер бөлінген мешіттің құрылыс аумағы 6355 м2 құрайды. Сыйымдылығы бір сәтте 3000 адамға арналған. Мешіт қазақтың киіз үйі сипатын беретін келбетте салынуда. Биіктігі 37 метрлік ақ түсте күмбезделген, бұдан бөлек, биіктігі 33 метрлік ақ түсті 4 мұнарасы бар. Мешіт – Алланың жердегі үйі. Өзін мұсылман санаған әрбір жанның Жаратушыға құлдық ұрып, азды-көпті күнәларына кешірім сұрап, екі дүниенің жақсылығынан үміт ететін қасиетті орны. Мешіт – рухани тазалыққа, мейірімділікке, ізгілікке қол жеткізетін бірден-бір киелі жер. Айт, жұма намаздарында мешіттерімізге адамдардың сыймай жататыны баршаға белгілі. Осы орайда бір мезгілде 3000 адамға қызмет көрсете алатын мешіттің орны өзгеше болмақ. Маркос Саргсян, Православие Шіркеуі Алматы қаласы «Сурб Хач» жергілікті діни бірлестігінің» жетекшісі: – Жыл сайын әлемде жаңа діни ағымдар пайда болады, олардың бәрі адамзатқа жақсылық пен бейбітшілік жемісін сыйлай бермейді. Олар құрылған елдерінде дамып қана қоймай, өз идеологияларын басқа мемлекеттерге де таратады. Бұл тұрғыда көпұлтты және көп конфессиялы мемлекет ретінде және әр ұлт және дін өкілдері бір-бірімен кездесетін қиылыс сияқты Қазақстан да ерекшеленбейді. Мемлекет те тірі ағза. Және азаматтарға зиян келтіретін және құқықтарын шектейтін әрбір қате әрекет немесе идеология осы ағзаның жанына батады. Қазір діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісі аяқталғанда, Қазақстан конфессияаралық қатынастағы толеранттылықты, бейбітшілік пен келісімді және мемлекет пен ДБ арасындағы өзара түсіністікті нығайту бойынша дұрыс жолда деп сеніммен айтуға болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары