Экологиялық қауіпсіздіктің қыр-сыры

Экологиялық қауіпсіздіктің қыр-сыры

Экологиялық қауіпсіздіктің қыр-сыры
ашық дереккөзі
450

Басқа басқа, қоршаған ортаны қорғауда да сыбайлас жемқорлық жекелеген елдердің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін ғана емес, жалпы ұлттық, халықаралық және экологиялық қауіпсіздік үшін де айтарлықтай түйткіл тудырып келеді.

Сонда не істеу керек? Қазіргі заман ыңғайына қарасақ, жемқорлықпен күресте нормативтік-құқықтық база мен жинақталған тәжірибелерге сүйене отырып, әркімнің бойында жемқорлыққа қарсы құқықтық сананы оята білудің жөні бөлек. Құқықтық сана деген не? Ол – қоғамдық сананың бір формасы, заңдылықтарды сақтауға әсерін тигізіп, адамдардың заң талабына мойынұсынуын қамтамасыз етеді.

Өкінішке қарай, көптеген азаматтар бұл мәселеден бойын аулақ салып, сыбайлас жемқорлықпен күрессе, тек мемлекеттік органдар күрессін деген пікірде. Бұл енді біздің қоғамның, құлдыққа бейім менталитетіміздің ықпалы. Көрсе де көрмегенсу, өзіме зияны тиіп кетеді деп жасқану екінің бірінің бойында бар.

Ал енді қара күйедей жабысып қалмай келе жатқан келеңсіздік қайта-қайта қоғамның созылмалы сырқатындай бас көтерсе, үндемей қалуға бола ма? Табиғатымыздың таза, суымыздың мөлдір болуы үшін осы саладағы алаяқтарды ауыздықтау керек қой. Меніңше, сала министрлігінде қоршаған ортаны қорғау барысында лауазымдық қызметін асыра пайдаланған, пара алған жағдайларды ашып көрсететін тұрақты семинарлар мен тренингтер, дөңгелек үстел басында әңгімелер өткізіп, брошюралар шығарып отырса, сол әрекеттің қаншалықты зияндылығы болғанын дәлелдеп көрсететін ғылыми мақалалар жазылса тиімді болар еді.

Тағы бір назардан тыс қалып келе жатқан мәселе – шетелдердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәжірибелері. Бұл ретте таза ел ретінде алғашқы ондыққа кіретін Финляндия, Дания, Сингапур, Швеция, Канада, Нидерланды, Люксембург, Норвегия, Австралия сияқты елдердің тәжірибелері көңіл аударады. Солардың бірі – Сингапур жемқорлық деңгейі бойынша 180 елдің арасында алғашқы үштікке енеді. Мұндай жетістік өзінен-өзі келе қалған жоқ. Көптеген тиімді шаралармен бірге бұл ел сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте министрлерге, шенеуніктерге еңбекақы төлеу кезінде нарықтық әдістерді қолдана отырып, мемлекеттік қызметкерлердің айлығын жоғары деңгейге көтерді. Әрине, бұл ретте түрлі бақылаушы органдар қатаң жұмыс істеді. Мәселен, шағын және орта бизнесте нақты сала үшін қажетті экологиялық нормалар мен ережелер үнемі қадағаланды. Соның нәтижесінде Сингапур Азиядағы экологиялық ең таза елдердің бірі ретінде мойындалды. Бұл істе мемлекеттік жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы зор көмегін тигізді.

Ал бізде қалай? Өндіріс қалдықтары мен түтіні будақтаған кәсіпорындардан, химиялық түрлі қоспалардан ауаға улы заттар тарап, жалпы ел аумағын экологиялық жағынан зардапқа ұшыратуда. Өскемен қаласы әлемдегі ең ластанған қалалардың бірі. Екі иінінен дем алып тұрған Алматының жағдайы мүлде ауыр. Атырауда үйілген күкірт қалдықтары қаншама? Еліміз аумағындағы қаптаған сынақ алаңдары мен «Байқоңыр» ғарыш айлағының орасан зор қасірет әкелетіні айтпай-ақ түсінікті. Бірақ күні бүгінге дейін табиғат-ана шеккен зиянның өтеуі қайтарылған жоқ.

Тек биыл ғана Үкіметтің 31 наурыздағы қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2011-2015 жылдарға арналған жемқорлықпен күрес бойынша салалық бағдарламасы шеңберінде Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тарапынан бірқатар жұмыстар атқарыла бастады. Салалық бағдарламаны жүйелендіру мақсатында министрдің бұйрығымен 2011-2015 жылдарға арналған ведомостволық жоспар жасалынды. Және ол барлық аймақтық бөлімдер мен ұйымдарға жеткізілді.

Қазір әкімшілік кедергілерді азайту шеңберінде рұқсат құжаттарын алу үшін жеңілдетілген процедуралар қолға алынуда. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстар мен көрсетілген қызметтер бойынша лицензия беру ережелері және біліктілік талаптарына қатысты өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік органдар мәліметтерінің қолданыстағы автоматтандырылған базаларын жетілдіру және дамыту жөнінде жұмыстар жүріп жатыр. Интернет-ресурстарды пайдалану аясында ВNEWS порталында министрліктің жемқорлыққа қарсы қызметі туралы барлық ақпараттар жарияланған.

Десек те бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес проблемаларын шеше қоймайды. Еліміздің экологиялық қауіпсіздігінің әлеуметтік және саяси маңыздылығын ескеріп, біз Сингапурдағыдай жемқорлықтың алдын алудың тиімді бір жолы еңбекақыны есептеу кезінде нарықтық әдістерді пайдалану арқылы мемлекеттік қызметкерлер жалақысын көтеру деп есептейміз.

Табиғаттың жағасын жыртудан сақтасын. Осындай игі қадам жасалса, экологиялық салада оның тиімділігін көру ұзақ күттірмейтін сияқты.

О. Мұхтарханов,

«Компания BRG» ЖШС-нің заңгері

Серіктес жаңалықтары