Өзімізге қамқор, өзгеге айбар болсақ

Өзімізге қамқор, өзгеге айбар болсақ

Өзімізге қамқор, өзгеге айбар болсақ
ашық дереккөзі
208

Қазақстанның егемендік жолындағы күресі – КСРО бодауындағы ірілі-ұсақты өзге де мемлекеттерді терең ойға қалдырған еді. Тып-тыныш жатқан момын елдің жаңа бастама көтеріп, алып державадан бөлініп шығамын дегені бірқатар басшыларға ұнамады да. Сол тұста КСРО-ның бірінші әрі соңғы президенті Михаил Горбачев Қазақстанның тәуелсіздігіне кекесінмен қарап, ірі сын айтып, елбасына сенімсіздік көрсетті. Елбасына ғана емес, бүкіл ұлтқа күмәнмен қарады. Біздің мемлекеттің халқы үшін осы сәт үлкен сынақ секілді, мүлде жаңа жағдай, жаңа өмір, тірліктің барлығы бейне бір басқа арнаға ауып кеткендей тосыннан басталды. Көңілдері күпті болса да, жақсы сөзді дәтке қуат етіп, ел азаматтарының сөзіне шексіз сеніп, алдағы күннің жақсылығына үміт артты.

Осыдан жиырма бір жыл кейін шегініс жасасақ, 1991 жылдың 1 желтоқсанында сол кездегі астанамыз Алматы қаласында Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті сайланды. Арада жиырма бір жыл өткен соң өткеннің еншісінде қалған күндерге көз жіберіп, абырой мен намыстың арқасында болашақ дамуды мақсат тұтқан кездерді саралай келе, бейбіт күніне тәубе дес­кен халық осы күнді Қазақстанның Тұңғыш Президентінің күні деп белгіледі. Көңілдің бір марқаяр тұсы осы күннің күнтізбеге енуі болды. Аталмыш мерекені Қазақстан халқы үлкен қуанышпен қабылдады. Елбасына өз елі атынан көрсетілген үлкен құрмет деп білді жұрт. Іргесін бөлектеген жас мемлекетті басқару оңай емес, әрине. Осындай қиын тұста ауыртпалық пен қиындықтан қорықпай, қадамын нық басқан азаматтар елдің тізгінін ұстауға үміткерлер ретінде сынға түсті. Халық таңдау жасады. Көпшіліктің үмітін арқалап, президенттікке Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келді. Қазақстанның болашағын ақыл парасатымен, білімімен дамытып, ел қатарына қосады-ау деген ел ағаларынан команда жасақталды. 1986 жылдың 16-17 желтоқсан күндерінде болған аяусыз арпалыс пен намыстан тұтанған қантөгістің, қызғалдақ болып ашылып үлгермей қыршынынан қиылған боздақтардың құрбандық болып жан үзгендігі қаны қазақ баласының есінен әлі кете қойған жоқ. Бүгінде арамызда жүрген тірі куәгерлер сол ызғарлы күннің аязына қарылып, мұзына жығылып, саясаттың солақай сойылының боданы болып кете барып еді. Жасынан қиылған жастардың намысы, бабалардың тарихтан аңсаған еркіндігі болашағын алыстан болжайтын кемеңгер үшін үлкен сын болғаны рас. Ел егемендігі жарияланған күннен бастап-ақ Қазақстанның түкпір-түкпіріне қазақи атаулар беріліп, ескіміз жаңарып, желтоқсаншылар есімін есте қалдыру шаралары жүргізілді. Ақтаңдақтар ақталды. Олардың өмірбаянына күйе болып жағылған жала мәңгі алынды. Қазақтың қара көздерін айдың күннің аманында қудалауға ұшыратып, қолдан келсе қырып салған коммунистік партияның қылығы әшкере болды. Асыл азаматы мен көкөрім боздақтың бойын аяз қысса да, табаны мен маңдайынан өткен суықтың ызғары жүректегі намыс пен бойдағы қанды тулатты. Зәрлі желтоқсан, ызғарлы желтоқсан, қанды желтоқсан қазақтың қара бауыр қасқалдағын іздетті. Желтоқсан айындағы қазақ жастарының шындық пен әділдік іздеп шыққан бейбіт митингісінің соңы арандатушылардың қолымен жазылмас жараға ұласты. Желтоқсанда қаза тапқандарға тағзым ете отырып, дәл осы күн Қазақстанның егемендігі жарияланған күн деп белгіленді.

Жеке мемлекет болып жарияланған тұста үлкен өзгерістерге бет алған елдің өзіндік өндірістері бірінен кейін бірі қаржы тапшылығынан жабылып жатты. Елде таусылмайтын кезектер мен тапшылық орын ала бастады. Мекемелерде айлар бойы жалақы көрмеген қызметкерлердің дені өз кәсіптерін тастап, алыпсатарлықпен айналысып кетті. Бұрындары Қазақстанға жер аударылып келген орыс, неміс, кәріс, тағы басқа өзге ұлт өкілдері өздерінің тарихи отанына қоныс аудара бастады. Шет елдегі қаракөз қазақтың аңсары Қазақстанға ауа бастады. Дәл осы алмағайып заманда елбасы өзінің көрегендігін көрсетті. Іскерлігі мен ымырашылдығы, өткірлігі мен турашылдығы, шешендігі көп жерде басты роль ойнады. Қазақстанды алыс-жақын шет елдерге таныстырып, экономиканы көтеру мәселесінде олардағы ірі компаниялардан инвистиция тартуға ықпал жасады. Кезек күттірмейтін шаруалар қолға алынып, маңызды келіссөздер жүргізілді. Біртіндеп жеткен жетістіктер көп өтпей өз жемісін бере бастады.

Еліміздегі айтулы күндердің ұйымдас­ты­рылуына қарай, тұңғыш рет өз күнтізбемізде қызыл белгілер – мерекелік күндер бей­неленді, ұмыт қалған наурыз жаңғырды. Түбі бір түрік елі алғаш құттықтап, Қазақстанға өз мектептері мен білім ордаларын салып, қазақ балаларының тегін оқуына мүмкіндік тудырды. Қазақстанның өзіндік армиясы мен полициясы жасақталды. Тұңғыш генералдар мен армия қолбасшылары бекіді. Қарулы күштер мен құқық қорғау саласын барынша жетілдіруге, дамытуға мүмкіндіктер туды, мектепті жаңа бітірген қазақтың жас бозбаласы шет елдің жоғарғы әскери мектептеріне қабылданды. Елдегі оқу орындарына беделді деген мемлекеттің ұстаздары келіп дәріс оқи бастады. Тәжірибе алмасулар жолға қойылды. Әлемнің озық техникалары елге кіргізіліп, қолданысқа енді. Дәл осындай жаңашылдықтар Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ жоғарғы милиция мектебіне де енді. Одақ ыдыраған соң да бұрынғы милиция мектебінің дәрежесі жыл санап өсе бастады. Бар мүмкіндіктер мен оқытудың жаңа бағдарламасы білім берудің жаңа стандарттарына сай жүргізіле бастады. Егемен елмен бірге дамып келе жатқан оқу орнының тарихы тым тереңде, өткен ғасырдың орта тұсында жатқанымен, қазақ полициясының хал-ахуалы мен жағдайы барынша жаңашылданды. Өткен күндермен салыстырғанда аталмыш оқу орнында білім алатын тыңдаушылардың саны да артқан бүгінде. Екі тілде білім беретін оқу орнында мемлекеттік тіл бөлімінде дәріс алушыларға басымдық берілді. Құқық қорғау саласында айтулы еңбегі бар ұстаздар қатарынан профессорлық-оқытушы құрам бекітілді. Штат бойынша профессорлық-оқытушы құрам – 197 бірлікті құрады. Бүгінгі күнде академияның кадрлық бірлігі 595 адамнан тұрады. Оның ішінде басшы құрамда 404 бірлік. Қатардағы құрам – 70 адам болса, ерікті жалданушылар – 121 адамды құрайды. Білім ордасында 2 ғылым докторы, 67 ғылым кандидаты (оның ішінде 10 адам ерікті жалданушылар) мен 7 спорт шебері бар. Бұлардың барлығы «құқыққорғау қызметі» мамандығы бойынша дәріс оқиды. 2013-2014 оқу жылында «ақпараттандыру жүйесі» мамандығы бойынша 30 бірліктік маман дайындалады деп болжануда. Биылдан бастап «техникалық факультет» ашылып, тыңдаушыларды қабылдады. Елбасының үстіміздегі жылдың қаңтар айындағы жыл сайынғы халыққа жолдаған Жолдауының 6 тармағында көрсетілгендей, биыл құқық қорғау органдары қызметкерлері түгелімен кезектен тыс аттестациялаудан өтіп бітті. Полиция қызметінің қыр-сырын жетік меңгеріп, сыннан сүрінбей өткендер әлбетте, өз орындарында міндеттерін жалғастыруда. Ал, шен мен шекпенге қызығып, ішкі істер органдарына көлденеңнен келген көк атты болып жүрген бірсыпыра әріптестер сыннан өте алмай сүрінгені жасырын емес. Құқық қорғау қызметінде жүрген полиция қызметкері үшін ең бірініші кезекте білім мен қайрат-күш, ерік-жігердің мықты болуы десек, осы талаптарды абыроймен атқарып шыққандардың еңсесі әріптестерінің арасында жоғары болды. Кезектен тыс аттестациялау – полиция қызметкерлері арасындағы жемқорлықтың алдын алу мен шын мамандарды іріктеу мақсатында жүргізілді. Аттестация ҚР ІІМ Алматы академиясында да жүргізіліп, сынақ қорытындылары бойынша 20 адам ішкі істер органдарынан босатылды. Бұл қызметкерлер аттестация барысында нысана ату, дене жаттығуы және қызметтік білімін тексеруді тестілеу мен психологиялық тестілеу сынды сынақтан өте алмағандар.Әріптестерінің қатардағы сыннан өте алмағанына куә болған өзге қызметкерлер атқарып отырған лауазымдарының салмағын тағы да бір түсінгендей болды. Қазіргі күнде академияда аптасына екі мәрте жеке құрам мен профессорлық-оқытушы құрамның қатысуымен саптық сынақ өткізіліп, дене жаттығулары жасалады. Бұл үшін білім ордасында барлық жағдай жасалған. Бүгінгі таңда біздің алға қойған мақсатымыз – білім ордасын сапалы маманмен қамтамасыз ету. Академия қабырғасында білім алып жүрген тыңдаушыларды патриотизм мен отансүйгіштікке баулу, сапалы білім беру. Мемлекет қаржыландырып отырған соң әр тыңдаушыдан үлкен жауапкершілік пен тәртіп талап етіледі «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп даңқты батыр, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай, оқу орыны өз тыңдаушыларынан ғана емес қызметкерлерінен де тәртіпті талап етеді.

Академияда ел егемендігінің жиырма бір жылдығын атап өту апталығы жалғасуда. Салтанатты шарада ұзақ жылдар оқытушы болып қызмет атқарып, жас ұрпақ тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып жүрген профессорлық-оқытушы құрам мен жеке құрам қызметкерлері, осы салада еңбек етіп жүрген ерікті жалданушылар Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі мен академияның марапаттарына ие болды.

Білім ордасында болашақта да сауатты маман мен өз ісіне адал әрі мығым қызметкер дайындау жолында әлі де талай қызметтер атқарылады. Абырой мен қызметіне басты мән беретін тұлға тәрбиелеу қай ұстаздың болмасын арманы. Қазақстандай мемлекетте тұрып, тегін білім алып, болашақтағы қызметін де мемлекеттің игілігі үшін атқаратын мүмкіндік екінің біріне берілмеген бақыт. Егемен елдің еркін ұрпағы қай салада болмасын таңдауды өзі жасайды. Бұған біздің Конституция мол мүмкіншілік берген. Қазақстанның тәуелсіздігі – бүгінгі барлық мүмкіндіктің бастаушысы. Елімізге қызмет етуден танбай, артымызда ісімізді жалғастырар ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарау біздің, аға буынның парызы. Өзімізге қамқор, өзгеге айбар болайық.

Талғат Асқарұлы Кулибаев,

ҚР ІІМ Алматы академиясының бастығы, заң ғылымдарының докторы, полиция генерал-майоры

Серіктес жаңалықтары