Антқа адалдық

Антқа адалдық

Антқа адалдық
ашық дереккөзі
188

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Алматыда қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза болған полицейдің отбасына жаңа пәтердің кілті тапсырылған болатын. Отан алдындағы міндетін адал орындаған өз ісінің маманы Рашид Әбішевтің ерлігі елеусіз қалған жоқ.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов полиция лейтенанты Ришад Әбішевтің отбасына екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Енді Айжан Әбішева екі кішкене қызымен «Алғабас» мөлтек ауданындағы жаңа үйден жалпы көлемі 67 шаршы метр екі бөлмелі кең пәтерде тұратын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы ішкі істер департаменті қабылдау-тарату орнының инспекторы, полиция лейтенанты Ришад Әбішев 2010 жылғы 26 желтоқсанда өзі тұратын үйдің ауласында бір топ бұзақылардың қылмыстық әрекеттерін тоқтату кезінде ауыр жарақаттар алған еді. Полиция қызметкерінің қылмыстық әрекеттерді тоқтату жөніндегі талабына бағынбаған пышақпен қаруланған басбұзарлар тәртіп сақшысына тап береді. Көптігін көрсеткен бұзақылар Ришадтың денесіне пышақпен көптеген жарақаттар салады. Бір ай өмір мен өлімнің арасында болған лейтенант Әбішев 2011 жылғы 26 қаңтарда қаладағы ауруханалардың біріндегі жан сақтау бөлімінде жан тәсілім етті. Жас лейтенанттың ерлігі елеусіз қалған жоқ. 2011 жылғы 7 мамырда – Отан қорғаушылар күніне орай полиция лейтенанты Ришад Әбішев қаза болғаннан кейін, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қылмыс жасаушылықпен күрестегі ерлігі мен батылдығы үшін 2-дәрежедегі «Айбын» орденімен марапатталды. Ерлігі мен батылдығы талай қазақ баласын, құқық қорғау қызметкерлері мен отан қорғаушыларға үлгі-өнеге, тәрбие болды.

«Жұбайым қаза болғаннан кейін біз өз қасіретімізбен жалғыз қалдық деп айта алмаймын. Трагедияның алғашқы минуттарынан бастап бізге ІІД-нің басшылығы мен Ришадтың әріптестері қолдау көрсетіп, қиын сәттерде қасымыздан табылды. Бұдан тыс, біз қала әкімі Ахметжан Есімовтің қолдауын жақсы сезіндік, ол кісі бізге баға жетпес көмек көрсетті, өзімнің және отбасымның атынан оған шексіз алғысымды білдіремін. Маған көрсетілген көмек қызметтік міндеттерін орындау барысында барлық қаза болғандардың аналары мен жұбайларына көрсетілген қолдау, құрмет деп білемін!», – дейді шынайы алғысын білдірген Айжан Әбішева. Жұбайы қаза болғаннан кейін Айжан Ришадтың ісін жалғастыруға бел буды. Сөйтіп, ол тәртіп сақшыларының қатарына қосылған болатын.

Бүгінде Айжан – Алатау ауданы Ішкі істер басқармасының жасөспірімдер жөніндегі мектеп инспекторы. Лейтенант Әбішева білім беру мекемелеріндегі қоғамдық тәртіпті күзетеді, жас жеткіншектерді тайғақ жолға түсірмеу жолында еңбек етуде. Болашағынан үлкен үміт күттірген, аларынан берері мол жас полицей азаматтардың конституциялық құқықтарын және қауіпсіздігін қорғау жолында ерінбей еңбек етуге, қылмыс жасаушылыққа қарсы күресуге, сөйтіп, осы жолда қабылдаған антына адалдық танытуға дайын.

Қайрат Матреков

Серіктес жаңалықтары