Тәуелсіздік күні тойлануда

Тәуелсіздік күні тойлануда

Тәуелсіздік күні тойлануда
ашық дереккөзі
199

Жастар – біздің болашағымыз. Олардың келешегінің кемелді болуына аға ұрпақ сүйеу болып жатса, бұл үлкен сауапты іс. Соның ішінде өнер жолын таңдаған жастардың биік белестерден көрінуіне ықпал ететін байқаулар өткізуде азаматтық танытып жүрген жандар аз емес. Осындай бір игі шараны үстіміздегі жылғы 10 желтоқсанда Алматыда жасөспірімдерге арналған әскери-патриоттық «Қазақстан патриоты» журналы мен Қазақ мемлекеттік Жамбыл атындағы филармониясы бірлесіп, «Тәуелсіздікке – тарту» атты өнер фестивалін өткізді.

Жас ұрпақтың бойына отаншылдық сезімін қалыптастырып, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында өткізілген іс-шараға бірқатар республикалық байқауларда жүлде алып жүрген жасөспірімдер қатысты. Жамбыл атамыздың атындағы қара шаңырақтың киелі сахнасы бір күн бойы әуезді ән, күмбір күй мен қимылы келіскен кербез биге тербелді.

Байқауға 4-10 сынып аралығындағы 30-ға жуық таңдаулы өнерпаз бен бишілер ұжымдары қатысты. Ел егемендігінің 21 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған өнер фестивалі «Тәуелсіздік күні» мерекесіне жасалған тамаша тарту болды деуге болады.

Өнерпаздардың бәрі осал емес. Сен тұр, мен айтайын дегендей, жігерлі жастардың әнді, биді, күйді жан-тәнімен беріле орындағандары ерекше сүйсінтіп, кешке жиналған қалың көрерменді бір серпілтіп тастады. Бір-бірінен оза шапқан өнерпаздардың ішінен хас талантты анықтау қырағы қазылар алқасына жүктелді. Оның құрамында Қазақ мемлекеттік Жамбыл атындағы филармония директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мұқтар Жамашұлы Өтеуов, күйші, өнер зерттеушісі, ҚР Мәдениет қайраткері «Көкіл» мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергенов, опера солисі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Гүлзат Дәуірбаева, Мәдениет қайраткері Шатырхан Керімбек, Республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері Марат Байділдәұлы Тоқашбаев және «Қазақстан патриоты» журналының бас редакторы Раушан Каршалова болды.

Сайыс қорытындысы бойынша Абзал Жаңабай үздік деп танылып, байқаудың «Гран-При» жүлдесіне ие болды. Ал, бірінші орын Сымбат Көшкінбаеваға бұйырды. Екі екінші орынды – Шолпан Файзолла мен Рауан Базарбай алды. Және де Айдана Алайдарова, Ақбота Үйсінбекова, Сая Иса үшінші орын иегерлері атанды. Бұдан өзге филармония тарапынан тағайындалған жүлдеге Ислам Сәрсенбек, Мәди Дәулетхан, Әркен Нұрхан қол жеткізді. «Қазақстан патриоты» журналының арнайы жүлдесін Темірлан Ерзатұлы мен Данияр Жандарбек қанжығасына байлады.

2008 жылдан бері тұрақты шығып келе жатқан республикалық әскери-патриоттық «Қазақстан патриоты» журналы бүгінде жас жеткіншектеріміздің сүйікті басылымына айналды. Таралымы жылдан-жылға көбейе түсуде. Журнал мектептермен, колледждермен, әскери бөлімдермен, патриотшыл ұйымдармен тығыз жұмыс істейді.

Ерлан БАПАНОВ

Серіктес жаңалықтары