Жас ғалымдар бір серпіліп қалды
Жас ғалымдар бір серпіліп қалды
Еліміздің бас мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ғылым қызметкерлері мен жас ғалымдарға ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік стипендиялар тағайындады.
Республикалық конкурстық комиссия ғылым саласындағы 2012 жылдың сыйлықтары бойынша конкурстың және мемлекеттік ғылыми стипендиялардың қорытындысын шығарды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өткен конкурстық комиссия жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаттары, ғылыми қауымдастыққа танымал ғалымдармен жетекші сарапшылар қатысты.
Ғылыми секциялардың қорытындылары мен мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы бағалау негізінде құпия дауыс беру арқылы теориялық және тәжірибелік маңызы бар, терең ғылыми мазмұндылығы әрі жаңашылдығымен ерекшеленетін 5 жұмыс үздік деп танылды. Қ.И.Сәтпаев атындағы жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеулер үшін сыйлық «Бірегейфитопрепараттар. Зерттеу, инновациялық технологияларды қолдану және олардың өндірісін ұйымдастыру» тақырыбына арналған ғылыми жұмыстардың циклы «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» акционерлік қоғамының мына құрамдағы: стероидты қосылыстар химиясы зертханасының меңгерушісі Бораш Төлеуов, Фитопрепараттар өндірісі және маркетингі бөлімінің меңгерушісі Евгений Толоконников, терпеноидтар химиясы зертханасының бас ғылыми қызметкері Ивасенко Светлана Александровна, эксперименттік және клиникалық фармакология зертханасының меңгерушісі Шульгау Зарина Тоқтамысқызы, бақылау-анализдік жұмыстар және фитопрепараттарды стандарттау зертханасының меңгерушісі Гауһар Хамитқызы Төлеуова авторлар ұжымына берілді.
Ш.Уәлиханов атындағы гуманитарлық ғылымдары саласындағы үздік ғылыми жетістіктері үшін сыйлық «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым» жұмысы үшін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанұлы Қалижановқа берілді. Ы.Алтынсарин атындағы педагогика саласындағы үздік ғылыми зерттеулер үшін сыйлық «Алаш қайраткерлерінің педагогикалық-психологиялық мұралары негізінде ұлттық тұлға қалыптастыру» жұмысы үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Тұрсынай Рыстайқызы Әбдіқадыроваға берілді.
Д.А.Қонаев атындағы жаратылыстану ғылымдары саласындағы жас ғалымдардың үздік жұмыстары үшін сыйлық ақпараттық процестерді талдау және модельдеу зертханасының меңгерушісі Рұстам Рафикұлы Мұсабаевқа, жетекші ғылыми қызметкері Бейбіт Әмірғалиевқа, ғылыми қызметкер Гүлшат Әмірхановаға, инженер Тимур Мұсабаевқа берілді.
М.О.Әуезов атындағы гуманитарлық ғылымдары саласындағы жас ғалымдардың үздік жұмыстары үшін сыйлық «Тілтанымның бүгінгі бағыттары және Жұбановтану проблемалары» жұмысы үшін С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің Ғылым және ЖОО кейінгі білім бөлімінің меңгерушісі Сұлтан Исаұлына берілді.
Конкурстық комиссия сондай-ақ 2012 жыл үшін тюркология саласындағы жетістіктер үшін Күлтегін атындағы сыйлық конкурстық комиссияның сарапшы тобының қорытындысы негізінде 75 мемлекеттік ғылыми стипендия, оның ішінде жас ғалымдар үшін 50 стипендия тағайындалды.
Бұл стипендиялар отандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерін қолдау және жас ғалымдардың ғылыми қызметтерін ынталандыру үшін тағайындалған.
Мемлекеттік сыйлық биология, медицина, ветеринария, ауыл шаруашылығы, экология, геология, металлургия және мұнай газ ісі, тарих, археология және мәдениеттану, педагогика және психология, техника, энергетика, машина жасау, құрылыс, архитектура, физика, математика және информатика, филология, өнертану, журналистика, философия, саясаттану, дінтану, әлеуметтану, экономика, химия ғылымдары салалары бойынша тағайындалады.
Динара Дүрмән