1188
«Алаш туы астында...»
«Алаш туы астында...»
Мемлекет басшысы өзінің бір сөзінде: «Алаштың басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғырту, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді. Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті… Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді, Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады», – деген еді.
Алаш идеясын ту етіп көтеру – бүгінгі барша қазаққа асыл парыз. Оның үстіне, биыл Алашорда қозғалысының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Осы орайда, еліміздің басты қалаларында Алаш идеясын негіз еткен ғылыми-практикалық конференциялардың өтуі де, азаттықты көксеген Алаш қайраткерлерін тағы бір ұлықтаудың нақты көрінісіне айналып отыр.
Алаш арыстары ұлттың азаттығы үшін күресті. Алаш арыстары ұлттың тәуелсіздік жолында өздерін құрбан етті. Қазақтың мемлекет ретінде батыл қадам жасауына қызмет етті. Мемлекетшілдікті ту етті. Ал Шымкент қаласында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өткен «Алаш туы астында: Алашорда, Желтоқсан, Тәуелсіздік» атты ғылыми-практикалық конференция еліміздің Тәуелсіздігіне, Алашорданың 95 жылдығына арналды. Конференцияға алаштанушы ғалымдарымыз бен белгілі саясаттанушылар, Алаш арыстарының ұрпақтары қатысты. Атап айтар болсақ, олардың арасында белгілі ғалым Мәмбет Қойгелді, жазушы Бейбіт Қойшыбаев, Нұрлан Дулатбеков, Ерлан Қарин, Айдос Сарым және т.б. елімізге белгілі ғалымдарымыз бар. Конференцияның 13 желтоқсанда өткізілуінің де өзіндік сыры бар. Өйткені, «Сарыарқа» газетіне жариялаған мақаласында белгілі қоғам қайраткері Әлімхан Ермеков: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды», – деп жазған екен. Конференцияның кіріспе сөзін бастаған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз қызметінің басшысы Берік Уәли: «Жалпы, желтоқсан айы қазақ үшін жақсылығы мен жамандығы, әділдігі мен қиянаты қатар өрілген ай ретінде тарихта қалатын шығар. Бұл айда Қазақ елі азаттық алды, бұл айда Алашорда үкіметі құрылды, бұл айда Елбасы ресми түрде Астана қаласында қызметін бастады. Бұл айда алаш баласы алғаш рет жалпыхалықтық сайлауда Президентін сайлады. Бұл желтоқсан айының бізге қуаныш сыйлаған сәттері. Ал өзекті өртер өкініштерге келер болсақ, бұл айда Түркістан автономиясы жарияланғанымен, оны большевиктер қанға бояды. Бұл да қазақтың тарихына тікелей қатысы бар оқиға болатын. Одан бөлек бұл айда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі болды. Дегенмен, желтоқсан айында Қазақ елінің тәуелсіздік алуы азаттық жолындағы арпалыстардың азапты күндерін ұмыттыратын оқиға», – дейді. Алашорда автономиясы қазақтың ХХ ғасырда көтерген алғашқы отауы. Ұлт азаттығын ту еткен қайраткерлер бұл жолда қыруар еңбек сіңірді. Ұлттың тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы сәтсіз аяқталса да, олардың алаш туралы идеясы әлі күнге өзінің өміршең екендігін танытып келеді. «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин: «Егер де олар Азаттық пен тәуелсіздік үшін күреспесе, өз жандарын сол Ұлы күресте құрбандыққа шалмаса, бүгінгі күн болар ма еді?! Бүгінгі егеменді, тәуелсіз, азат Қазақстан болар ма еді?! Кім біледі. Бірақ олардың өз өмірлерін қысқартып, бүгінгі күнді жақындатқаны сөзсіз. Отаршыл жүйе Алаш арыстарын өлтірмек болып, қазақтың тілін, қазақтың тарихын, қазақтың рухын, қазақтың арманын өлтірмек болды. Алайда қазақ халқы сансыз кедергілер мен қиыншылықтарды бастан кешіп, өз арманына жетті», – дейді. Саясаттанушы Ерлан Қаринның айтуынша, еліміз қол жеткізген тәуелсіздік Сырым мен Кенесары, Әлихан мен Ахмет, Жаһанша, Мұстафа мен Смағұл, Міржақып пен Мағжан, Шәкәрім мен Ақыт қажы, Оспан батыр және түрлі дәуірлерде құрбан болған барша қазақтың аңсаған арманы еді.. «Сол еркіндікке, азаттыққа деген ұмтылыс, өршіл рух кешегі талай жан беріп, жан алысқан айқастарда қазақты тәуелсіздікке бастаған болатын. Бұл рух кешегі желтоқсанда қазақ жастарын қар жастанып, мұз төсене жүріп, азуы алты қарыс Кеңес империясына қарсы шығудан да жасқандырмады. Сөйтіп, қазақтың қанындағы азаттық рухы 1991 жылы тәуелсіздік алуымызға бастап әкелді. Сондықтан, 1991 жылы иеленген Тәуелсіздігіміз ол соған дейінгі әкелеріміз бен ағаларымыздың, аталарымыз бен бабаларымыздың жанкешті күресінің нәтижесі. Тәуелсіздікті біз кездейсоқ иеленген жоқпыз. Тәуелсіздік үшін миллиондаған қазақ өмірін құрбан етті», – деді. Алаш арыстарының да басты мұраты – азат ел болу екені белгілі. Біз тәуелсіздікке оңай қол жеткізген жоқпыз. Тәуелсіздік жолында қаншама құрбандықтар болды. азаттықты аңсаған Алаш арыстарының сүйектері сандаған елді шашылып қалғаны да жасырын емес. Кеңестік империя аз ұлттардың жеке мемлекет болуын қолдаған жоқ. Сондықтан, 37 жылғы зұлмат Алаш идеясын көздеген арыстардың басын жұтты. Алаш арыстары атылды, шабылды, айдалды. Бірақ олар арман еткен тәуелсіздік идеясын түп-тамырымен жоя алған жоқ. Ол идея әрбір қазақтың бойында іштей бұлқынып жатты. Белгілі тарихшы, ғалым Мәмбет Қойгелдиев конференция барысында тың жаңалықтарды паш етті. Ол Ахмет Байтұрсынұлы мен Владимир Ильич Ленин арасындағы диалог еді. Ғалым өз баяндамасында: «А.Байтұрсынұлы хатында Орталық билік қызметіндегі кемшіліктерді көрсетіп сынаумен шектелмей, күрделі жағдайдан шығуға мүмкіндік беретін жолды да айтқан еді. Оның түсінігінде, бұл жол ескі патшалық билік тұсында қазақ ұлтының мүддесі үшін күресте біршама тәжірибе жинап, халықтың сеніміне кірген ұлттық зиялылар тобын жаңа билікке қызметке тарту еді. «…Қазақтарда елдің сеніміне ие болған зиялылар тобы бар, – деп көрсетті ол, – олардың қателесуі немесе адасуы мүмкін, ал бірақ олар өз халқын саналы түрде ешқандай да жеке бас мүддесі және пайдасы үшін сатпайды». Бұл басқаша айтқанда, социалистік революцияның жетекші және Кеңестік биліктің негізін қалаушы В.И. Лениннен ұлттардың өзін-өзі билеуі туралы мәселені декларация түрінде қалдырмай нақты шындыққа айналдыруға мүмкіндік туғызуды талап етудің өзі еді. «Яғни сөз бен істің арасындағы алшақтыққа жол бермеу – олардың тұтастығы туралы мәселенің қойылуы болатын», – деді. Тарихшы айтқан бұл пікірден тұтас алаш арыстарының тұлғалық ерекшеліктерін байқауға болады. «…Олар өз халқын саналы түрде ешқандай да жеке бас мүддесі және пайдасы үшін сатпайды». «Ең негізгісі ХХ ғасыр басында барлық азия елдерінде көрініс тапқан ұлтшылдық идеясы қазақ қоғамында өзінің табиғи сөресі ұлттық мемлекеттік құрумен аяқталған жоқ. Қазақ азаттық қозғалысын теориялық тұрғыдан негіздеп, саяси күрес сахнасына алып шыққан мемлекетшіл тұлғалар түгелдей «буржуазиялық ұлтшылдар» немесе жапон, неміс агенттері ретінде саяси репрессия құрбаны болды. Басқаша айтқанда, өмірлік негізі бар толық табиғи құбылыс қазақ ұлтшылдығы саяси қозғалыс ретінде өзінің көздеген мұраты ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту ісіне қол жеткізе алмады», – дейді ғалым Мәмбет Қойгелдиев. Қол жеткізе алмауының себебі де бар еді, кеңестік билік қазақ мемлекетін құруға мүмкіндік бермеді. Ол қазақ қайраткерлерінің алаш идеясынан қорыққаны еді. Әрі, «мұндай финалды қоғамнан жеткілікті белсенді қолдау таба алмаған қазақ азаттық қозғалысының әлсіздігі ретінде қарастыру мәселенің басқа екінші қырына яғни социалистік идеяға берілгендей сыңай танытқан большевиктік басшылықтың түптеп келгенде империялық биліктен бас тарта алмағандығына жете назар аудармағандық болар еді. Ғасыр соңында кеңестік империяның ыдырауы мұндай тұжырымға негіздің жеткілікті екендігінің айғағы» еді. Алаш арыстары мемлекеттік маңызды жұмыстармен қатар, оқулық жазды, жастардың сауатын ашуға ұмтылды. Газет шығарды, ғылыми жұмыстармен айналысты. Өздеріңіз қараңызшы, алаш қайраткерлерінің қай-қайсысын алсақ та, олардың бір ғана мемлекет құру идеясымен айналыспағанын байқайсыз. Ахмет Байтұрсыновтың қазақ әліпбиін жазуы, Әлихан Бөкейхановтың «Астрономиясы», Жүсіпбек Аймауытовтың «Психологиясы», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасы»… осының нақты дәлелі. Ғылыми-практикалық конференция барысында баяндама жасаған белгілі ғалым Амангелді Айталы Алаш идеясымен бүгінгі ұлт саясатын салыстыра отырып, баяндап берді. Амангелді мырза: «Кеңес заманында ұлттық идея, ұлттық патриотизм ұлттық астамшылыққа, ұлттық мастанушылыққа, басқаның мүддесін кемсітушілікке теңелді. Ал шындығында, М.Шоқай жазғандай, ұлтшылдық «халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді». Ұлтшылдықты бетке баса беріп, кінә таға берген соң, А.Байтұрсынұлы былай деген: «казахский национализм не имеет колонизаторского характера. Он не добивается верховенства не подчинения себе, и, если сможет и сумеет достичь, добиться равенства. Казахский национализм-нищенствуйщий национализм»», – дегенін айтты. Амангелді Айталы мырза, қазақ елі өз тәуелсіздігіне қол жеткізгенімен, рухани тәуелсіздікке қолы жетпей отырғанын айтады. Ғалымның ойынша, «отаршылдық басқару жүйесі ұлттық келісімпаздық психологиясын, құбылма, екіжүзді, тұрақсыз, ыңғайшыл адамдарды қалыптастырады. Екіжүзді, табансыз, ел мүддесін ойламайтындар, ұлт алдында жауапкершіліктен айрылған тоғышарлар, шен-шекпен қуғындар көбейе келе күш алып, қауіп-қатер туғызады. Көбімізді заман таптық интернационализм идеологиясында тәрбиеледі және оған имандай сендік», – деді. Жалтақтық, екіжүзділік жоқ деп айта аламыз ба бүгінгі қоғамда. Мұның бәрінің салдары қайда жатыр? Кеңестік империяның басты саясаты да осы болған жоқ па, яғни ұлтты азғындату… Ал Алашшыл азаматтар неден қорғанып еді?! Отаршылдық саясатының қаупін түсінген қазақ зиялылары одан қорғанудың жолын іздеген болатын. Олардың бұл іс-әрекетін түсінген кеңестік империя оларды жазалауға тырысты. Осының салдарынан алаш идеясы да, уақытша құрылған Алашорда автономиясы да кергіге түсті. Бірақ атылған, қуғындалған, жер айдалған алаш арыстарының рухын Кеңестік империя жоғалта алған жоқ. Олар бастаған Алаш идеясы араға қаншама жылдар салып, ел тәуелсіздігіне бастаған даңғыл жол болды. Бүгінде тәуелсіз елдің бастауы – Алаш автономиясында жатыр еді. Қалай десек те, Алаш идеясын бүгінгі жастарымызға насихаттай бергеніміз жөн. Жиын барысында Ерлан Қарин: «Егер Алаш қайраткерлерінің осы асыл қасиеттерін жүйелі насихаттап, олардың өмірі мен қызметін жастарға қызықты етіп жеткізе білсек, оларға ұқсауға баули білсек, Алаш идеясы ұлттық идеологияның орнын жоқтатпайтыны анық. Өкінішке қарай, бүгінде біз Алаш тағылымын жастарға, жас буынға толық жеткізе алмай отырған сияқтымыз. Алаш қозғалысына, Алашорда үкіметінің рөліне саяси баға бермек түгілі, жөні түзу тарихи баға да берілген жоқ» деген еді. Астана мен Қарағанды және Шымкент қалаларында өткізіліп отырған бұл конференциялар атаулы датаны өткізу үшін ғана жасалып отырмағанын түсінгеніміз жөн. Бұл конференцияларда айтылған ойлар, тың деректер оқулық кітаптарына енгізіліп, алаш идеясын жастарымыздың санасына сіңіре беруге бастау болары сөзсіз. Әрбір алаштықтардың да көздегені осы, яғни Тәуелсіздік. Ал бүгінгі тәуелсіз елдің ендігі басты мұраты – ұлттық идея жолында еңбек ету. Тірлік қылу. Ұлттығымызды сақтай отырып, Тәуелсіздігімізді баянды және мәңгі ету. Ал ол жолда жастарымызға отансүйгіштік пен патриотизм қажет-ақ. Патриотизмнің негізгі бастауы – Алаш идеясында жатқанын да ұмытпағанымыз абзал. Қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ар-намысы кем ұлт – өспеген ұлт» деген екен. Бүгінгі ұрпаққа қажеті де осы – ұлтты сүю, Отанын қадірлеу… Ар-намысын аяққа таптамау, сонда ғана тәуелсіз елдің келешегі зор болмақ.Гүлзина Бектасова