Ауруханада саржамбас боп неге жатамыз?

Ауруханада саржамбас боп неге жатамыз?

Ауруханада саржамбас боп неге жатамыз?
ашық дереккөзі
306

6 мыңнан астам дәрігер тапшы

Ел халқы үшін «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының шапағаты ерекше. Бүгінде «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформа жүргізу жөніндегі жобасы» «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға үлкен қолдау жасауда.

Отандық денсаулық сақтау саласын реформалаудың нақты жетістіктеріне тоқталсақ, қазір денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың прогрессивтік әдістері енгізіліп, денсаулық сақтау саласының 35 емдеу мекемесінің өкілі Финляндияда біліктілігін көтеріп қайтты. Сондай-ақ денсаулық сақтау менеджерлері үшін Ұлыбританияның ұлттық кәсіби стандарттарына негізделген жаңа біліктілік талаптары әзірленсе, денсаулық сақтау саласындағы сапа жөніндегі халықаралық қоғамдастық 2012 жылы ауруханаларды аккредиттеудің жаңартылған қазақстандық стандарттарына 2016 жылға дейін сертификат табыстады. Тағы бір маңызды жайт – дәрігерлердің біліктіліктерін тәуелсіз бағалайтын Республикалық білім және дағдылар орталығы құрылып, 6 медициналық жоғарғы оқу орны озық технологиялық оқыту симуляциялық құрылғылармен жабдықталды.

Әрине, бұл денсаулық сақтау саласына енген бірыңғай ұлттық жүйенің жемісті жүзеге асуына септігін тигізбек. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова: «Елімізде бірыңғай ұлттық жүйені енгізу жұмысы тәмамдалып келеді. Бұған сәйкес ел азаматтары денсаулық сақтау мекемесін өз еркімен таңдай алады. Бүгінде ондай мүмкіндікті науқастардың 30 пайызы пайдаланып отыр», – деп атап өтті. Әрине, бұл аздық ететіні сөзсіз.

Бүгінде шалғайдағы аудан орталықтары мен елді мекендерде білікті дәрігер жетіспейді. Ал республика бойынша 6 мыңнан астам дәрігерге зәруміз. Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісовтің айтуынша, Қазақстанда 63 мыңнан астам дәрігер және 140 мыңға таяу медбике бар. Сонымен қатар елімізде 4,1 мың маман мен 2,6 мың дәрігер жетіспейді. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне қарағанда, Қазақстанда науқастардың ауруханада болу ұзақтығы Еуропаның жетекші елдері мен АҚШ-қа қарағанда 2 есеге артық екен. «Осы ретте дәрігерлердің кәсіби біліктілігін де арттыру маңызды. Біз бүкіл есептерімізді қайта қарастыруымыз керек. Себебі бізге саннан сапаға өтетін уақыт жетті. Бұл қазіргі уақытта министрлікте қарастырылып жатқан және жақын жылдары жүзеге асатын түйткілдердің бірі», – деді вице-министр.

Ауыл емханасының жағдайы мәз емес

Қазірдің өзінде кейбір ауылдарда жедел-жәрдем көрсететін медпункттер жоқтың қасы. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан науқастар қан қысымы көтеріле қалса кімнен көмек сұрайтынын білмей, дал болады. Әуелі Алла, сосын ақ халаттылардан шипа іздеген қаншама науқас орталықтағы емханаға жеткенше жантәсілім етті десеңізші. Әрине, дәл мұндай статистикалық есеп жоқ болса да, өмір мен өлімнің арасында тұрған жан үшін минуттар мен секундтар маңызды. Сондықтан жедел-жәрдем көмегінің дер кезінде көрсетілмеуі өлімге де себепші болатыны рас.

Ауылдағы ағайынның бір мұңы – бұрын күндіз-түні қызмет көрсеткен амбулаториялық емхананы қайта тірілту. «Егер сол медпункттер жұмыс істеп тұрса, кішкентай сәбилеріміз бен қарияларымызды қалаға апарып, әбігер болмас едік», – дейтіндер көп. Ол ол ма, Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округінің емханалық амбулаториясының өзі сын көтермейді. Алып шаһар – Алматының іргесіндегі ауылда жан-жақтан, яғни ішкі және сыртқы миграцияның толқынынан ағылған халық көп. Ресми көрсеткіш бойынша, ауылдық округте 6 мың тұрғын бар. Ал оның сыртында тіркелмегені қаншама. Кезінде Үкіметтің «сырттан келген мигрант отбасыларына тегін медициналық көмек көрсетіледі» дегенін ескерсек, қазір ауылдағы қуықтай ғана емхана тұрғылықты халықтан бөлек, ешқайда тіркеуі жоқ мигрант отбасыларына да қызмет жасау­да. Айналасы кішкентай ғана бес бөлменің дәлізі де тар. Әсіресе, нәрестелі аналар мен қарттарға өте қиын. Бірі кіріп, бірі шығып жатады. Ал оларға ем-дом көрсететін дәрігер мен медбикенің өзі қысылып-қымтырылып отыр. «Шіркін, тым болмаса бізге тұрғындарды емін-еркін қабылдайтын емхана салып берсе екен. Әйтпесе, Қарасай ауданына қарасты бірнеше ауылдың халқы осында ағылады. Жағдайымыздың түрі мынау. Кейде тіпті үлгере алмай жатамыз…» деп мұңын шаққан дәрігердің кейпі әлі күнге көз алдымда.

Өзімнің алыста қалған ауылымның ешкімге керексіз болған халқына алаңдап жүргенде Алматының іргесіндегі елді мекеннің қуықтай ғана амбулаториялық емханасын көріп, таңырқағаным бар. Сонда деймін-ау, халық үшін екі қабатты емхана салуға жарамаймыз ба? 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына қыруар қаржы бөлінді. Бұл қаражат осындай мақсаттарға жұмсалмаса, өзін-өзі қалай ақтайды? Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова 2015 жылға қарай республика бойынша 350 амбулатория, фельдшерлік-акушерлік бекеттер мен емханалар салынатындығынан хабардар етті. Оның сыртында емханаларға қажетті құрал-жабдықтар сатып алу да назарда. Ал мұның шапағаты Іргелі сияқты ауылдық округтерге тие ме, жоқ па, әзірге белгісіз.

Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнар Сейітмағамбетова кейбір ауылдық емханалардың қажетті құрал-жабдықсыз қаңырап бос тұрғанын айтты. Ал болған күннің өзінде оның тілін білетін маман тапшы. «УЗИ-ға түсу үшін де ауданға жібереді. Рентгенге түсу үшін ауданға жібереді. Ең азы – қан тапсыру үшін де ауданға жібереді. Біз әр барған сайын автобусқа 2 мың, 5 мың теңге төлейміз. Барып кезекте тұрамыз, кезек келмеген күні біреудің үйінде жатуымыз керек. Әуре-сарсаңға түсіп жүрміз. Бүйткенше, өле қалғанымыз артық дейді. Мен ауыл халқының айтқанын айтып отырмын», – деді ол. Алайда, бұған вице-министр Ерік Байжүнісовтің берген жауабы қызық болды. «Ол жерде бір-ақ дәрігер бар. Оны былай тартсаң да, бір дәрігер, олай тартсаң да, бір дәрігер. Алып баратын қондырғыға бір-екі адамды дайындап қоймаса, ол қондырғыдан түк пайда болмайды. Ал ауылдық жерге апарған дәрігерді біз оқытып, қажетті баспанасын беріп, жағдайын жасамасақ, ол жақта тұрмайды. Институтты бітірген ешкімнің баласы «Ойбай, ауылға барамын» деп жүгіріп жатқан жоқ», – деді. Сонда Елбасының 2009 жылдан бері ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту мақсатында қабылдаған «Дип­ломмен ауылға» бағдарламасы нәтижесіз болғаны ма? Бұл бағдарлама аясында түрлі мамандықтар бойынша елімізден 16 мыңнан астам жас мамандар ауылға аттанған көрінеді. Үш жылдың аясында барған мамандардың 78 пайызы ұстаздар, 19 пайызы денсаулық саласы, 516 маман әлеумет, мәдениет және спорт салаларына тартылыпты. Жас мамандардың құлшынысы алғашқы жылдармен салыстырғанда 2,7 пайызға өскен. Бұл ресми көрсеткіш. Бірақ та Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісовтің пікіріне қарағанда, ауылды жерлерге сол 19 пайыз дәрігерлер мен медбикелер де бармағанға ұқсайды. Мұны қалай түсінуге болады?

Елімізде бұған дейін «Салауатты Қазақстан» бағдарламасы межесіне жеткен болатын. «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында да біраз аурухананың бой көтергені белгілі. Ал былтырдан бері күшіне енген 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы денсаулық сақтау саласындағы қордаланып қалған мәселелерді шешеді деген сенім бар. Алайда, шалғайда жатқан бұйығы ауыл халқының денсаулығын қалай жақсартамыз? Ауруханалар мен емханаларға деген сұранысты қашан қанағаттандыра аламыз? Бүгінгі денсаулық сақтау саласының алдындағы басты мәселе осы. Мұны шешу тек бағдарлама қабылдаумен ғана шектелмейтінін өмірдің өзі көрсетіп отырған сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары