«Бәйтерекшіл» боп кеткендейміз...

«Бәйтерекшіл» боп кеткендейміз...

«Бәйтерекшіл» боп кеткендейміз...
ашық дереккөзі
250

Бәйтерек десе елең етпейтін қазақ жоқ бүгінде. Алты алаштың орталығына айнала бастаған Астананың төріндегі елдігіміздің қазығы іспетті Бәйтерек монументі тәуелсіз Қазақстанның ажырамас символикасына айналып үлгерді. Шетелдіктердің де алдымен ауыздарына ілігетіні осы – Бәйтерек. Десек те соңғы кездері тым «бәйтерекшіл» боп кеттік.

Елбасының асқақ арманынан туған осы бір көзайым туындының көшірмесін жасап, ауыл-ауылдың іргесіне, ортасына бейберекет орнатып, тойханадан бастап, көшелерге, кафелерге, алаңдарға, тіпті кішігірім дүкендерге дейін «Бәйтерек» атауын беру сәнге айналып барады. Осылайша кейбіреулер асыл дүниемізді асыра мадақтап, сонысы арқылы біреулердің алдында жақсы көрініп, ұпай жинап қалғысы келетіндей көрінеді де тұрады. Бәйтеректі қызғанып жатқанымыз жоқ әрине, айтпағымыз елдің рухын көрсететін осындай дүниелердің аласа, ұсқынсыз көшірмелерін көбейтуге неге құмбылмыз? Көбейте-көбейте, бір күні мәнін де сәнін де қашырып алмаймыз ба?

Бәйтерекпен қатар Астана атауы да осы күнгі сәнді атаулардың көш басында тұр. Астана рестораны, Астана кафесі, Астана алаңы, Астана түнгі клубы… Осылайша кете береді, кете береді. Кез келген қалаға не ауылға барсаңыз Бәйтерек не Астана деп аталатын бір нысанды міндетті түрде көресіз. Рас, өзіміз өз, көйлегіміз бөз болып, ешкімнен рұқсат сұрамай, қалауымызбен алып Астана тұрғыздық. Қалай мақтансақ та жарасады. Бірақ мақтанғанның жөні осы деп қаладан бастап қыстаққа дейін Астана мен Бәйтерек атауын тықпалай берсек, шеттен келген біреу немесе кейінгі толқын балалар Қазақстанда осы екеуінен басқа атау құрып қалған ба деп таңырқамасына, мазақ қылмасына кім кепіл? Неге осы «әсіре» мінезге түсіп, айыға алмай қала береміз?

Жаздыгүні Шымкенттің қақ ортасынан «Астана» деген атаумен даңғыл ашылған болатын. Баспасөз құралдары «енді Шымкенттің өз Астанасы бар» деп шуласып жатты. Жергілікті биліктің жалаулатып, алаулатып қойған аты. Астана атауын соңғы кездері тым жиі ести бергеннен кейін бұған онша мән бермедік. Әкімдіктің, биліктің Елбасыға, Үкіметке кезекті бір құрмет көрсеткісі келген мінезі шығар дестік. Сөйтіп жүргенде облысқа қарасты басқа да жерлерде осы секілді нысандар ашылып жатқанын естідік.

Таяуда ғана Арыс қаласындағы Б.Момышұлы атындағы мектептің маңына Бәйтеректің 6 метрлік көшірмесі орнатылыпты. Бәйтерекке сырттай ұқсайтыны болмаса, екінің бірі жасай салатын кәдімгі ел ауызындағы «чупа-чупстің» нақ өзі. Ол ол ма мектептің бітіруші түлектері өздерінен кейінгі іні-қарындастарына естелік болсын деп мектеп жанынан «Астана» алаңын ашуға мұрындық болыпты. Бәйтеректі алаңға орнатып берген де осы түлектер көрінеді, анығын айтқанда ата-аналардың ақшасына жасалған. Бұл жерде де жергілікті атқамінерлердің қатысуынсыз шешім қабылдана қоймаған шығар. Себебі мектеп жекеменшіктің нысаны емес. Бір шетінен «сәнге» айналған атауды пайдаланғанда тұрған не бар деп, қызды-қыздымен егіз ұғымды бірдей қоя салған.

Бұған да мақұл, таяуда тағы бір осындай «бәйтерекшілдіктің» куәсі болдық. Негізгі бөлігін өзбек ұлты құрайтын Сайрам ауданының орталығы Ақсукент маңында, жол бойында тұрған тағы бір бәйтеректі көзіміз шалды. Қызық көріп жақындасақ, қасында кәдімгі балық пісіретін дәмхана бар екен. Жайғасып отырып, даяшыны сөзге тарттық. Ананы-мынаны сұрадық. Сөйтсек дәмхананың егесі өзбек екен. Қазақтарды, қазақтың тарихын қатты сыйлайтын «патриот» жан болса керек. Жұрттың бәрі Бәйтерек орнатып жатқан соң бұлар да «модадан» қалғысы келмей, орната қойыпты. Оның үстіне елге етене таныс бейне. Бірақ бір әттеген-айы, Бәйтеректің мұндағы көшірмесі ит пен құстың қыдырған, мал аунаған орынға айнала бастапты. Жан-жағы тола қоқыс. Әспеттейміз, атын шығарамыз, тегін жарнама ғой деп жүргенде Бәйтерегіміз осылайша мал-құстың тезегіне көміліп кетіпті.

Өз басым Мәскеудегі Қызыл алаңның, Бейжіңдегі Иператор сарайының, Нью-Йорктегі Тәуелсіздік статуясының, Париждегі Эйфель мұнарасының, Рио-де-Жанейродағы Иса мүсінінің көшірмесі сол елдердің басқа қалаларында да бар екен, орнатылып жатыр екен дегенді естімеппін. Барлығы да тұрған жерінде тұр. Себебі мұндай дүниелер қайта жасалынбайды. Теңдесі жоқ. Оның орыны да, мәні де ерек. Асқақ. Ал бізде ше?

Біз өзі науқаншыл халықпыз. Абыздың ау­зынан шыққан сөзді құлаққа жетер жетпес қағып ала қойып, ұрандата, жалаулата жөнелеміз. Әйтпесе Астана мен Бәйтерек атауын Атыраудан Алтайға дейінгі қазақтың бәрі біледі. Бәріне таныс есім. Көшірмесін көбейтпесек ұмытып қалатындай көрсоқыр не кереңге айнала қойған жоқпыз, әзірге. Санамалап, тізбектеп жату артық болар, әсілінде барымызды, асыл дүниемізді көпке көрсетудің, білмегендерге таныстырудың жолы көп-ақ. Дүрмекке үн қосып, жер-жерлерге Астана мен Бәйтеректің атын тықпалап, онсыз да құлақтың құрышын қандырып жүрген атаулармен елдің ығырын шығарып, халықты мезі ете беру ұнамсыз тірлік, біле білсек. Үлкен кісінің назарына қалай іліксем екен деп жұрттың бәрі жасап жатқан «Бәйтеректің» көшірмесіне ұрыну, оны тобырдың ішінен көрсетпей қояры сөзсіз. Себебі елде «Бәйтерек» деп аталатын көшірме монументтер өте көп. Сондықтан да айтпағымыз онсыз да өзінің алатын жоғары бағасын алып, елдің ыстық ықыласына бөленген, Астанамен астарласып, егіз ұғымға айналған ғажайып туындымыз Бәйтеректі насихаттаймыз деп негізсіз, жарасымсыз, сүйкімсіз, аласа, қортық етіп, көрінген жерге орната бергенді доғарсақ. Онсыз да бұл екеуіне деген иісі қазақтың, алаштың сүйіспеншілігін, құрметін берісі жұрттың бәрі білетіні, сезетіні анық.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары