Ел бірлігі – ең асыл қасиет

Ел бірлігі – ең асыл қасиет

Ел бірлігі – ең асыл қасиет
ашық дереккөзі
773

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын зор ынтамен тыңдадық. Бүгіннің биігінен қарап, өткен уақыт пен жаңа кезеңді салыстыра саралап, Қазақстанның келешек өзіндік даму үлгісін мақсат тұтқан, көрегендік пен кемеңгерліктің, парасатты ой мен кемел шығармашылық ізденістің жемісі болып табылатын жаңартпалы жаңа стратегиялық бағдарламаны жүрекпен түйсініп қабылдамау мүмкін емес.

Ел өмірін 2050 жылға дейін өркендетудің жан-жақты жолдарын қамтыған бағдарлама жиыны жеті бағыттан тұрады. Олар: экономикалық саясат, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік қамтамасыз ету, білімді өркендетіп, мемлекеттілік пен демократияны дамыту және сыртқы саясат пен қауіпсіздікті нығайтып, елдегі патриотизмді күшейту.

Бұлардың бәрі бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері. Елбасының тұжырымы бойынша осылардың бәрін негізге ала отырып, Қазақстан өз дамуының 2050 жылға дейінгі бағыт-бағдарын нақты айқындауы тиіс.

Әрине, Елбасы ұсынған өркендеудің бар бағыты да аса маңызды. Оның ішінде төртінші бағыт біздер, жоғары оқу орнының оқытушылары үшін басты міндет болып табылады. Ол – жоғары білімді ұлт қалыптастыру қажеттігі. Бұл бағытта білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаздар мен жаңа талап жастарға артылар міндет мол. Осыдан барып жетінші міндет қазақстандық патриотизмді нығайту міндеті туындайды. Өйткені қашанда білім мен тәрбие егіз. Ал тәрбие негізі отанды сүюге баулу болып табылады.

Бағдарламада Елбасы бүгінгі күннің ең бір ділгір мәселесі ел бірлігі мен тілге баса назар аударды. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл тарих заңы. Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең бас­ты мәселесі. Ел бірлігі – ең асыл қасиет», – деген Елбасы тұжырымы Отанын сүйген әр азаматтың жүрегінен орын тебуі керек. «Тілге деген көзқарас – шындап келгенде елге деген көзқарас. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде біз елімізді Қазақ мемлекеті деп айтатын боламыз», – деп Президент ел бірлігінің басты басты белгісі – қазақ тілі екенін қадап айтты.

Елбасы сөз соңында: «Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын. Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық. Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», – деп келешектің кемелдігіне нық сенімін білдірді.

Еліміздің алдында тұрған ертеңгі ұлы міндеттер мен ұлы жеңістер бағытын айқындап берген Елбасы бағдарламасының 2050 жылға қадам басқан Қазақстанның жарқын бағдарына айналарына біз сенеміз.

Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары