ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ — ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ — ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ — ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ
ашық дереккөзі
2566

Елбасы халыққа Жолдауында: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. 2025 жылға қарай Қазақстан азаматтарының 95 пайызы қазақша білуі тиіс» деп ашық айтты. Яғни қазақ тілін білу – Қазақстан азаматтарының міндеті әрі азаматтық борышы.

Кез келген ұлттың жанды жері – тілі. Кез келген мемлекеттің саясаты сол мемлекетті құраушы ұлттың тарихына, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына сай түзіледі. Тіл мемлекеттік мәртебесіндегі тұғырында мызғымағанда ғана ұлттың айбыны асқақтай бермек. Бабадан балаға мирас болатын ұлттық дәстүр, салт, тіл, діл мен дін, ұлтын шексіз сүю сияқты қасиеттер Ананың сүті арқылы бала бойына дариды. Осы орайда, Елбасы халыққа Жолдауында: «Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет», – деді. Осылайша, тіл мәселесіне баса назар аударған ол мемлекеттік тілдің ұстанымын нығайту үшін мемлекет тарапынан бірқатар шаралар атқарып жатқанына, қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керектігіне тоқталды: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн».Өкінішке қарай, кейде барлық сөзді қазақ тіліне аударамыз деп шала бүлінетін кей ағайын халықаралық терминдерді қазақ­ша­лаймын деп тыраштанып, оның соңы күлкіге айналып жатады. Президент осы түйткілді де қоз­ғады: «Бүкіл әлемде бірдей қа­был­данған терминдер бар. Олар кез­ келген тілді байытады. Біз өмір­ді өзіміз күрделендіре түсеміз, түсінбестікке бой алдырып, ақыл-ойды сапырылыстырамыз, көнерген сөздердің шырмауынан шықпаймыз. Мұндай мысалдар аз емес. Мен қазіргі тілде жазыл­ған кемінде жүздеген кітап­тардың тізімін жасап, қазақ тіліне қазіргіше аударуды ұсынамын. Бәлкім, жастар арасында конкурс жариялау керек шығар: өздеріне не нәрсе қызықты әрі пайдалы екенін олар да айтсын».Қазақстанның мемлекеттік тілін меңгеру, оны жетік білу – Қазақстан азаматтарының міндеті, азаматтық борышы. Неге екені белгісіз, Тәуелсіздік алғалы 21 жыл өтсе де, кеңестік империяның ұрдажық саясатының ықпалынан арылсақ та, құлдық санадан арыла алмай жүрген қандастар мен отандастар бар. Ана тілді білудің орнына, қазақ тілін меңгеруді өзгелерге насихаттаудың орнына олар тіпті мемлекеттік тілде сөйлегісі келмейтіндерін ашық мәлімдеуден де тартынбайды. Қазақстан – осы елде өмір сүретін барлық ұлт пен ұлыс өкілдеріне ортақ Отан. Демек, мемлекеттік тілді үйрену мәселесі білмейтін отандастар үшін өзекті болуы тиіс. Оның үстіне, Н.Назарбаев 2025 жылға қарай Қазақстан азаматтарының 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі керек деді: «Қазақ тілін дамыту саясаты одан жерінуге, тіпті қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше, тіл Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Бұл үшін тіл саясатын сауатты және дәйекті, қазақстандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасамай жүргізу керек. Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер. Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған».Елбасының айтуынша, қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз. Ең бастысы, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі».Осыдан 21 жыл бұрын, яғни, Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары еліміздегі қазақтар саны 6,8 миллион немесе 41 пайыз болса, қазір 11 миллионға жетіп, 65 пайыздан асты. Сандық көрсеткіштерге шақсақ, қазақтың саны 4 миллионға артқан. Бұл орайда Елбасы «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс» деген көкейге қонымды уәжі мемлекеттік тілге шорқақ шенеуніктерге сабақ болса, игі. Әйтпесе, «Қазақша білесіз бе?» деген сұрақ қойылса шамданып, шамырқанып шыға келетін шенеуніктер көп. Үкіметтегі, Парламенттегі баяндамаларын қағазға жазып алып, оның өзін қатемен және құлаққа түрпідей тиетін акцентпен оқығанын қанағат тұтып жүргендер туралы әңгіме бір басқа. Сонымен қатар мемлекеттік органдар, әсіресе, Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне т.б. министрліктерге қарайтын құзырлы органдар мен да іс-қағаздарын жүргізу әлі күнге ресми тілде қалып отырғаны тағы бар. «Өркениеттіліктің жөні осы» деп, қит етсе, орысша шатып-бұтуға құмар қандастардың жөні бір басқа. Олар туралы Президент: «Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз», – деді.Әлбетте, бұл дегеніңіз – мемлекеттік тілді білу жауапкер­шілігі тек қазақтардың мойнына жүктеледі деген сөз емес. Президенттің «2025 жылға қарай Қазақстан азаматтарының 95 пайызы қазақша білуі тиіс» деп баса айтуы – соның айғағы: «Қазақстан – біздің қасиетті мекеніміз. Кейінгі ұрпақ осынау қастерлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз. Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі. Бұл – әлемдік үрдіс. Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты. Ендеше, тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ».Кейде кез келген әрекеттен саяси астар іздейтін, айрандай ұйыған елді іркіттей ірітуге тырысатын арампиғылды, мысықтілеулер жетерлік. Бірақ мұндай арандатушылық әрекеттерге ұрынбағанымыз жөн. Бұл туралы да Елбасы былай деді: «Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт. Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз».Ал тіл еліміздегі ұлт пен ұлысты ұйыстыратын басты қағида болуы шарт: «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек. Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек. Мемлекеттік тілмен қатар Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз».

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары