ҚОРДАЙ-ШУ ГАЗ ҚҰБЫРЫ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

ҚОРДАЙ-ШУ ГАЗ ҚҰБЫРЫ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

ҚОРДАЙ-ШУ ГАЗ ҚҰБЫРЫ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ
ашық дереккөзі
294

Индустрияландыру картасы:

Индустрияландыру бағдарламасы тек ірі өндірістік өңірлерді қамтып қоймай, шағын қалаларға, тіпті ауылдарға да аяқбасты. Сейсенбіде Үкімет индустриалды бағдарлама аясында ашылған кәсіпорындарды таныстырды. Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір химия, металлургия және көлік өндірісіндегі әлеуметтік маңызды деген жобаларды іске қосты. Жылына екінші рет ұйымдастырылған телекөпірдің бір нүктесіне қатысу мүмкіндігі туды. Республикада барлық елді мекендерге табиғи газдың тартылмағаны ақшұнақ аязда білініп-ақ қалды. Өңірлерде газдың біркелкі берілмегені халықтың тұрмыс-тіршілігіне де кері әсерін тигізген. Әсіресе отынның басқа түрлері – көмір, жанармай және сексеуіл өте қымбат. Бірақ Қазақсанда 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Елбасының тікелей тапсырмасымен 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама талай жараның бетін ашып, жыртықтың бүтінделуіне септігін тигізді. 25 желтоқсанда өткен жалпыұлттық телекөпір барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жамбыл облысында «Қордай-Шу» жаңа газ құбыры ашылды. Бұл салтанатты рәсімді Алматы қаласынан барған журналистер өз көзімізбен көріп қайттық. Тікелей эфирден қосылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: Бұл қадамдар бізді бәсекеге қабілетті етеді, экономиканы көтеруге оң ықпал жасайды, халықтың әл-ауқатын көтереді. Біздің еліміз соңғы жылдары индустриялды-инновациялық дамудың жолына түсті. Бұл – уақыт талабы, өсіп-өркендеуіміздің келешегі. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жасалған ауқымды жобаларды бәріміз көрдік. Қазақстан тауарлары барлық талаптарға сай келмесе, біз ғаламдық дамуда артта қаламыз! Қазақстанда жасалған, деген сөз – нағыз сапаның, өндірістің синонимі болуы қажет.Индустрияландыру паркі жобаларының тұсаукесері бойынша Шу қаласында «Қордай-Шу» жоғары қысымды газ құбырына газ жіберіліп, Шу қаласы мен Төле би ауданының 33 мыңнан астам тұрғындары табиғи газға қол жеткізді. «ҚазТрансГаз» АҚ жылдық қуаттылығы 462 миллион текше метрлік «Қордай-Шу» жеткізуші газ құбырын мерзімінен бұрын іске қосып отыр. «Қордай» автоматтандырылған газ тарату станциясынан Шу қаласына дейін жүргізілген құбырдың ұзындығы – 106 шақырым, диаметрі – 325 мм болатын жерасты болат газ құбырының құ­рылысы 2012 жылы мамыр айында басталды. Жоспар бойынша құбыр құрылысы 2013 жылы аяқталуы тиіс болатын, бірақ бүгінге дейін «Қордай-Шу» уақытынан бұрын қолданысқа берілген бірден-бір жоба. Газ құбырын салу құны – 3,949 миллиард теңге, аталған жоба «ҚазТрансГаз» АҚ-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жобаны жүзеге асыру шеңберінде «Қордай» газ тарату станциясы алаңында қуаттылығы сағатына 80 мың текше метрлік автоматтандырылған блоктық газ тарату станциясы және Шу қаласы бас газ тарату пункті салынды. Жоба шеңберінде салынған блоктық станция блоктарды қатарластыра орналастыру және жылыту мен жарық жүйелеріндегі энергия үнемдейтін технологияларды қолдану шығындарын едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Құбыр 6 автокөлік жолы мен Шу, Ырғайты, Қалғұты және Қақпатас өзендерін кесіп өтеді. Су бөгеттері мен автокөлік жолдарының қиылысы көлденең-көлбей бұрғылау қондырғысымен жасалыпты. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ әлеуметтік маңызды жобаның құрылысын өз мойнына алып, суық түскенде әрбір үйге газ тартты. Бұл газ құбырының бас газ тарату пунктіне дейінгі газ тасымалдау қабілеті сағатына – 52 895 текше метр мөлшерінде. Егер тұтынудың ең жоғарғы көрсеткішін есепке алғанда, жылына 462 миллион текше метрді құрайды. Қажетті газ «Бұқара-Ташкент-Бішкек-Алматы» магистральдық газ құбырынан жеткізілуде. Бірақ өңірде «Амангелдігаз» компаниясы газ таратуда аймақтың 30 пайызын қамтып отырған көрінеді, салыстырмалы түрде бұл төмен көрсеткіш. Себебі облыстың өзінде 50 пайыз ғана газбен қамтылған. «ҚазТрансГазАймақ» еншілес ұйымының директоры Қайрат Шәріпбаев: «Қордай-Шу» құбырына газ әзірге Өзбекстаннан тасымалданып отыр. Бұл географиялық жағынан бізге тиімді. Оның үстіне біз жылына миллиондаған текше метр өзбек газын реэкспорттаймыз. Қазақстанның бірқатар аймақтары мен Қытайға газды өткізуді жүзеге асырамыз. Ал 2013-2014 жылдары «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГ пайдалануға берілгеннен кейін бұл құбырларға толығымен қазақстандық газ жеткізілетін болады. Шу қаласындағы газ қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін алғашқы уақытта Бұқарадан басталған магистраль ресурстары жеткілікті, – деді.Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы үкіметаралық келісімге орай жүзеге асырылып жатқан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысының жобасы еліміздің экономикасы мен энергия қауіпсіздігі үшін маңызды болып табылады. Бұл газ құбыры Орта Азия газы экспортының бағдарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Салық және транзиттік газды тасымалдаудан түскен табыс Қазақстанның байлығын еселей түсетін болады. Ендеше Қазақстан газын тасымалдайтын құбырдың іске қосылғанын оңтүстік аймақ тұрғындары асыға күтуде. Жүргізілген газ құбыры бойында орналасқан 32 елді мекендердегі 100 мыңнан астам тұрғындар қосымша газдандыруға жағдай жасалып отыр. Жамбыл облысының Шу ауданындағы 20 ауыл және Қордай ауданындағы 12 елді мекендерге газ құбырына қосылуға мүмкіндік жасалған. Бүгінде еліміздегі ұзын құбырлардың қатарына қосылған «Қордай-Шу» өңірдегі 22 коммуналдық-тұрмыстық және 10 өнеркәсіптік кәсіпорынға, 18 мектепке, 5 колледжге, 7 аурухана мен 10 балабақшаға газ жеткізіп отыр. Алматы – Шу – Алматы  

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары