СӨЗ ЖАМПОЗЫ – ЖАҺАНША...

СӨЗ ЖАМПОЗЫ – ЖАҺАНША...

СӨЗ  ЖАМПОЗЫ – ЖАҺАНША...
ашық дереккөзі
341

Биыл Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, қазақтан шыққан тұңғыш заңгерлердің бірі Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 125 жыл толды. Алаштың маңдайына сыймай кеткен арда азаматтың мерейтойына арналған шаралар жер-жерде өтуде. Жақында ғана Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ халқын біріктіруге айрықша үлес қосқан Жаһанша Досмұхамедұлының баға жетпес ерлігі мен мұрасын келешек ұрпаққа насихаттаудың үлгісін көрсеткен болатын.

Таяуда Ұлттық кітапханада «Нұр Отан» ХДП-ның Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен Жаһанша Досмұхамедовтің 125 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Алаш қайраткерлерінің қай­сы­бірінің аты аталса да, олардың тағылымды істері кісіні еріксіз толғанысқа жетелейді. Ұлттық идеяның аясында әрекет еткен олар қазақ ұлтының мемлекет болып қалыптасуы үшін басын бәйгеге тікті. Сол жолда өздерін құрбан етті. Алаш қайраткерлерінің сонау аумалы-төкпелі заманда ешбір қиындыққа қарамастан күреске белсене араласуы ұлтын, елін сүйер нағыз азаматтар екендігін анық көрсетеді. Әрине, кешегі тарих бүгінге азық. Алаш көсемдерінің әрбір батыл ерлігін, рухани мол мұрасын келешек ұрпақтың санасына сіңіру бізге сын.

Мәде­ниет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай Жаһаншаның елі үшін сіңірген еңбегінің ұшан-те­ңіз­дігіне тоқталып: «Ол қазақ халқын оқу-білімге үндеді. Тәуелді болудан құты­лу­дың төте жолы білім еке­нін ашық айтып, алғаш рет үздік оқитын балаларға стипендия та­ға­йын­дат­қызды. Негізгі маман­ды­ғы заңгер болғанымен, ағарту­шылық салада да еткен еңбектері көп-ақ. Ол өткен ғасырдың басында тұң­­­ғыш рет Тәуке ханның Жеті жар­ғы­сының құндылығын түркі жұр­тына дәлелдей білген азамат. Оның шешендігіне қатыс­ты: «Сөз­дің шешені Жаһанша, жа­зу­дың ше­­­бері Міржақып» деген сөз қалған. «Қазақ елі мем­лекеттік аппаратқа қол жеткізу керек» деген ой оның ең құнды идеясы болатын. Ол негізінен осы идеяның төңіре­гін­де еңбек етті», – деген болатын.

Шын мәнінде, Тәуелсіздік мұраты Алаш қозғалысы идеясының астарында жатты. «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру. Қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Ендігі жерде қазақты – елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланыс­ты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз”, – деген Жаһанша дербес мемлекет құру ісін барынша жедел қолға алған азаматтың бірі еді. 1918 жылы мамырда «Ойыл уәлаяты» деп аталған тұңғыш аймақтық автономияның Үкімет төрағасына сайланған Жаһанша Досмұхамедұлы премьер-министр және әскери істер министрі қызметтерін де атқарды.

Конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Светлана Смағұлованың «Ж.Досмұхамедұлының «Алаш» партиясының құқықтық тұжырымдамасын қалыптастыруы» атты тақырыпта жасаған баяндамасы көптің көңілінен шықты. Жаһанша Досмұхамедұлының өмірі мен еңбек жолына жаңаша көзқараспен қараған зерттеуші-ғалым: «1917-1918 жылдары қазақ даласының барлық облысында қазақ съездері өтті. Соның бірі – Орал қаласында өткен құрылтайда Жаһанша Алаш қайраткері ретінде төрағалыққа бірауыздан сайланды. Ол алғаш рет жер, тіл, дінмен қатар 23 мәселені көтеріп, оны шешудің жолдарын қарастыруға бар қажыр-қайратын салған. Халықтың көкейіндегі мәселені дөп баса білген Алаш қайраткерінің бүкілресейлік мұсылмандық кеңеске жетекшілік жасап, дін саласындағы өзекті жайттарды қаузауы сол заманда үлкен ерлікпен пара-пар еді…», – деді тарих ғылымдарының кандидаты.

Тәуелсіз және құқықтық мемлекетті, парламентаризм мен демократияны, азаматтық қоғамды дамытуды, жеке бас еркіндігін, мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, прокуратураны, қазақ армиясы мен ұлттық милицияны, «Алаш» құқықтық концепциясын құру және мұсылман халықтарының бірігуі жөніндегі саяси идеялары мен көзқарастары – заманауи қазақстандық ұрпақ үшін үлкен ықылас тудырады. Айта кету керек, Алаш қайраткерлерінің ішінде өте аз зерттелген тұлғаның бірі – Жаһанша Досмұхамедұлы. Қазіргі күннің өзінде оған қатысты құнды тарихи құжаттар Мәскеудің, Петербордың, Омбының мұрағаттарында жатқан көрінеді. Тарихшы-ғалымдар Досмұхамедов туралы тың деректерді аша түсу үшін әлі де Ресейдің мұрағат қорларындағы жазбаларға қолдары жетпей тұрғандығын алға тартады.

АЗАТТЫҚ АЛУҒА БАСТАҒАН

300 КӨТЕРІЛІС

Қазақ елі Тәуелсіздігіне қол жеткізгелі 21 жылдан асты. Осы жылдар аралығында тарихымыздың ақтаңдақ тұстары ашылып, ұлттық құндылықтарымыз қайта жандана бастады. Бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздік халқымызға оңай келген жоқ. Ғасырлар бойы бұл жолда қаншама тер, қаншама қан төгіп, қол бастаған есіл ерлеріміз бен атқамінер жаужүрек батырларымыздың ерен ерлігі тарихымызда алтын әріптермен жазылды. Тарих тамырына бойласақ, тәуелсіздікке жету жолында 300 ден астам қазақ көтерілістері болған екен.

Осы орайда «Нұр-Отан» ХДП-ның Алматы қалалық филиалы, Алматы қаласының әкімшілігі мен ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай «Қазақ көтерілістері: әлеуметтік себептері және саяси сабақтары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Өткенімізді түгендемей болашаққа бағдар жасай алмайтынымыз белгілі. Бүгінгі азаттықтың ақ таңына жеткендегі жолымыздың айшығын айқындап, жоғымызды түгендеп, барымызды тағы бір мәрте саралауды көздеген конференцияның негізгі мақсаты осы қазақ көтерілістерінің рөлі мен маңызына баға беру және оның тек тарихын ғана айтып қоймай саяси астарына үңілу. «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов: «Қазақ жерінде талай көтеріліс болған. Олардың бірін – қозғалыс, бірін – көтеріліс, енді бірін оқиға деп жүрміз. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жолындағы көтерілістер түбегейлі зерттелді деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Олардың әрқайсысына тарихшылар тарапынан дұрыс баға берілуі керек. «Абыралы көтерілісі», «Қарқара көтерілісі», «Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс» деп жатырмыз. Бірақ алдыңғы екі көтерілісті Кенесарының 10 жылға созылған соғысымен салыстыра аламыз ба? Міне, осындай мәселелер сараланып, оларды белгілеріне қарай жіктеп, әрқайсысына өз бағасын беретін заман туған секілді. Сондай-ақ «Қазақ тарихын тәуелсіз көзқарас тұрғысынан зерттей алып жүрміз бе?», «Кеңес өкіметі тұсында қалыптасқан қалыптан шыға алдық па?» деген сауалдар да жоқ емес. Осы мәселелерді тарихшыларымыз негізге алуы тиіс. Алда атқарылатын іс көп», – десе, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қамбар Атабаев: «Өкінішке қарай, қазіргі таңда «қазаққа тәуелсіздік оңай келді, олар егемендік үшін күрескен жоқ» деген пікір айтылып жүр. Бұл – жаңсақ пікір. Қазақ халқы өзінің тарихымен мақтана алады. 260 жылдан астам уақыт өзінің бодан болғанына еш көнбеген, ұзақ жылдар бойы қаруын қолынан тастамай, ұлтының азаттығы үшін талмай күрес жүргізген бірден-бір ұлт – қазақ халқы. Сол көтерілістердің ең соңғы шешуші нүктесі – Желтоқсан көтерілісі. Түгелдей Кеңес Одағын бірден күйрете қоймағанымен, бұл көтеріліс алып держава іргесінің сөгілуіне әкеп соқты. Сондықтан жастарымыздың бұл ерлігіне жай оқиға деп қарамай, «көтеріліс» деп бағалауымыз керек. Сонда ғана оның маңызы ашыла түспек. Дәл сол секілді Кенесары Қасымұлының патшаның отарлау саясатына қарсы бас көтеруін «көтеріліс» деп бағаламай, «соғыс» деп атаған жөн. Кенесары хан 10 жыл бойы алып империямен жалғыз соғысты. Оның бұл соғысы үш жүзді қамтыды. Айта берсең осындай мәселелер көп. Сондықтан тарихтағы әрбір құбылысқа ғалымдар тарапынан шынайы әрі дұрыс баға берілуі міндетті. Елбасымыз да тарих ғылымының саласы ақсап жатқанын, тарихи білім беруге күш салу қажет екенін айтып жүр. Тарихымыздағы әрбір оқиғаны бүге-шігесіне дейін зерттеу үшін елімізде ғылыми негізде терең деректанулық талдау жұмыстарын жүргізетін орталық ашылуы тиіс. Сонда ғана байсалды зерттеу еңбектері пайда болып, мақсатқа қол жеткізуге болады», – деді.

Алашорда қайраткерлері мен қазақ даласында болған көтерілістердің алдына қойған мақсат-мұраты – Тәуелсіздікке қол жеткізіп, азаттықтың аң таңын қарсы алу еді. Алайда бодандықтың бұғауынан шыққан қасиетті күнді көру бақыты кейінгі ұрпаққа бұйырды. Тәуелсіздіктің көк байрағын мәңгі желбіретіп, тұғырынан түсірмеу біздің мойнымызда.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары