СЕГІЗІНШІ ПРЕМЬЕРДІҢ ЖҮЗ КҮНІ

СЕГІЗІНШІ ПРЕМЬЕРДІҢ ЖҮЗ КҮНІ

СЕГІЗІНШІ  ПРЕМЬЕРДІҢ  ЖҮЗ КҮНІ
ашық дереккөзі
148

Сегізінші Үкіметтің тізгінін қолға алған Серік Ахметовтің Үкімет басына келгеніне 100 күннен асыпты. Әдетте, алғашқы үш айдай уақыт лауазымды басшының кім екенін аңғартып, оның ендігі аяқ алысының қандай болмағынан хабар бермек.Қазақ Үкіметінің басында бұған дейін шаруақор менеджер де, тісқаққан саясаткер де, білгір экономист те, саннан сүт сауған тілбезер де болды. Олардың әрқайсысы Министрлер Кабинетін қал-қадірінше басқарды. ­Өзінше із қалдырды.

Әйткенмен, кеткеннің артынан топырақ шашу ойымызда жоқ. Бізге бүгінгі маңызды. Келешекке көпір салар, мемлекеттің стратегиялық даму бағытында құрған көп жоспарды жүзеге асырар іскер адам керек.

Ендеше, тізгінді қолға алған Серік Ахметов жүз күнде не тындырды? Нені үлгерді? Нені межеледі?

Осы сұрақтарға жауап іздейміз.

Жаңа премьердің өмірбаянына көз жүгіртсек, 54 жастағы Серік Нығметұлы мамандығы бойынша инженер-металлург, экономика ғылымдарының докторы. Ресейде Басқару академиясының аспирантурасын бітірген. Партиялық қызметте болған, тоқсаныншы жылдары жеке кәсіпкерлікпен де айналысқан, ал екімыңыншы жылдары мемлекеттік қызметке келген соң Теміртау қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Қарағанды облысының әкімі болған. «Атамекен» одағының басқарма төрағасы, Көлік және коммуникациялар министрі, одан соң премьер-министрдің орынбасары болып қызмет істеді.

Ал былтырғы жылдың қаңтар айынан бас­тап Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Басқаша айтқанда, қазіргі Кабинеттің мойнындағы жауапкершілік пен жоспарындағы іс-шаралар Серік Ахметовке таңсық емес. Бұған дейін де атқарып жүрген жұмысы. Серік Ахметовтің жүз күндігін тұжырымдау 2012 жылдағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылаумен тұспа-тұс келді. Өйткені Ахметов Президент жарлығымен қыркүйек айының 24-інде тағайындалған. 2013 жылдың 1 қаңтарында оның үкімет басқарғанына 100 күн толды.

Ендеше, Премьердің 100 күндігін тұжырымдаудың Үкіметтің бір жылдық жұмысын қорытындылаумен тұспа-тұс келуінде еш әбестік жоқ. Керісінше, мұндай сәтті сәйкестік кез келген Премьер-Министрдің үлесіне жазыла бермес.

Сонымен, Серік Ахметовтің үкімет басшысы ретіндегі аяқ алысын аңдап көрелік.

ЖАҢА ПРЕМЬЕР…

ЖАҢА МІНДЕТТЕР

Премьер-Министр болып тағайын­далғанынан екі күн өткен соң, Серік Ахметов жаңа Кабинеттің алғашқы отырысын өткізді. «Жұмыстың жаңа белесі басталды» деп атап айтқан Ахметов қарамағындағы шенеуніктердің барынша тыңғылықты жұмыс істеуін талап ететін мінезі барын байқатты. Бұған дейінгі команданың жұмыс тәжірибесін ескеріп, бұрынғы Кабинеттің негізгі құрамын сақтап қалса да, тың қарқын, айрықша жауапкершілікпен жұмыс істейтінін баса айтты.

Алғашқы отырыстан-ақ Серік Ахметов Үкімет мойнындағы жауапкершіліктің салмағын екшеді. «Біз әлемдік дағдарыстың қайталану қаупін жоққа шығара алмаймыз. Үкімет тұрақты макроэкономикалық жағдайды қамтамасыз етудің және эконо­миканың өсу қарқынын сақтау үшін дағдарысқа қарсы егжей-тегжейлі жоспар дайындады. Біз бұл жағдайды жіті бақылауда ұстаймыз әрі әлемдік экономикадағы кез келген қауіпке қарсы тұруға дайын боламыз» деген сөзі алдағы қызметіне кірісердегі уәдедей естілген.

Шындығында, Ахметов үкіметі тек ел аумағында емес, сыртқы экономикалық интеграциялар аясында қауырт жұмыс істеуге мәжбүр. ДСҰ-на мүше болу, Кедендік одақ аясында экономикалық байланыстарды күшейту, БЭК аясында интеграцияны жеделдету міндеті тұр. Бұдан бөлек, Президенттің «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында айтылған әлеуметтік жаңғыртуға қатысты тапсырмалар да ойдағыдай орындалуы тиіс.

Желтоқсан айының басында өткен үкіметтік отырыста Серік Ахметов Универсиада мен ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындықты барынша күшейту қажеттігін атап өтті. «Уақыт өте жылдам, көзді ашып жұмғанша қысқы студенттік ойындар мен ЭКСПО-2017 көрмесін өткізетін уақыт та келіп қалады, сондықтан дайындықты қазірден бастау керек», – деді Премьер-Министр.

ӨНДІРІС ҚАРҚЫНЫ ӨСТІ

Қазақстан соңғы жылдарда белең алған әлемдік экономикалық дағдарыс салдарынан көп зардап шеге қойған жоқ. Серік Ахметов қараша айында «Ресей-24» телеарнасына берген сұхбатында бұл саладағы еліміздің жетістігіне айрықша тоқталды. «Қазақстан осы жылдары, әсіресе 2007-2009 дағдарысты жылдарында, кәсіпкерлерді, шағын және орта бизнес өкілдерін, сондай-ақ тауар өндірушілерді мемлекеттік тұрғыда қолдауға бағытталған айтулы шараларды қолға алды. Елдің қаржылық-экономикалық саласы, яғни банктерге көмектесіп келеміз. Орта бизнес пен өнеркәсіп салалары да мемлекеттік қолдауға ие. Басқаша айтқанда, Қазақстан экономикасы мен оның қатысушылары дағдарыспен бетпе-бет қалған емес», – деді.

Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 160 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған. Ал былтырғы жылдың қаңтар-қараша айларында оның көлемі 4578 млрд. теңгеден асты. Егер 2011 жылдың көрсеткішімен салыстырсақ, онда 3 пайызға көбейген.

Бүкіләлемдік банктің «Бизнесті жүр­гізу-2012» рейтингісінде Қазақстан 183 мемлекеттің ішінде 47 орынға ие болды, бұл орайда көптеген ТМД елдерін артта қалдырды.

Қолда бар деректерге жүгінсек, былтырғы жылдың алғашқы 9 айында елдің ЖІӨ 19695,3 млрд. теңгені құраған, яғни 2011 жылдың сол кезеңдегі көрсеткішімен салыстырғанда 5,2 пайызға артық.

Жалпы, экономикадағы даму көрсет­кіштерінде ілгері жылжу бары байқалады. Өнеркәсіптік өндірісте, өңдеу саласында, табиғи қорларды игеруде, мұнай, химия, жеңіл өнеркәсіпте, машина жасау, дәрі-дәрмек өндіру салаларында айтарлықтай өсім бар.

Былтырғы жылдың 11 айында ауыл­шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 1816,5 млрд. теңгеге жеткен. Жалпы, елдің ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіру көлемі артқаны байқалады. Мысалы, ет өнімдерін өндіру 13,6 пайызға, ал сүт өнімдерін шығару 12 пайызға артқан.

Қаңтар – қазан айларында Қазақстанның сыртқы саудасы 113,6 млрд. долларды құраған. Алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда экспорттың өсімі 8 пайызды құраса, ал импорт көлемі 20 пайызға өскен.

Сыртқы сауданың көрігін қыздыруда Кедендік одақтың үлесі мол. Ресеймен және Белорусьпен арадағы тауар айналымы осы уақыт аралығындағы 20031 млн. доллардан асты.

Бүгінгі таңға дейін Индустрияландыру картасы бойынша елімізде барлығы 779 жоба жүзеге асырылған. Жалпы саны 180 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 11,2 трлн. теңге жұмсалған.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық дәлізі құрылысы әлі жалғасуда. Жезқазған мен Бейнеуді, Арқалық пен Шұбаркөлді жалғастыратын темір жол құрылысы басталып та кетті.

Бүгінгі таңдағы жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші – 5,3 пайыз.

Осы жүз күнде 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгертулер мен толықтырулар, сондай-ақ 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қабылданды.

ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДЫ ДАМЫТУ – ЕЛДІ КӨРКЕЙТУ

Серік Ахметовтің өз қызметіне білек сыбана кірісуі аймақтарды аралаумен басталғаны қуантады. Қазан айында өткен «Нұр Отан» ХДП жиналысында Премьер-Министр «Күшті аймақтар Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік жаңғыруының негізі» деп атап көрсетті.

Алғашқы үй айда Серік Ахметов Қазақ­станның бес аймағын аралап үлгерді. Қараша айында ол Оңтүстік Қазақстан облысына, Қызылорда облысына, Маңғыстау облысына, Атырау облысына, ал желтоқсан айында Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып қайтты. Әсіресе, Кентау, Жаңаөзен, Рудный сияқты моноқалаларға, Түркістан мен Байқоңыр сияқты шағын қалаларға арнайы ат басын бұруы көп нәрседен хабар береді.

Үкімет былтыр 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтитын моноқалаларды дамыту бағдарламасын қолға алды. Бұл мемлекеттік бағдарлама аясында ел аумағындағы 27 моноқала қамтылған. Жалпы саны бір жарым миллион тұрғынның тағдыры. Алдағы сегіз жылда Үкімет осы қалалардағы қарқынды шағын кәсіпорындар санын төрт есе арттырып, жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай төмендетіп (5 пайыздан аспауы тиіс), алдағы үш жылда елу инвестициялық жобаны жүзеге асыруы тиіс.

Бұл сапарлардың барысы елдің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатын ғана емес, кез келген түйткілді дер кезінде шешу, нақты міндетті мойынға алып, оны орындауға қабілетті болу қажеттігін байқатты.

Қарашаның 21-інде Серік Ахметов Маң­ғыстау облысына іссапар аясында Жаңаөзен қаласына арнайы ат басын бұрды. 2011 жылдың желтоқсан айындағы қайғылы оқи­ғадан кейін бұл аймақ атқарушы биліктің айрықша назарында екені мәлім. Мұны жаңа Премьер де атап өтті. «Жаңаөзен қаласының даму мәселелері Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ерекше бақылауында, сондықтан оларды шешуге қатысты жұмыстар әлі де жалғаса береді» деген үкімет басшысы бюджет қызметкерлері мен жас отбасыларға жаңа тұрғын үй кешенінде салынған жаңа пәтерлердің кілтін тапсырды. Ахметов осы сапар барысында «Өзенмұнайгаз» АҚ «Бұрғылау жұмыстар басқармасы» базасының мұнайшыларымен де кездесті.

Астанаға қайтып келген соң, үкімет басшысы 7 желтоқсанда Жаңаөзен қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған Үкімет отырысын өткізді. Осы отырыста баяндама жасаған Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджанов Жаңаөзендегі әлеуметтік сала, инженерлік инфрақұрылым салу, халықты жұмыспен қамту салаларында атқарылып жатқан шараларға қатысты есеп берді. Биыл жыл басынан бері бұл қалада алты мың адам жұмысқа орналастырылған.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ, ТӨРГЕ ШЫҚ!

Серік Ахметов премьер-министр болып тағайындалғаннан кейін үкіметтік отырыстар көбіне-көп мемлекеттік тілде өтіп жүр. Мұны премьер-министрдің ресми сайты арқылы тікелей тамашалап та жүрміз. Бұл туралы сол кезде «Түркістан» газеті де сүйіншілетіп жазған болатын.

Мемлекеттік тілдің 20 жылдам астам уақыт бойы өзіне лайық мәртебесіне ие бола алмай келе жатқаны бұлтартпасыз шындық. Бұған дейінгі Кабинеттер бұл мәселені талай қаузаған. Бірақ көбіне мемлекеттік тіл туралы мәселе қағаз жүзінде ғана қауқарға ие болып, ал іс жүзінде қағажу қалатын.

Мәселенің түйіні енді шешілетіндей. Серік Ахметов мемлекеттік тіл айналысында дабыра тудырған жоқ. Бірден іске көшті. Үкіметтің желтоқсан айында өткен жиыны бастан-аяқ қазақша өткізілді. Премьерден пәрмен алған министрлер де баяндаманы мемлекеттік тілде жасауға бейімделе бастады. Осылайша, қаржы министрі Болат Жәмішев, білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бұл өнегені іліп алып, жатық та шұрайлы тілмен қазақша таза сөйледі.

Сол кезден бері Серік Ахметов өз шешіміне берік екенін танытып келеді: үкіметтік отырыстар, мемлекеттік маңызы жоғары жиындар мемлекеттік тілде өткі­зіліп жүр. Ал облыс әкімдері қатысатын селекторлық жиындар қазақ және орыс тілдерінде аралас өтеді.

Мемлекеттік тіл мәселесін жалаулатпай, артық дабырлатпай-ақ іс жүзінде қолдап жүрген премьердің талабы ұзағынан сүйіндіргей лайым.

ОТАНДЫҚ ҚОР НАРЫҒЫНДА СҰРАНЫС БАСЫМ

Ахметов үкіметінің айрықша сыналар тұсы – «Халықтық IPO» бағдарламасының жүзеге асуы болмақ. Бұдан басқа мемлекеттік бағдарламалар алдыңғы Кабинеттің тұсында жүзеге асырыла басталса, «халықтық» деген айдарға ие болған бағдарламаның іске қосылғанына ай да толған жоқ. Сондықтан Серік Ахметов бастаған команданың эконо­микалық біліктілігін де, кәсіби тәжі­рибесін де көрсететін тұсы – осы.

«Халықтық IPO» бағдарламасы аясында отандық қор нарығына алғашқы болып «ҚазТрансОйл» компаниясының акциялары шығарылды. Сең бұзар компанияның аяқ алысы жаман болған жоқ. 11 желтоқсандағы мәлімет бойынша осы компанияның акцияларын сатып алуға барлығы 59,4 млрд. теңгеге тапсырыс қабылданған. Оның 37 пайызы қарапайым тұрғындар тарапынан, ал 62 пайызы жинақтаушы зейнетақы қорлары мен маркет-мейкерлер тарапынан түскен.

Басқаша айтқанда, қор нарығындағы сұраныс көлемі ұсыныстан екі есе артық екені байқалды. Бұл отандық қор нарығының келешегіне күмәнмен қарағандарға ой салуы тиіс.

Енді биылғы жылы Үкімет жоспарына сәйкес «KEGOK», «Қазмортрансфлот», «Самрұқ-Энерго», «ҚазТрансГаз» компа­нияларының акциялары сатуға шығарылады. Ел тұрғындарының салымдарын неғұрлым табысты ету үшін бұл компаниялардың бәрінің халықаралық стандарттарға сай болуы жіті қадағаланады. Қаңтар айында Үкімет «Халықтық IPO» бағдарламасының екінші сатысын талқылау үшін арнайы жиналыс өткізбек.

2020 ЖЫЛҒА КӨП ҚАЛҒАН ЖОҚ

Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған екі маңызды мемлекеттік бағдарлама бар: «Қолжетімді баспана-2020» және «Халықты жұмыспен қамту-2020». Енді бас-аяғы сегіз жылда бұл екі бағдарламаның бар кем-кетігі толықтырылып, нәтижесі қорытындылануы тиіс. Дегенмен, қазірдің өзінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де жоқ емес. Мысалы, ресми деректерге жүгінсек, былтырғы жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 6,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл әуелгі жоспардан артық.

Оның ішінде 150 мың шаршы метр жалға берілетін пәтер салынады деп жоспарланса, шын мәнінде салынған баспана көлемі 200 мың шаршы метрге жуық. Оның 30 мыңы жас отбасылар несібесіне тиесілі.

Қазан айының ортасында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар сұрағына жауап бере отырып, Премьер-Министр: «Тұңғыш рет осы бағдарлама аясында жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылды. Тұңғыш рет Қазақстан ипотекалық компаниясы рынокта осы салаға қаржы тартып, жалға берілетін үйлер салады. Енді жалға берілетін үйлер қазақстандықтар үшін үйреншікті жағдайға айналады», – деді.

Ал жұмыспен қамту бағдарламасына бүгінге дейін 100 мыңға тарта адам қатысқан екен. Оның 16 мыңнан астамы жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамту рыногындағы сұраныстың көлемі бұл бағдарламаның өзектілігін көрсетсе керек. Сондықтан бұл бағытта жаңа Кабинет тындырар шаруа әлі де шаш-етектен.

P.S.

Жаңа Үкіметтің алғашқы отырысында Серік Ахметов: «Президент бізден жұмысымыздың нәтижесін күтеді. Біз жемісті жұмыс істеуіміз керек», – деп қысқа қайырды.

Ендеше, нақты нәтижені нысана етіп, қауырт жұмыс істеуге бекінген Премьер-Министрдің қызметі жемісті болсын дейміз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары