Керегеміз сөгілмесін деп айттым...
Керегеміз сөгілмесін деп айттым...
Ұлуды шығарып салып, жыланды төрімізге оздырғалы да он күннің жүзі. Қазақ айдан аман, жылдан есен болайық деп тілек айтады осындайда. 2012 жылдың қазақ үшін оңай жыл болмағанын бәрі сараптап, жіпке тізіп жазуда. Иә, қазақ спортшылары Лондонда жеті рет қара үзіп, алтыннан алқа тағып, абыройымызды асқақтатты. Бұл біздің әлем алдындағы имиджіміз үшін үлкен жетістік. Жылды Парламент сайлауымен бастадық, Мәсімов Үкіметінің отставкаға кетуі де ұлу жылының еншісінде.
Былтыр екі рет қаралы күн жарияланып, Көк байрағымыз екі рет төмен түсірілді. Оның екеуі де – шекарашыларға қатысты. 30 мамырдағы дүйім жұртты дүр сілкіндірген – «Арқанкерген» оқиғасы мен 25 желтоқсандағы – «АН-72» шекарашылар мінген ұшағының опат болуы.
Шекара – егемен елдің басты символы. Ондағы қауіпсіздік мәселелері – мемлекет қауіпсіздігінің мәселелері. 2012 жылғы Қазақ шекарасындағы төтенше жағдайлар ұлттық қауіпсіздігімізге сын болғаны анық. Ендеше қазақ шекарасын кімдер күзетеді? Әскери техникалардың жиі апатқа ұшырауына кім кінәлі?
ШЕКАРАНЫҢ ҚОРҒАНСЫЗ
ҚАЛУЫ – ҚАУІП
«Арқанкерген» оқиғасы – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде аса маңызды және құпиясы мол оқиғаның бірі ретінде бағаланды. Қазақстан соты осы оқиғада басты күдікті ретінде ұсталған 19 жасар Владислав Челахты кінәлі деп айыптап, өмір-бақи түрмеде отыруға үкім қабылдады. Челахтың туған-туысқандары мен қорғаушысы бұл үкіммен келіспейтіндіктерін мәлімдеп, қазір Жоғарғы сотқа шағымдануда.
Бұл тұрғыдан алғанда бүкіл Қазақстан қоғамы екіге жарылды десе де болады. Бір топ 19 жасар жігіттің 15 адамды жер жастандыруы мүмкін емес деп, Челахтың кінәлі екендігіне күмәнмен қараса, екінші топ бұның бәрі қатты ашуға булыққан, жүйке жүйесі сыр берген жас жігіттің жасаған әрекеті екеніне бек сенімді. Сенімділердің басында, белгілі журналист, қазір «31 каналдың» белді тұлғасына айналған Геннадий Вендицкий тұрса, күмәнмен қараушылардың бірі – КТК телеарнасының қызметкері Артур Платонов. Журналистің негізгі міндеті болған оқиғаны бүкпесіз және ешқандай саяси тапсырыссыз оқырманына немесе көрерменіне жеткізу десек, аталған журналистердің бұл оқиғаға қатысты өз тұжырымдарын көрерменге тықпалай беруі – журналистік этикаға жат.
Біздің айтпағымыз, негізінен Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне төніп тұрған қатерлер жайында. 2012 жылы Челах сотымен қатар «Сары-бөктер» шекара заставасының бұрынғы басшысы Алексей Фоминнің де соты болды. Оған тағылған айып – 28-30 мамыр аралығында «Арқанкерген» шекара бекетінің байланысқа шықпағанына орай ешқандай шара қолданбағаны. Сөйтіп ол үш жыл бас бостандығынан айрылды. Фомин және оның туыстары да бұл айыппен келіспей отыр. Алайда, Қытай мен Қазақстан арасын бөліп тұрған шекара бекетінің үш күн бойы байланыссыз қалуына бейжай қарау – ең үлкен қылмыс болып саналуы тиіс сияқты. Өйткені бұның артында ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұр. Отан және ұлттық патриотизм мәселелері тұр. Отанды қорғау ісіндегі салғырттық еш уақытта кешірілмеуі тиіс. Әлемнің кез-келген елінде мұндайға ешқашан жол берілмейді. Ондайды пікірталасқа салуға да арланады. Егерде, бұл оқиғаның артында 19 жастағы Челах емес, шекараның арғы бетіндегілердің қатысы болса ше? Иесіз қалған шекарадан анталаған жау өтіп кетсе ше? Алайда ол қылмысы үшін үш жыл бас бостандығынан айырылған Алексей Фомин өзіне тағылған айыппен келіспейтіндігін мәлімдеген. Демек, Отан қорғау ісінде салғырттық танытқанын мойындамай отыр. Бұның өзі біздің елдегі ұлттық саяси және патриоттық тәрбиенің осалдығын танытады емес пе?!
КЕҢЕС ҰШАҚТАРЫНЫҢ ШЫРҒАЛАҢЫ
Былтырғы жылдың еншісіндегі тағы бір қаралы оқиға – үш рет әскери әуе көліктерінің апатқа ұшырауы. Былтыр 22 тамызда ҚР Қорғаныс Министрлігіне тиесілі «Ми-17» тікұшағының бортында 4 офицер опат болса, 29 қарашада «ЕуроАзияЭйр» ЖШС-іне тиесілі «Ми-8» тікұшағының қалдығы опат болған 8 экипаж мүшелерінің мүрделерімен Алматы облысының Алакөл ауданы аумағынан табылған.
Ал, қазақ туының екінші рет төмен түсірілуіне себеп болған – соңғы оқиға Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында болды. 27 бірдей боздақ әуе апатының құрбанына айналды. Ең сорақысы – аталған техникалардың барлығы кейбіреулер дәріптеп, ауыздан тастамайтын Кеңестік кезеңнің өнімдері. Айталық, «Ми-8» тікұшағы 1965 жылы пайдалануға берілген. Тікұшақты модернизациялау – 1980 жылы аяқталған. Соңғы үлгісі – «Ми-17» деп аталады. Қазір оны әлемнің 50 елі сатып алады екен. Олардың ішінде – Үндістан, Қытай, Әзірбайжан, Алжир, Аргентина, Армения, Ангола, Ауғанстан, Бангладеш, Бразилия, Белоруссия, Болгария, Босния және Герцеговина, Буркино-Фасо, Бутан, Венесуэла, Венгрия, Вьетнам, Гана, Германия, Грузия, Джибути, Замбия, Египет, Индонезия, Ирак, және Иран бар. Демек, тым ерте кезеңнен Кеңес техникасына зәру, социалистік бағытты жақтаған мемлекеттер одан әлі қол үзе қойған жоқ. Сол елу елдің санатында – Қазақстан да бар.
«Ан-72» әскери ұшағы да Кеңестік заманның туындысы. Кеңестік технологияның әлемнің озық технологияларынан көш бойы артта қалып қойғанын өзге емес, Ресейдің өзі мойындайды. Ресейде өндірілген автокөліктер мен дамыған елдерде өндірілген автокөліктердің арасы жер мен көктей екенін қарапайым халық түсінгелі қашан. Қазір көптеген мемлекеттер кеңестік техникадан бас тартып, озық технологияларға иек артуда. Демек, қазақ қарулы күштері мен азаматтық авиациясы ресейлік техникалардан бас тартып, жаңа технологиялармен жасалған соңғы үлгідегі техникаларға иек артуға тиіс. Одан басқа жол жоқ. Мұны неғұрлым ерте түсінсек, соғұрлым елімізде ойда жоқта опат болғандар саны кеми түспек.
P.S. Шекара – өзге мемлекетпен байланыстырып тұрған дәнекер ғана емес, мемлекеттілікті айғақтайтын басты кепіл. Бірақ соған қарамастан шекарадағы қайғылы оқиғалардың өткен жылдың еншісіне тиюі – жалпы ойландырарлық жайт. Былтыр жыл соңында «Шекара қызметі жөнінде» жаңа заң қабылданды. Бұндағы басты мәселе де – соңғы жылдары жемқорлықтан көз ашпаған Кеден проблемасы мен шекараны тастап қашқан сарбаздардың да, үш күн бойы ешқандай байланыс болмағанына қарамастан, шара қолданбаған офицерді де жауапқа тарту және ұлттық қауіпсіздік мәселесін күшейту болған екен.
Есенгүл Кәпқызы