Жол азабын тартқан білер

Жол азабын тартқан білер

Жол азабын тартқан білер
ашық дереккөзі
320

Немесе төтенше жағдайға қаншалықты дайынбыз?

www.tengrinews.kz сайтында халықаралық дәрежесі бар Алматы-Өскемен күре жолын «өлім жолы» деп атапты. Өйткені 2012 жылдың 30 қарашасындағы мәлімет бойынша, осы жол бойында 800 жол апаты оқиғасы тіркеліп, оның 500-і өліммен аяқталыпты.

Жаңа жыл мейрамы қарсаңында осы жолмен сапар шегудің машақатын біз де басымыздан кешірдік. Желтоқсанның 31-і мен қаңтардың 1-і күндері Алматыдан Талдықорғанды бетке алып, жеңіл көлікпен тәуекел деп жолға шыққан едік.

Жол Қапшағай қаласына дейін ғана ашық болды. Қапшағайдағы жол полициясы бекетінен өте бере ұзын да кең күре жолдың аппақ қар мен айнадай мұзға оранып жатқанын көріп, тіксініп те қалдық. Жол беті айнадай, жалтыр мұз. Тіпті тұз да, құм да төгілмеген екен. Көліктердің сағатына 20 шақырымнан артық жылдамдықпен жүруге мүмкіндігі аз. Осы қарқынмен жол азабын әбден тартып, Арқарлы асуына жеткеннен кейін сәл тыныс алады екенсің. Алматы облыстық коммуналдық қыз­мет қызметкерлері осы асу­дың қатерінен сақтанса керек, Арқарлыны қардан ашып, жолына құм төгіп қойыпты. Алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады, Арқарлыны асып, Сарыөзекке жеткенше, ұзыннан-ұзақ созылған жазықтың машақаты тағы да бас­талды. Аты жазық демесең, айнадай жарқыраған жалтыр мұз қандай дөңгелегіңді де місе тұтар емес. Жол бойында жолдан шығып кеткен, қақтығысып қалған автокөліктердің дені осы жазықтың еншісіне тиесілі екен. Керісінше Сарыөзектен Алматы облысының Кербұлақ ауданы мен Көксу ауданының шекарасына дейінгі аралықтағы қиын асулар мен кезеңдерге тұз, құм секілді үйкелісті күшейтетін қоспалардың төгілуінің арқасында асудан асу қиындық тудырмады. Алайда, Көксу ауданының шекарасы басталысымен, машақат қайта басталды. Бұл қиямет Мұқыры ауылына кіргеннен кейін де жалғасты. Яғни күре жол­дың ауыл бойындағы бөлігі де сыпырылмаған, күрелмеген. Қайтар жолда да осы көріністің куәсі бол­дық. Сарыөзектен бері өте жол екіге айрылады. Осы айрықта біздің машинамыз да тайып, шыр көбелек айналды. Абырой болғанда, алды-артымызды ораған машиналар болмады. Қалың қасат қарға күмп берген көлікті шығарып алу қияметқайымға айналды. Ары-бері ағылған жеңіл көлік иелерінің қайырымдылығының арқасында сапарымызды ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алдық. Ең өкініштісі, жол бойында осы қатердің алдын алуға жарақтанған, жолға тұз сепкен немесе сыпырған бірде бір техника көзге шалынбады.

Алматыға оралғаннан кейін де, Алматы облысы, Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылы, Іле ауданының Тұздыбастау ауылы, Қарасай батыр ауданының Райымбек батыр, Қырғауылды ауылдарына жол тарттық. Бізді қапаландырғаны ауыл ішіндегі жолдың асфальт деген аты ғана, ал заты қасат қардың үйіндісі іспетті. Тек машина жүре-жүре үйіндінің жанына із салынып қалған. Дәл осындай көріністі өзге түгілі Алматы қаласының ішкі көшелерінен де кездестіресің. Көлік жазата­йымда тайып кетсе, аяқасты жол көлік апатына ұшырау оп-оңай.

Бұл мәселе – қар өте көп жауған қарашаның соңы, жел­тоқсанның басы кезінде де үлкен әңгіменің өзегі болғаны белгілі. Қыс басталмай жатып ақпарат құралдарына есеп берген Алматы қаласы және Алматы облысы әкімшіліктері қысқы жинау және тазалау науқанына сақадай-сай дайын тұрғандықтарын мәлімдеген екен. Мәселен, Алматы қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Алтай Рахымбековтің мәліметіне сүйенсек: «Қаланы қыстық қар­дан тазалау жұмыстарымен 1200 адам, 535 техника жұмыс істейтін болады. Қаланы тазалау жұмыстарын сегіз кәсіпорын жүргізеді. «Алматы тазалық» коммуналдық кәсіпорыны жалпы жұмыстың 63 пайызын атқаруды өз мойнына алған». Дегенмен, қала әкімі Ахметжан Есімов аталған басқарманың жұмысына қанағаттанбайтынын білдіріп, Алтай Рахымбековтің атына сөгіс те жариялады. Біраз аудандық әкімдерді жұмысынан босатып, біразына ескерту берді. Алайда бұдан жағдайдың өзгеріп кеткені байқалмайды.

Ал, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов 4 желтоқсанда жиын өткізіп, қатты жауған қар салдарынан құтылудың амалдары жайында кеңес өткізді: «1-3 желтоқсанда Алматы облысында аса көп көлемде қар түсті. Таулы аймақтарда қардың қалыңдығы – 90 cм, жазықта – 60 см-ге жетті. Сол себепті де, облыстың барлық қызметтері қалың қардың салдарын жою мақсатында жұмылдырылды», – деген еді. Алматы облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ақпараты бо­йынша, жол тазалауға 217 техника жұмылдырылыпты. Дегенмен бұның бәрі, тек сөз жүзінде болып тұр. Іс жүзінде көзге шалынатыны өте аз. Алматыда қалың қардың салдарын жою ісі тек енді ғана қарқын алған секілді. Қазір көшелерде қар тазалау жұмыстарының күшейгені байқалады. Дегенмен, халық қалың қардың зардабын аяусыз шеккені мәлім.

­

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары