540
Көкірек көзі қанық ақын
Көкірек көзі қанық ақын
Қабылбек қазақ десе жаны қалмайтын қайсар мінезді ақын. Аузын ашқаннан көмейі ақжарқын.
Айналса қазақ мазаққа, Жаныңды сол жай тіледі. «Қазақ жау дейді қазаққа», Ал досы сонда кім еді? Қалай «әп, бәрекелді!» демеске. Қатқылдау айтылған дерсіз. Қалай да ағынан жарылған ақын, міне, осындай мінезді келсін. Қандасыңнан таппаған мейірімді, достықты қай бейнәсіл, қай бейдін көлденеңнен қанжығаңа байлап кетесің. Қабылбек, көмейін көсіп, тіршіліктің төте сауалын қойып отыр. Мәйек босқа үш жүз жыл шайқап едім, Дос кім? Жау кім? Бағамдап байқап едім. «Мәледес малшы, жалшы, шабан» десе, «Әу, пірім!» деп әупілдер айтақ едім. «Қой баққаннан басқа қолынан не келетін ел» атанғанымыз күні кеше. Қабылбек һәм біздер осыны көптеу есітіп өстік. Қасқайып айтқан Қабылбек ағама ырзашылығым, құрметім өсіп барады. Құрығанда осылай батыл-батыл сілкілейтін сөз, ыстық жүрек керек-ақ. Қабырғасы қазағым деп шын қайысқан Қабылбек Төретайұлының «Арымның алауы» атты жыр жинағын (2009 ж.) шын ықылас қойып қарап шықтым. Құр қарамай пікір түймекке ден қойдық. Ойымыз ортақтас, жанымыз жарасып кеткеніне әлгінде өзім термелеген қызуқанды жолдары дәйек-дәлел. Қазақ атым біржола жоғалмақ па… Қысқа-нұсқасы осы: бір ақын сөз екшеудегі ерен шеберлігімен, екіншісі одан-бұдан жинаған білімімен, үшіншісі қанжардай өткір мінезімен ерекшелене бермек. Қайсысы болмасын рақымы мол Алла Тағаланың фәниде құрдай жорғалаған бір пендесі. Қабылбек те құпиясы кем тарта қоймаған ақын. Қазақылық – бүгінгі еуразиат қоғамында ілуде бір қылаңға айналып бара жатқандай. Қазақуарлық, қазақылық, қазақжандылық – үш түрлі ұғым; басқа-басқа мәдени категория. Қазақ жанына арашашы керек. Қазақуар да пенде; әлденеден шалыс басады, ақындыққа арындап асып-тасып жатады, буынға қарамайды, өзін күштеуге ерінеді, ойып-ойып айтып тастасам болды деп тоқмейілсімек. Қабыл ақын да қу: көзімше Шыңғыс қағанды мақтайды, өлеңінде «Отырарды ойрандап кеттің» деп мін тағады. Қазақтың мұндай-мұндай ептілігіне іштей кешіріммен қарамасқа тағы болмас; «дос таппай қаламыз ғой» өзі айтпақшы. Қанша жерден міні байқалып қала бергенімен қарашаңырақ, қазақжанды ауыл ақынына тән мінез. Қайнарбұлақ – қазақтың бір шалғайы, ақынның ауылға махаббаты қазақтанудың әліппесі. Қабылбек бұл мәселеде мінсіз жорға; Жұмекеннің әйгілі өлеңін сәл-пәл басқаша қиыстырсақ: мұнда да сол бір дала, сол бір шөлейт, сол бір ел қонған өзенше, сол бір құмдақ, сол жидетал, сол тораңғыл, сонадайдан көлбеңдеген тау қарасы. Ұлтым деген ұлдардың, Халқым деген қыздардың Рухымен бүр жардым, Ызасын сезбей ызғардың. Қапысыз шалқығанға қой демелік. Құрысын жазып кеңге көсілсін. Қайту бере қоймас һәм дөңес-дөңес дәмесі дұрыстыққа дөңбекшісе несі айып. Қазақ жанын мәңгілік тақырыпқа айналдырған Қабылбек ақынға дем бердік. Қырттың мысын басып, бетін қайтарғанға қалай Алла разы болсын демеске. Қазақстанға, Астанаға қайта-қайта өлең арнағанымен жан жылуының жылтын, құштар құнтын қапысыз жетелесе ғана жарасты. Алайда Қабылбектің жеке адамдарға көп өлең арнайтынын өз басым құптамаймын. Ұлықтамай ұлтымды, Жарылқамай жұртымды. Қарапайым десек те күнде аузына құйылып түсе қоймайтын ұсынақты тіркес, нақылға жақын мақам. Қазақ жыраулары қиссагөйлік жаппай етек алғанда бөлек сонарға тартып, ұлтының мәдени мәйегін сақтап қалды. Қайманаға қырғи Қабылбек міне осыны үлгі тұтқан, дәстүр дәйектеген. Қылтанақсыз мәдениет арғы-бергімнен ұлттың ұлпасына ұшынбақ. Қондырма бояма (культрагерлік) әрі-сәріге қалбақтап қонбақ. Құлақ күйін баптаған Қабыл ақын ешкімнен қалыспай қоңыр домбыраны сабаласпақ: Еркек кіндік ездеріңді кешіңдер, Тағдырыңды ойлап-толғап шешіңдер. Күні ертең-ақ екшеленіп есімдер, Нақа айтылар алғыс-қарғыс, кесімдер. Қарғыс-алғысы жоқ, бұл не сонда? Қабыл ақын тақуаға да, пайласуфқа да, тауарихшыға да, эстетке де сірә көнбейтін: әрбірінен шым-шымдап шөкіп сіңіретін қазақы өлермен. Қарғыс алмау қарапайым имандының жан сыры, ішкі мазмұны, пайым-парасатының шырқау биігі, қадір-қасиеті ұлтын жоғалтпауда деп түсіну – бұл атақты-абыройлы дегеніміздің кейбіріне жете бермейтін кемелдік. Көш-көш Бәдік, мекенімнен көш енді, Ыпыластан тазартамын көшемді… Қолымызға сыпыртқы ұстап көшеге шыға қоймаспыз; біздің көше – көшелі Көшпелінің көсегесіне көмек жан дүниенің тазалығы. Қадала беретініміз, қасымыз түйіле беретініміз де осы. Қадар иеміз рақымын сыйлаған пендесіне өмірді де, мінезді де, ақыл-есті де өлшеп тартқан. Қалғаны өз еңбегіміздің есесі. Құры бәдік сапырмау, ендеше пендеге парыз; ойлап-толғап тауан тартқанын жеткермек сөз өнерінде, іс-қарекетте һәм кішілік кісілікте. Қабылбектің қарғыс алмайтыны ар-ұятын сығымдаған жаны таза даусыз мінезінде. Өмір шіркін өтуде өзгермелі, Нелер сұмдық сұрқайды көз көрмеді? Қайдан бей-жай қарап тұра қойсын ақынның жаны. Құлқынын көздемеген. Қас бүлдіргіні көріп, сезіп-біліп тұра үндемеу жарамсыз қылық. Құлшынғаны жақсы мен жаманның, яғни алғыс пен қарғыстың айырмасы – мағыналы ғұмыр. Қарын тойдырып аяқ босату фәниге келген екенсің механикалық яки физикалық заңдылық. Тілім, тілім: Жүрегім тілім-тілім… Қазақы бекзаттық ана тіліне құрметтен. Қанша майын тамызғанмен дін де, діл де тілсіз оңалмайды. Қоң жамай алмайтын бір жетімек. Құдіреттің кілті, ендеше, тілдің қолында. Қабыл ақынның төлқұжатындағы таусылмас тіннің ұштығы осында. Қаныбек Сарыбаевты пір тұтатындар Күнгейде баршылық; тілін тартпайтын ақынға Қабылбек бірден бір һәм бірегей мүрид; аға сыйлаған, дәстүр таныған биік көңіл. Қарайлас ағаларымның – бізден алдыңғы буынның – бір тамаша мінезі бар; ол – қазақуарлық. Қабылбай, Қабылбек, Көпен, Оразхан, Ханапам – Ханбибі һәм басқалары. Қағыныңқырап туған біздің буын анамен де, мынамен де әмпей-жәмпей – орысша сөйлейміз, арабпен ымдасамыз. Қаһарына мінген Ханапамыз ұрса жөнелсе нарғасқа, марғасқа ағаларды сағалап жылыстай қашамыз. Қазақта тете деген қиын жас екен. Қабыл ағам да дөң айбат жасады бірер мәрте. Құйрығымды ұстатпай жоғалдым. Қым-қуат тіршілікте жүз көріспей тұра алмайсың. Қашаған пенденің де тұрғылықты мекен-жайы – Шымқала ғой. Қас-қабақпен ұғыстық. «Қаңғи бергенше біздің мұрағатқа да бас сұғып тұр, саған керегі табылып та қалар» дейді. Қалай татуласпасқа. Жүрдім жырдың жылынып елесіне … Қарама-қайшылықтың сығынды-сырқынды шыры осындай. Қалай да біреу өлеңге өнерден, біреу қайнаған өмірден, біреу һикамийаттан, біреу һакимияттан келіп жатса ол әдебиеттің мән-мағыналы миығы һәм бәсірелі бағы. Қарағайдай состиып шетте қала алмайсың яки жұмысшының иініне, шаруаның қамына, әкімдіктің шамына бұрап жыға алмайсың. Қазаққа бағышланған өмір де, өлең де өнегелі һәм ғұмыршаң. Қыста тоңдым деп безектемейтін, қарда секірген қараторғайдың бірі өзіңіз, Қабыл ақын! Ғұмыр бойы арман болған атақтың, Өзі нағыз мәйегі екен шатақтың. Төрге тарттың көз салса деп төрткүл ел, Мосқал тарттың, кәні содан не таптың? Қазақы бекзаттың бір ерлігі, естілікке ерте бас бұратын ықтияты. Қабыл ақын ерке де өзі, есті де өзі. Құры атаққа қызынғанның орта жолда шоңқаярына дөп түстепсіз, ендеше, бәрекелді. Қатқан қара шалдың бірі болуға дайын секілдісіз. Өткерем де өмірді, Пешенеге бұйырған. Қыз-қырқынға мұны бекер арнапсыз. Қалеуметке де қасқайып айтар шынайыңыз осы болса керек. Қамшыламақ ләзім өзіңді. Қанағат, әлбетте, мүсілім мәртебесі. Қабыл ақынмен септесіп ой мен қырды түгел шарлап барамыз. Қазақы өрені қарабайыр деген кім өзі?! Қорбаң құшақтан қашан құтыламыз? Қатын патшаға жағымсыған «великий полководец» А.Суворов елді қынадай қырғанына мәз болып: «Қырымда ұшқан шыбын, көстеңдеген ноғай қалдырмадым» деп бөспе рапорт тапсырған. Қан төксе, жазықсыз елді қырса, көршінің жеріне қызығып, қуғындаса мұның несі ұлылық?! Қалмақтың бас қылтитқаны Ер Есім ханның заманы. Қашқарға дейін қалмақтың ізіне түскен Ер Алатау «ханның бас батыры», кейінгі Қабанбай «дарабоз» атағын місе тұтқан, ұшынбаған. Қалмақ тілге ерді. Қазақтың желкесіне қонжиып ноғайдан босаған жерге жайғасты. Қаржасуға дайындық мұқият жүре берген. Құлдық ұра береміз бе, өгей өренің қотанынан үргенге құйтыртқы греко-бактриялық диодохтарының (Ескендірге ерген қолбасылар, еңбегіне билеуге ел бөліп алған) бірі өзін астамшылықпен Теос (Тәңірі) деп атапты. Қазақтың ұлтарақтай жерін жатқа қимаған Ер Алатау (Алдаберген) мен Қаракерей Қабанбай (Ерасыл) ұрынбасқа ұшынбаса иманды ар-намысын ұлықтаса керек. Қазақы ұлтжандылық мәдениетіне бұйда ұстата беретініміз осыдан. Қызметте өрге өлермелене, өршелене өрмелеуге ұмтылмаса да, сүйремесе де иманына берік ақын. Білім артық дүние байлығынан, Соныменен жайнайды Ай-Күн аман – дейді. Қай дәуірдің сөз саптауы; онда тұрған не бар; бірақ, небәрі сүйегімізге сіңіскен өсиетшілдік. Қоғамды қашан да алға бастыратын ағартушылық. Қауқарлы нақыл XХ яки XXI ғасыр басында қасиетінен айнымас һәм ойға оқтын-оқтын оралған мақам нақышы өтмүшке ілтипат. Жарты – жалған, шикі – шындық… Қабылбектің байсал буы өмірмен біте қайнасқан; тәтті деп жұта салмайсың, ащы деп түкіріп тастамайсың. Қары еріген даладай, Көңіл кейде ала қат? Кәмпит берген баладай, Алдау – жалған марапат. Қайнарбұлақтың Қабылбегі образбен ойлана білсе ақындық мәдениетінің маңлай тері. Дәрменсіз дәкедей жыртып ап… Қуана оқып отырғанымды омырық емлеге сүзістік: қаһан, лаһат – жолай жабысқан сауатпаздық. Қаған – таза түркілік лауазым һәм моңғол десем мөңкіп кетерсіз, шығыстық түркі диалектте «һ» протезесі мүлдем жоқ. Қабылбекке бұл қатыссыз, алайда оның неге «лаһат» дейтін дүмше молдаға еліктегенін түсіне алмадым… Байлық-майлық қуғанды, Алмас па екен қу лаһат? Қос құлаш жер ақымың-қу лақат емес пе еді. Қылпы өзегінен қалай айныған? Қызынсам нәһу ақтарып ежіктермін. Қалт тоқтайын. Қос жуантық «а» арасына протезе тықпалаудың жазу мәдениетімізге артығын ескертемін: жаттан сіңіскен раһим, илаһим, һүкім, һикмет болса бір сәрі. Қаһар, қаһарман жөні бөлек; өйткені түп нұсқасында қаһһар, қаһһарман! Қу дүниенің ілімі де бір қиямет. Қаріп қуалаудағы (аллитерация) Қабылбектің олжасы тәп-тәуір, ойнақы ғана емес ойлы-дыйлы: Ақ баяндай адал жанды.. Саналарды сұлу сезім сүзгілеп… Күлмеңдеген кіндіктер, Бүлкеңдеген бөкселер… Біріншілікті бермейміз, Кіндік Азияда кіндіктен… Құрдымдарға құриды, Қарсы келген Құдайға. Қабылбек Жәнібек Кәрменовке шағынғанда: «Көкірек көзі жоқтарға жайдақ сумын» деп тәуір ділмарлық тауып кеткен. Жағдай болды мынадай, Көпшілік қалды ұға алмай. Әкесі он сом тастады Баласы он мың – бұл қалай? «Бұл өзі тегін жай емес, Әке мен бала сай емес. Есепсіз теңге шашатын, Әкем менің бай емес». Қисыны қызық; өзі әзілге де, иронияға да иық бермек. Қалталы әкенің уәжі де уәлі-ақ! Қамсыз-мұңсыз баланың судай шашқанын маңлай терімен, ақыл-ойымен тапқан әкенің арқасүйері жоқ екен. Қиыннан қиыстырған бұл тапқырлық боямасыз өмірдің тап өзінен. Қабылбек міне осылай оқыс ойландырмақ; күлеміз де қоямыз; ырзашылықпен бас изейміз. Өндіріп жазарыңыз жаһұтты, өмірлік базарыңыз бақытты бола бергей, шайыр аға! Сәрсен Бек Сахабат Шымкент қаласы