Қырғыздың «Ләйлі-Мәжнүндері»

Қырғыздың «Ләйлі-Мәжнүндері»

Қырғыздың «Ләйлі-Мәжнүндері»
ашық дереккөзі
358

Қырғызда «Үйренген әдет қала ма, ұйға (сиырға) жүген сала ма?» деген мақал бар. Осы айтылғандай, халықтың арасына қатты сіңіп кеткен «қыз алып қашу» салтынан қырғыздар да арыла алмай келеді. Ілгеріде ата-ананың айтқаны бұлжытпай орындалуына және байлардың кедейден шыққан болашақ «күйеу балаларды» теңсінбеуіне байланысты ғашық жігіттің амал жоқтықтан жасаған әрекеті бара-бара салтқа айналып кетсе керек. Қазіргі қырғыз қоғамында егер қыз мақұл болып, қыз жақтың ата-анасы көнбейтін болса, қызды ала қашқан жөн деген пікір үстемдік етуде.

Қырғыз Республикасының Омбудсмені (Ақиқатшысы) Тұрсынбек Ақұнның айтуынша өлкеде соңғы үш жылда 24 мың қыз алып қашу фактісі тіркелген. Былтыр Роза Отынбаева президент болып тұрғанында «ала қашу» жолымен Қырғызстанда жылына 15 мыңға жақын отбасы құралады деп айтып қалғаны бар. Ал дағдарыс орталықтары қауымдастығының жетекшісі Александр Ефренко Қырғызстанда некеге тұрудың бестен бірі қалыңдықтың еркінен тыс жасалуда деп қынжылған еді. Тіпті, осыдан бір ай бұрын Парламенттің депутаты, әйелдердің құқығын қорғауға атсалысып жүрген белсенді айымдардың бірі Шірін Айтматованың жәрдемшісі Әділет деген жігіт қалыңдығын алып қашып үйленіп, «шефін» шерменде қылды.

Қырғызстанда «қыз ала қашуға» заңмен тыйым салынған, 17 жасқа толғандарды ала қашқан бозбала 3 жылға дейін, 17-ден асқандарды ала қашқан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бірақ соңғы 12 жылда құқық қорғау органдары осындай 150 фактіні тіркеген. Жақында қырғыз парламенті бұл қылмыс жауапкерлігін күшейтуді шешті. Енді қыз ала қашқандардың ісі сотқа өтсе, күнәһар әрекетінің жеңіл-ауырлығына және қалыңдықтың 17 жасқа шыққан, шықпағандығына орай 3 жылдан 10 жылға дейін түрмеде отыратын болады.

Қыз ала қашуға бөгет қоюға септігін тигізетін жағдайлардың бірі – азаматтық хал актын жазу (АҚАЖ) рәсімінен кейін ғана жұбайлардың некесін молдалардың қию мәселесі Қырғыз парламентінде талқыланып, нақты шешімін таппай келеді. Мұндай баптары бар заң жобасы депутаттардың көпшілігінің қолдауына ие болған жоқ. Айтпақшы, бұл заң қабыл алынып қалса, көп әйел алуға тосқауыл болып қалады екен. Қырғызстанның заңнамаларында тыйым салынғандығына қарамастан молдаларға некесін қидырып, екі және одан көп әйелімен тұрмыс құрып жатқан азаматтар республикада бар. Бұдан Жоғарғы Кеңештің депутат мырзалары да, лауазымды шенеуніктер де құр алақан емес көрінеді.

Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңеші үйлену мәселесіне байланысты тағы бір заңды шығарды. Шетелге барып, олардың азаматтарына тұрмысқа шығуға шақырған некелесу агенттіктерінің жарнамаларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға тыйым салынды. Әлбетте, агенттіктер заңнама талқылана бастағанда, бұл біздің іскерлігімізге тосқауыл қояды деп шуылдап қарсы шыққан, бірақ депутаттар қырғыз қыздарының шет елдерде көріп жатқан зомбылықтарын алға тартып, жеңіп шықты. Әсіресе, Кореяға жұмысқа шақыру және кәрістерге тұрмысқа шығуды үндеген агенттіктердің қызметі қырғыз қыздарына сор болғаны туралы бірнеше жылдан бері дабыл қағылып келе жатыр. Бір жағынан қырғыз қыздары Кореяда зорлық-зомбылыққа душар болып жатса да, екінші жағынан, Корея билігі «білмеген» болып, жігіттерінің қырғыз қыздарына үйленгенін қолдайды екен. Өйткені қырғыздардың көздері қысықтау, өң-келбеті кәрістерге ұқсастау болғандықтан, олармен некелесу корей ұлтының гендік негізіне нұқсан келтірмейтінге ұқсайды. Сірә, Бішкектегі корей тілін үйрету курстарының көптігін де осымен түсіндіруге болатын шығар. Сондай-ақ, Қырғызстанның үлкен қалаларында қырғыз қыздарын Оңтүстік Кореяға күйеуге беру делдалшылығымен айналысқан 20 фирма тіркелген.

Оңтүстік Кореядағы қырғыз елшісі Дүйшенқұл Чотоновтың мәліметіне қарағанда, 700-ге жақын қырғыз қызы, бұл өлкеге келіп күйеуге шыққан. 2001 жылы 10 қыз тұрмыс құрса, жыл сайын көбейіп, 2010 жылы 120 қыз, 2011 жылы 161 қыз заңды түрде корей жігітімен бас қосып, некеге тұрған. Осы кейінгі 161 қыздың басым көпшілігі қазіргі уақытта некемізді бұзып, Қырғызстанға қалай кетеміз деп сарыуайымға түсіп жүрсе керек.

Кореядан тысқары, қырғыз қыздарының Түркияға жұмыспен барғандарының да жағдайы мәз емес екені, мыңға жақын қырғыз қызының бұл өлкеде азап шегіп жүргенін үкіметтік емес ұйымның өкілдері қырғыз билігіне құлағдар етуде.

Кедейшіліктің мәжбүрлеуімен «қалыңдығын ала қашып», кішігірім ауыл тойын жасап, бас қосып жатқандарға қолынан келген көмегін көрсету үшін Қырғызстанның Жастар және іспен қамсыздау министрлігі былтырдан бері жақсы жоралғыны бастады. Министрлік республиканың аймақтарындағы аз қамтамасыз болған отбасылардың үйленуге тілек еткен балаларын іріктеп алып, үйлену тойын өткізіп беруді дәстүрге айналдырып отыр.

Таяуда министрлік 35 жас жұбайдың тойын «Дәсмия» атты үлкен мейрамханада дүркіретіп өткізіп берді. Жастар алдымен Бішкектегі Неке сарайында салтанатты түрде АҚАЖ-ға тіркеліп, сосын орталық мешітте некелері қиылып, Бішкектің көрікті жерлерін серуендеп, Ұлы Отан соғысына қатысушылар құрметіне мәңгі жағылып тұрған алауға гүл шоқтарын қойып, кешкісін Қырғызстанның белгілі өнер шеберлерінің қатысуымен дуылдатып той өткізді. Тойға жігіттің туысқандарынан оннан, қалыңдық жақтан он кісі шақырылып, тойға вице-премьер министрді, парламенттің вице-спикерін, Үкімет аппаратының жетекшісін, Бішкек қаласының мэрін, республиканың бас муфтиі бастаған ресми адамдарды, журналистерді және әртістерді қоспағанда 700 адам қатысты. Тойға кеткен шығындарды министрліктің ұйымдастыруымен демеушілер көтерді. Ал, 35 жұптың ішінен Мадияр Баубеков деген қырғыз жігіт Ли Юн Жин атты кәріс қызына үйленді. Кәріс қызы тілін кәлимаға келтіріп, мешітте мұсылман дінін қабыл алды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның»

Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары