Асылдың көзі еді

Асылдың көзі еді

Асылдың көзі еді
ашық дереккөзі
178

Қазақ ғылымы мен білімі һәм руханияты орны толмас ауыр қазаға ұшы­рады. 80 жасқа қараған шағында көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың қызы, дәрігер, биология ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының ака­демигі Сәуле Тұрарқызы Рысқұлова дүние салды.

Ол 1933 жылдың 2 маусымында Мәскеу қаласында дүниеге келді. Әкесі Тұрардың ізгі жолын жалғай білген аяулы қызы қазақтың ғылымы мен біліміне ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Алматы мемлекеттік медициналық институтын тәмамдаған соң биохимия кафедрасында аспирантурада оқып, 1964 жылы кандидаттық, 1986 жылы Ленинград қаласындағы рентгенорадиология ғылыми-зерттеу институтында докторлық диссертациясын қорғады.

Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында аға оқытушы, Қазақстан Ғылым Академиясының эксперименттік биология институтында аға ғылыми қызметкер, зоология институтында зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1996 жылдан бастап осы институтта бас ғылыми қызметкер болып табысты жұмыс істеді.

Ол сондай-ақ еліміздегі бірқатар министрліктердің мемлекеттік бағ­дар­ламаларды қабылдайтын ғылыми-техникалық кеңесінің сарапшысы да болғаны мәлім. Республикалық, халықаралық ғылыми конференциялар мен форумдардың қатысушысы болды. 100-ден астам ғылыми еңбек пен бірнеше монографияның авторы.

Қазақ халқы Сәуле Тұрарқызын әкесі Тұрардың мұрасын зерттеп-жинаушы қайраткер тұлға ретінде де жақсы біледі.

Асылдың сынығы Сәуле Тұрар­қызының есімі ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз.

«Түркістандықтар»

Серіктес жаңалықтары