Туған жерге асыққан екен...

Туған жерге асыққан екен...

Туған жерге асыққан екен...
ашық дереккөзі
617

Жаңа жылдың алдында Қызылордадан Теміршенің қазасы жайлы суық хабар келіп, оны танитындарды есеңгіретіп тастады десе болғандай. Өйткені апта сайын хабарласып отырғандар арсыз ажалға ара түсе алмай аңырап қалдық.

Белгілі ақын, республикалық мү­шәйралардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған Темірше Сарыбаев 1941 жылдың 18 қарашасында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Мырзабай ахун ауылында туған. 1958 жылы Мақпалкөл орта мектебін, 1966 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолын осы аудандағы Бұқарбай батыр ауылындағы мектепте ұстаздықтан бастады. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өлеңдері жергілікті басылымдарда жарық көрген Темкеңді газет өзіне тартып тұрды. 1968-1976 жылдары Жалағаш аудандық «Жаңадария», Сырдария аудандық «Сырдария» газеттерінде бөлім меңгерушісі, ара-тұра облыстық радио мен білім басқармасында қызмет атқарды.

Т.Сарыбаев 1982-1989 жылдары Қазақ теледидарында қызмет етіп, алғашқы айтысты ұйымдастырушылардың бірі болды. Одан кейін «Заман-Қазақстан», Қазақстан Жазушылар одағында, «Балдырған» журналында еңбек етіп, талай жас таланттардың жарқырап көрінуіне жол ашты. 2005-2010 жылдары «Маматай» баспасында еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Оның қаламынан «Дария-дәурен» (2001), «Мазалай бер махаббат» (2008), «Мамырстан» (2009), «Айналайын ағайын» (2011) жыр жинақтары жарық көрген. Таңдамалы шығармалары (2012) баспадан шықты.

Темірше аға өзінің бір жырында:

…Менің жалпақ жауырыныма жайғасқан,

Зілзала жүк бекінгендей түспеуге, – деп өзінің иығынан ауыр жүктердің түспей келгенінен хабар береді. Десе де, тұрмысқа мойымай, сол салмақты да сабырлы қалпында көтеріп, ешкімнен қаймықпай өмірден өтті ағамыз.

Ол өзінен үлкенге Темірше, кішіге Темкең аталған азамат болатын. Соңғы 1-2 жылда отбасында ауыр қайғы болды. Осы қиындықтар оны туған жерге көшуге итермелегендей сезінемін. Бәлкім, Жаратқан оның ата-бабалары жатқан топырақта жатқанын қалады ма, кім білсін?.. Темірше Сарыбаевтың жамбасы туған жердің қойнауына тиді. Туған жерге асыққан екен ғой.

Темкеңнің артында мол мұрасы, ұр­пақтары қалды. Ақ жүрек жанның сезім тұнған қаламынан туған жырлары оны ешқашан ұмыттырмақ емес.

«Ауыр ғой маған» атты соңғы жазған өлеңінде:

…Өлмейтін мәңгі өлең – өмірім бас­талар,

Сыр айтар саған,

Жанарыңда мөлдір жас қалар.

Екі өмір сүру – ақынның ғана еншісі,

Қайтып келмейді бай мен бектер, патшалар, – деп көрегендікпен жыр­лаған еді.

Қаламдас, мектептес інісі ретінде Темкеңнің ағайын-туыс, отбасына қайырлы қаза болсын демекпін.

Тынышбек Дайрабай,

жазушы, журналист

Серіктес жаңалықтары