ӘНҰРАННАН ТАҒЫ ДА АЙҚАЙ ШЫҚТЫ

ӘНҰРАННАН ТАҒЫ ДА АЙҚАЙ ШЫҚТЫ

ӘНҰРАННАН  ТАҒЫ  ДА АЙҚАЙ ШЫҚТЫ
ашық дереккөзі
239

Нұрахмет ҚУАТ

Ұлттың, мемлекеттің намысына тиетін жайттар неге жиі қайталанады? Әнұранды шатастырып алу әдетке айналып бара ма? Қазақтың абыройын төгетін туындылар жарық көре бере ме? Ұлттық және мемлекеттік идеология шеңберінде жүргізілуі тиіс шаралардың ақсауы неліктен?

Таяуда Тверь хоккей клубының ойыншыларымен кездескен қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубының өкілдері күтпеген жерден «тосын сыйға» тап болды: Қазақстан Республикасының қазіргі әнұранының орнына ескі әнұран ойналды. Шайбаны қарсыластар қақпасына 3 рет домалатқан отандық спортшылар елге қанжығалары майланып қайтқанымен, көңілге кірбің түсірген жайт – әлгі әнұран еді. Жиырма екі рет қатарынан жеңістің туын желбіреткен «Сарыарқа» ойыншыларына «тосын сый» жасаған кім? Ұйымдастырушылар неге және қалай шатасып кетті? Қазақстан тарапынан жіберілген кемшілік бар ма? Бізді мазалаған осындай сұрақтар. Өйткені әнұранға қатысты келеңсіздік Тверьмен бітпейді. Мысалы, алыс араб елінде алтын алқа тағынған спортшы қызымыз Мария Дмитриенко: «Мынау қай мазақтарың?! Бұл менің елім – Қазақстанның әнұраны емес қой!», – деп намыстанып, шу шығарса керек-ті. Өкінішке қарай, Бораттың «күнәдан пәк, кіршіксіз таза қазақ жезөкшелері» туралы мазақ әні Қазақстанның әнұранының орнына орындалып жатқанда қолын кеудесіне қойған күйі үнсіз тұрды. Мазақ ән аяқтала бере жүзі қуаныштан бал-бұл жанған ол жанындағы күміс және қола медаль алған әріптестерін суретке түсуге жанына шақырды. Сорақылығы мен абыройсыздығы да сол, нанын жеп, суын ішіп отырған мемлекеттің әнұранын білмейтіндігі спортшының әр қимылынан анық байқалып тұрды. Сонда көкте желбіреген Көк байрақты Бораттың былығы мен былапыты кірлеткенін бүкіл әлем естіді, дүйім жұрт куә болды. Кувейттегі оқиғадан кейін өз кінәларын мойындаған арабтар жағы, яғни, Азия Олимпиадалық кеңестің президенті әл-Фахад әл-Сабах шейх Қазақстаннан кешірім сұрап, хат жазыпты.

Намысты жанып, ызаға булықтырған жайт мұнымен аяқталса ғой, бірақ оған дейін, яғни былтыр Қостанайдағы шаңғы спорты ойындарынан өткізілетін Алтыншы облыстық фестивалінің ашылу салтанатында Қазақстан әнұранының орнына Рики Мартиннің «Livin’ la Vida Loca» әні ойналғаны тағы бар. Шараны жүргізуші жігіт: «Қазақстан Республикасының Туына қарап бой түзе. Қазақстан Республикасының Әнұраны ойналады» деген сәтте аспанында – алтын Күні, даласында алтын дәні жайқалған Қазақтың кең сахарасын суреттеумен басталатын әнұран емес, белгісіз тілдегі белгісіз бір әуен ойналғанда соның алдында ғана ел-жұртқа ақ тілегі мен ыстық лебізін жеткізіп, ерекше толқыныста тұрған облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов мырза да әбіржіп қалды. Санаулы секундтарға созылған Мартиннің әнінен кейін дереу әнұран ойналды. Бірақ көп көңілде реніш пен наразылық сезімі қалды. Өйткені келеңсіз жайттың бір емес, бірнеше рет қайталануы «кездейсоқтық қой» деген кешірімнен гөрі «қасақана ұйымдастырылып отырған мазақ емес пе?» деген дүдамалды қалдыратыны анық.

Кувейттегі келеңсіздіктен кейін Қазақстан спортшыларының барлығына әнұранның сөзін білу міндеттелді. Үкіметте өткен отырыстардың бірінде «Мұндай жағдайларда (Кувейттегі әнұранға қатысты жағдай – Н.Ж.) не істеу керектігі мен әрбір спортшыға әнұранды білу міндеттелген жарлық қабылданды. Қазақша бәрі бірдей білмеуі мүмкін, бірақ әнұранның екі шумағын жаттап алуға болады ғой. Халықаралық жарыстар мен Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы атынан қатысатындарға әнұранды білу тапсырылды», – деп ағынан жарылған ҚР Спорт және денешынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев аталған құжаттың бапкерлерге түгел таратылғанын айтқан.

Жер шарын шарлап кеткен Бораттың арқасында ағылшын сайқымазағы Саша Барон Коуэн 2006 жылы 260 миллион долларға жуық пайда тауыпты. Ал біздің билік бастапқыда Боратқа наразылық танытқанмен, кейін «Қазақстанға жарнама жасалды. Бораттың арқасында елімізді біраз жұрт танып қалды», – деп жақауратты. Бірақ мұндай «жарнаманың» барынан жоғы. Абыройсыздықпен шыққан аттың соңы сан соқтыратын «әттеген-ай-ларға» толы болатыны да жасырын емес. Қазақ мұндайда «атың шықпаса, жер өрте» деген. Оның үстіне, жерасты және жерүсті табиғи ресурстарға бай, инвестициялық ахуалы тартымды, экономикалық көрсеткіштері бірқатар посткеңестік елден жоғары Қазақстанды әлемнің көптеген елі білетіні анық. Демек Қазақ билігі ұлт пен мемлекеттің намысына тиетін мәселелерде босаңдық пен жалпақшешейлікке бармауы керек.

Әнұраннан басқа да Қазақтың намысына тиетін жайттар көп. Мысалы, былтыр жыл соңында қазақтардың өмірі туралы кітап жазған қытайдың бір жазушысы: «Қазақтар үйіне келген сыйлы қонағының қойнына түнде қыздарын салып береді», – деп, тұтас ұлттың намысын аяққа таптаған еді. Астанадағы Қытай Халық Республикасының консулдығы алдына жиналған бір топ қандас аспанасты елінің билігіне наразылықтарын жеткізді. Бұл сорақылықтың соңы немен аяқталғаны белгісіз. Белгілісі, Польшада білім алып жатқан қаракөздер тулады. Себеп, «Чайка» атты фильмде Айша есімді қазақ қызын жезөкше етіп көрсетіп, бір топ орыс балықшыларына арын өз еркімен таптатуы. Жанры драма деп көрсетілген фильмдегі сорақылықтарды кинотеатрға келген қазақ қыздары аяғына дейін көре алмапты. Намыстары шыдатпаған. Туындысымақ бастала бере орындарынан атып тұрып, сыртқа шығып кеткені де сол себепті. Негізі ұлттың намысына дақ түсіретін шығармалар сүзгіден, қоғам талқысынан өтуі тиіс. Қажет болған жағайда билік ресми түрде қарсылық пен наразылығын да білдіруге міндетті. Тек әттең, әлі күнге ұлттық намыс пен жалған намыстың аражігін ажырата алмай жүрміз…

Серіктес жаңалықтары