АРАҚ САЯСАТЫНЫҢ АСТАРЫ

АРАҚ САЯСАТЫНЫҢ АСТАРЫ

АРАҚ САЯСАТЫНЫҢ АСТАРЫ
ашық дереккөзі
334

Елбасымыз неге шампанның орнына қымыз ішуді ұсынды?

Зерттеушілердің мәлімдеуінше, Кедендік одаққа кіргелі бері елімізде алкогольді тұтыну мөлшері күрт артып кетіпті. 2011 жылға дейін алкогольді ішімдіктерді тұтыну жылына 3 пайызға кеміп отырса, 2011 жылдан бастап керісінше көбейген. Салауатты өмір салтын құру ұлттық орталығының биылғы жылдың қараша айындағы мәліметі бойынша адам басына шаққанда, жылына 10-12 литр спирт ішеді екенбіз. Ал БҰҰ-ның құжаты бойынша тұтыну 8 литр спирттен асса, халықтың жойылуға бет бұратындығын ескерткен.

Осы жоғарыдағы статистиканың, яғни алкогольді тұтынудың күрт артуын мамандар Кедендік одақтағы акциздің ең төменгі бағасын Қазақстан қойғандығымен түсіндіреді немесе Ресейдің мүддесіне құрылған алкогольді саясаттың жемісі дейді. Қалай болғанда да Ресейден бізге қарай алкогольді тауарлардың тасқынына тосқауыл қоюдың орнына, керісінше жолын ашып беріпті. Мұның сырын да айта кетейін, Ресей соңғы уақыттары алкогольге қарсы қызу науқан жүргізуіне байланысты, алкогольді бизнес біраз болса да саябырсып қалған екен. Ал Ресейдің республикалық бюджетінің біраз бөлігін алкогольді бизнес құрап отырғанын ескерсек, алкогольді бизнесінің құлдырауына мүдделі емес. Сондықтан алкогольді бизнесін Қазақстанның есебінен дамытуды қолға алыпты. Бір жағынан бизнесін дамытса, бюджетін толтырса, екінші жағынан Қазақстанның өзіне тәуелділігін одан сайын күшейте түседі. Осылайша Ресей «бір оқпен екі қоянды атып» отыр.

Ресей алкогольді бизнес алпауыттарының Қазақстанға ықпалынан болар қазір ауыр алкогольді ішімдіктердің орнына сыра, шампан сияқты жеңіл алкогольді ішімдіктерді кеңінен насихаттай бастағаны аңғарылады. Нәтижесінде халқымыз ауыр алкогольді ішімдікпен қатар, жеңілін тұтынуды көбейткен екен. Бұл түбі халықты геноцидке апаратын қауіпті жол. Себебі адамды алкогольге тәуелді ететін, алкоголизмді жедел дамытушы жеңіл алкогольді ішімдіктер екенін әлем медицинасы баяғыда дәлелдеген. Оған қоса соңғы екі жылда елімізде алкоголь тұтынудан әйелдер еркектерді басып озғандығы жөнінде ақпарат кеңінен тарады. Жеңіл алкогольді көбінесе тұтынушы әйелдер екенін ескерсек, осы арқылы жеңіл алкогольдің әйелдерді тез алкоголизмге ұшыратып жатқанын байқауға болады.

Жалпы, алкогольдің зияны туралы айтып жатудың өзі артық. Ғалымдар алкогольдің адам санасын тереңінен улайтын наркотиктен де қауіпті екендігін дәлелдеген. Себебі санадан тыс әсер етуінде екен. Сондай-ақ құрамында адам ағзасына өте қауіпті этил спирті бар. Бұрынғы кездері медицинада кейбір сәттерде наркоздың орнына спирт қолданылған. Бірақ бұның наркоздан да қауіпті зияны анықталып, орнына тек қана наркоз қолданылатын болған екен. Ғалымдар наркотиктің ішіндегі уы деген баға берген екен. Себебі адамның геніне алкоголь радиацияның деңгейінде әсер етеді екен. Алкогольдің биологиялық зияндылығынан да бұрын адамның ақыл-санасын біртіндеп жойып жіберетіндігі қауіпті. Ал алкогольдің зияндылығын ғылыми тұрғыдан ғана емес, қарапайым мысалдармен де айтуға болады. Мысалға соңғы жылдары қылмыстардың көбейіп кеткенін Ішкі істері министрі Қ.Қалмұхамбетов Мәжілісте ресми мәлімдеді. Жол апаттарының көбеюі, түрлі ауру-сырқаулардың көбеюі т.б. мысал бола алады. Себебі осы келеңсіздіктердің көбінің артында алкоголь жасырынып жатқаны шындық.

Бір сөзбен айтсақ, тажалдың нақ өзі екені сөзсіз. Біз үшін тажал болатын себебі, қазақтардың ағзасы алкогольге бейім емес. Кейде бізді еуропалықтармен салыстырып, солардан мысалдар келтіріп жатады. Мыңдаған жылдардан бері ішімдік ішіп келе жатқан еуропалықтар жойылып жатқан жоқ қой дегендей. Еуропалықтардың ағзасында алкогольге қарсы иммуниеті бар, яғни алкогольге қарсы алкогольгидрогиназа деген фермент бөліп шығарады екен. Ал біздің қазақтардың ағзасы алкогольге қарсы мұндай алкогольгидрогиназа деген фермент мүлдем бөліп шығармайды екен. Бұл барлық көшпенді халықтарға тән қасиет екендігі медицина ғылымында дәлелденген.

Түбі бір туысқан сібір халықтарының алкогольдің кесірінен жойылып бара жатқандығын көзбен көріп тұрсақ та селк етпейтініміз таңдандырады. Ендігі Сібір халықтарының біразы алкогольді ішімдіктердің себебінен жойылып кеткенін ешкім жасыра алмайды. Кеңес Одағы тұсында қазақтардың алкогольге тәуелділігі шарықтау шегіне жетіп, ұлт ретінде азып-тозып кетуге сәл қалған кезімізді де естен шығармайық. Бұл – тарих. Сондықтан болар халық арасында әзілмен астарлас болса зілді сөз бар: «Орыстар бізге ішімдік ішуді үйретті, бірақ ішу мөлшерін үйретпей кетіпті». Тарих қайталанып отыратынын ескерген жөн. Ресей алкогольге тәуелділік арқылы көптеген ұлттардың түбіне жетті. Бұл саясатын Ресей әлі де жалғастырып келе жатқандығын ашып айтқанымыз дұрыс. Орыс адамдарымен алкоголь ішуден жарысу өзіңді жарға итерумен бірдей. Бұдан тек олар ғана ұтып келген және ұта береді. Бұл Кедендік одақтың мыңнан бір ғана зияны.

Ресей тауарларының орнын бір сәтте басқа елдің тауарларымен алмастырып, тәуелділікті жоюға болады. Бірақ Ресейдің алкогольді тауарларына тәуелді болатын болсақ, онда ол тәуелділіктен шығудың жолы қиын. Себептері өте көп. Жалпы алкоголизмге тәуелділіктен құтылудың қиындығынан бөлек, Ресейдің арағы әлемдік брендке айналған. Бұрыннан бері орыс арағына еті үйренген адамның басқа елдің ішімдіктеріне бет бұра бермейтіні де бар. Одан қалды бағасы да тиімді. Бұл жолдан біз не құл болып шығамыз, не бомж болып шығамыз. Ол былай тұрсын ұлт ретінде жұрнағымыз да қалмайды. Десек те, осынау ащы шындықтарға қарамастан арақты тұтына беруіміз санамыз тереңнен улағандығын көрсетеді.

Біз қылмыстарға, барлық жаманшылықтарға себепші нөмірі бірінші нағыз қылмыскер алкогольмен күреспейтініміз қызық. Алкоголизмге қарсы күрес ретінде мынадай ұсыныстарым бар: 1. Алкогольді ішімдік ішіп, кез келген құқық бұзушылық орын алса, қоғамдық тәртіпті бұзса, оны тек айыппұлмен ғана емес жұмыс орнына хабар жіберіп, сол жерде де түрлі жолдармен жазаласа. Жұмыс орны арқылы жазалау алкогольді ішімдіктерді жөн жосықсыз ішуді бірден тыяды. Халықтың жұмыстан айрылып қаламын деген үрейі барлығына көндіреді; 2. 20 градустан жоғары алкогольді ішімдіктерді өндіруге, сатуға тыйым салу керек. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Көптеген дамыған елдер осылай тыйым салған; 3. Барлық алкогольді тауарлардың бағасын барынша қымбаттату; 4. Адамның санасына әсер етуден дес бермейтін видеоөнімдердегі алкоголизмді насихаттайтын белгілерін алып тастау үшін сараптамадан өткізіп отырса; 5. Aлкогольді тұтыну жасын жоғарылатса, мысалыға адамның ағзасы 22-23 жасқа дейін даму үстінде болады десек, осы жасқа дейін алкогольді тұтынуға, яғни сатуға тыйым салса. Адамзат тарихында алкоголь тұтынушылар, алкоголь тұтынбайтындардың құқын үнемі бұзып келеді екен. Бізде әлі де болса алкогольді тұтынушылардың құқы туралы ойлап, тұтыну жасын ұлғайтпай келеміз. Ал алкогольді тұтынбайтындардың құқын ұмытып кете береміз. Яғни биологиялық тұрғыдан жетілгенмен психологиялық, сана-сезімнің жетілуі тұрғысынан қарастырғанда алкогольді тұтыну жасын ұлғайту ешкімнің құқын бұзбайды. Әлі психологиялық тұрғыдан жетіліп үлгермеген жас ұрпақтың алкоголизмнің қармағына оңай түсетіндігі белгілі. Алкоголизмнің бастауы, қайнар бұлағы осы жерде жатыр. Себебі «не ексең соны орасың». Жастайынан, әлі ақылы кіріп үлгермеген ағза алкогольге бой үйретіп алған соң, кейіннен бұл қалыпты жағдайға айналады. Егер де ақылы кіргенге дейін алкогольді бермей, заңмен тыйым салып, үгіт-насихат жүргізсек, сонда ғана егініміздің жемісін көруге болады. Алкоголизмнің түбіне балта шабылар еді. Алкоголизмге қарсы күресте ең басты жемісін беретін әдіс те осы. Ал алкогольге ағзасы уланғандарға, тәуелді болғандарға ешқандай антиалкогольдік үгіт насихат не тыйым, шектеулер, ешнәрсе, ешқандай жағдай әсер етпейді. Сондықтан да осы күнге дейінгі антиалкогольдік әрекеттерден нәтиже шыққан емес; 6. Алкогольді ішімдіктерді тұтынудың шырқау шыңына шығатын кезі жаңа жыл. Сонымен қатар ауру, қылмыстардың да жоғарылайтын кезі. Осы күні айықтырғыштар мен ауруханалар артық адам қабылдауға дайындала бастайды екен. Әрине, билік Тәуелсіздік күнінен де жаңа жылды артық көріп, шектен тыс насихаттап жатқан кезде, жат мерекені тойлауды тоқтату керек деп ұсыныс айту бекершілік. Бірақ құрығанда сол жаңа жылды ішімдіксіз қарсы алу туралы үгіт-насихат кеңінен жүргізілсе, аз болса да нәтиже бола ма деген үміт. Мерекені тек алкогольмен тойлау керек деп уланған санамызды қайта емдеп, барлық жамандықтардың бастауы болған алкогольсіз жаңа жылымызды бастауды әдетке айналдырсақ. Жақында ғана Елбасымыз Н.Назарбаев жаңа жылдың кезінде шампанның орнына қымыз ішу бастамасын көтерді. Бұл жай айтыла салған емес. Алкоголизм туралы қоғамдық пікір тумаса да, халықтың қарсылығы білінбесе де, бұл мәселені тұңғыш көтеруінің себебі соңғы кездері Қазақстанның алкогольге тәуелділігі күрт артып кетті. Сондықтан да Елбасымыздың дер кезінде көтерген осы өте орынды, пайдалы ұсынысын қолдап, біртіндеп алкогольге және Ресейге тәуелділігімізді осылайша азайтуымыз керек. Тіпті алколгольді ең көп тұтынады деген Ресейдің өзі соңғы екі жылда жаңа жыл қарсаңында Мәскеудің орталығында алкогольді ішімдіктер сатуға тыйым салып келеді. Бұдан бөлек түрлі шектеулерді көбейтіп жатыр. Ал біздің жағдайымыз мүлде бөлек. Алкогольге тез тәуелді болатынымызбен қоса, қанында қызуы бар біз сияқты халыққа алкогольдің қызуын қосу күйдіріп, өртеп жіберумен тең. Отарланған елдің алкогольге тәуелділігі алкоголизмге ұрындырып, тез жойылатыны ақиқат.

Табиғат ресурстары азайып, халық көбейіп, жер тарылып жатқан заманда Қазақтың байлыққа толы ұлан-байтақ жерін соғыссыз жаулап алуға бел буып отырған сыртқы күштерге, ең бастысы алкоголизмге қарсы қазір күреспесек ертең тым кеш болары анық. Күресті тым кеш бастар болсақ, басымыздан бағымыз біржола ұшары анық.

Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары