ТҰРСЫНБАЙ ДАТҚА ТУРАЛЫ СӨЗ

ТҰРСЫНБАЙ ДАТҚА ТУРАЛЫ СӨЗ

ТҰРСЫНБАЙ ДАТҚА  ТУРАЛЫ СӨЗ
ашық дереккөзі
716

Атақты ақын Мәнсүр Беке­жанов «Иманжүсіпке хат» атты, қоқан­дықтардың билігі кезінде датқа атанған бірнеше билерге сипаттама беріп жазған өлеңінде:

…Бесінші датқалардан Тұрсынбай бар, Дауысы Бұқар, Қоқан, Қыр, Сырда бар. Қашпай жау қарсы тұрып қалған емес, Шығарса қынабынан қылышын егер, – деген. Замандасы Мәнсүр ақынның жырынан-ақ Тұрсынбайдың би, датқа ғана емес, елін, жерін қорғаған батыр да болғандығына көз жеткіземіз. Сыр мен қырға есімі жайылып, ақындар өлең арнаған датқалардың бірі Тұрсынбай Бүркітбайұлы жұртшылыққа несімен жақты. Патшалық Ресей мен қоқандық билеушілер кезінде қандай роль атқарды, халқын қалай қорғады дегенге келер болсақ, Тұрсынбай бидің (датқаның) орын алған жағдайларға қарай әрекет етіп отырғаны байқалды. Орыстың зауряд-хорунжиі мен Қоқанның «датқа» лауазымын ала отырып, кейде ашық, кейде белгісіздеу жолдармен Сыр бойындағы қазақ ауылдарының шапқыншылыққа ұшырамауына ықпал етіп отырған. 1844 жылы Кенесары ханның жасақ­тары өздерін қолдамаған 20 ауылды шапқан тонаған. Ал 1845 жылы Тұрсынбай би Кенесары ханмен кездесіп, келісімге келуі нәтижесінде өзінің қарамағындағы ауылдарды тоналудан сақтап қалған. Бұл сөздерімізді растайтын құжаттар Кенесары көтерілісі жайлы жазылған түрлі анықтама, тапсырма рапорттарда көрініс береді. Сол құжаттардың бірінде (5 қараша, 1845 жылғы сұлтан Ахмет Жантөриннің жазбасында) Кенесары Қасымовтың ордасы Қаратау, Қарамұрын, Сегізсай, Айнакөл, Сарысу, Сырдария өзені бойына жақын келгені және қыркүйек айының ортасында қазақтардың белгілі билері: Балаби, Дос­бол, Тобағабыл, Тұрсынбай, Торғаймен кездескені айтылады. Оларды өз жағына тартып, Қоқан бекіністерін жаулап алуды ойластырып отыр», – деп жазыпты. Бұл тұста да Тұрсынбай бидің іш есебі болса керек. Ал қоқандық бектерден өз руластарын қалай сақтағаны жайлы әңгіме бөлек. Сырдария шебінің қазақтарын басқа­рудың 1860 жылғы берілген есебінде: «…Но кочевание кипчаков близ Джулек и даже по ту сторону его, было совершенно спокойно; скот, в особенности бараны и верблюды в отличном теле. Этому обязаны кипчаки своему управляющему зауряд-хорунжему Турсунбаю Бүркутбаеву, который различиными уловками и хитростью умел обезопасить своих кочевников от разграбления». Демек, жоғарыда жазылғандай Тұрсынбай елін, жерін сақтау жолында түрлі әдістерге барған ақылды жан. Орыс офицері, подполковник Макшеевтің «Описание низовья Сыр-Дарьи» атты зерттеу еңбегінде Орскі-Ташкент аралығындағы қорған, бекіністер мен жер атауларын келтіріпті. Осы кітаптың 48-бетінде қыпшақ Қабыл батырдың төбесі мен Боқтыөлеңдегі Тұрсынбай датқаның бекінісінің Перовскіден 18-20 шақырым жерде екенінен де хабардар еткен. Т.Бүркітбайұлы 1830-1853 жылдарда қоқан­дықтардан «датқа» атағын алса, Ресей өкіметі мен қазақ жұртшылығы би деп атаған. Нақтыласақ, орыс патшалығы 1854 жылы зауряд-хорунжий, 1859 жылы иыққа тағатын Станислав лентасымен марапаттаған. Жалпы, Т.Бүркітбаевтың ел билігіне араласуы ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында басталған. Ал Сырдария шебінің құжаттарында оның есімі 1840 жылдардан бастап көрініс береді. Тұрсынбай би туралы түрлі жазбаларда оның іс-әрекеті, жаз жайлауы мен қыс қыстауы, басқа да жазылымдар 1862,1863 жылдардағы мұрағат құжаттарында кездеседі. Жөлек қорғаны, Кенесары хан жайлы құжаттарда Тұрсынбай бидің туған жылы мен өмірден өткені жайлы нақты деректер кездеспеді. Меніңше, Тұрсынбай туралы (өмірі жайлы) ауызша айтылып жүрген цифрлар жаңсақ. Өйткені бидің екінші ұлы Әлмұхамед (Әлмәмбет) 1836 жылы, жетінші ұлы Жүсіпназардың 1856 жылы туғаны нақты көрсетілген. Жүсіпназардан кейін 3 ұлдың өмірге келгенін ескерсек (олардың арасы – 2 жыл болған), Тұрсынбай бидің кенжесі Жұманы 1861-1862 жылы өмірге келген дегенге тоқтасақ, би шамамен 1862-1863 жылдары өмірден өтті деген тоқтамға келеміз. Ал ауызша айтылып жүрген 1854 жылы қайтыс болған деген жаңсақ пікір. Өйткені Тұрсынбай Бүркітбаев Сырдария шебі бастығына 1859 жылы 15 мамырда өзінің бекінісін орыс солдаттарының өртеп кеткенін жазып арызданған. Бекіністен орыс солдаты шыққаннан кейін өрт басталғанын Медетбаев көргенін жазған. Бұл әңгімені Жаппас билері: «Балықбай Төребаев депутат пен зауряд-хорунжий Құлбай Бекмурзинның естігендерін алға тартып, бекініспен бірге 6 қап бидай, 5 қап арпа, 30 қап тарысының өртенгенін жазған. Сырдария шебінен арнайы комиссия құрылып, бидің арызын тексеріп, өртелгенін растап, бірақ онда астық болмағанын айтады. Бидің 1854 жылы өмірден өткен деген сөздердің дұрыс емес екендігін Сырдария шебі бастығының 1859 жылғы 2 шілдедегі №338 санды қатынасынан көреміз. Онда Петерборға Жаппас руының құрметті биі, хорунжий Тайпы Жаңбыршин мен Қыпшақ руының басқарушысы, зауряд-хорунжий Тұрсынбай Бүркітбаевты 4 шілдеден қалдырмай, өз қаражаты мен тура жолмен Орал бекінісіне одан әрі қарай Орынборға жетуі үшін екі биге 1859 жылы 3 шілдеде 25 сом күміс ақша берілген. Қатынасқа Сырдария шебінің бастығы генерал-майор Данзас қол қойған. Осы өңірдегі қазақтарды басқарушы Осмоловскийге 25 сом күміс ақшаны алғандығы жайлы Т.Бүркітбаев қолын қойып, мөрін басып растаған. Бұл тарихи сапарға, патша қабылдауына қазақ даласынан 1859 жылдың 3 тамызында Александр-ІІ-нің шақыртуы бойынша 13 адам жолға шығады. Олар 12 тамызда Нижний Новгородта, Мәскеуде болады. Қазақтардан құралған бұл үшінші делегация болатын. 24 тамызда делегаттар Петерборға келіп жетіп, көрнекті жерлерін аралап көріп, 9 қыркүйекте Александр-ІІ патшаның қабылдауында болады. Патша өзінің арнайы жарлығымен Сырдария шебінен барған Тайпы Жаңбыршин және Тұрсынбай Бүркітбаевты Станислав лентасы, алтын медальмен марапаттайды. Бұл делегаттар 1859 жылдың 13 қыркүйегінде елге қайтып, жолда Мәскеу қаласында 7-9 күндей аялдап барып, Орынборға келеді. Бұл Александр-ІІ патшаның астарлы саясатынан туындаған сапар екенін көзі ашық қазақ өкілдері көкірегіне түйіп қайтады. Осы қабылдау күндерінде Тайпы Жаңбыршин мен Тұрсынбай Бүркітбаевтарды патша мұрагерлері және ұлы князь Константин мен Николай, Михаил Николаев қабылдайды. Осында Ішкі істер министрі екеуіне де жоғарыда айтылған сыйлықтар берген. Жалпы, 1849-1860 жылдар аралығында патша қазақ өкілдерін 4 рет қабылдаған. Бұған әрдайым Орынбор мен Самара генерал-губернаторы А.А.Катенин мұрындық болып отырған. Петерборға барғандардың біразының жасы 40-50-ден аспағанын ескерсек, Тұрсынбай би сол тұста 56-57 жас шамасында болған деуге негіз бар. 1803-1804 жылдарда өмірге келген демекпіз. 1860 жылғы мұрағат құжатында Дәуқара жақтан келген Құлбаба, Досан атты ұрылар Шөмекей, Жаппас ауылдарының малдарын ұрлайды. Тоғай атты жерде отырған Т.Бүркітбаев ауылының малдарын ұрлауға шығады. Ұрылардың іс-әрекетінен хабардар болып отырған Тұрсынбай оларға қарсы жігіттерін жіберіп, жылқыларын қайтарып алады. Барымта кезінде Құлбаба өліп, Досан Түркістан жаққа қашып кеткендігі жайлы жазылған. Тұрсынбай Бүркітбаев есімі ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының басынан кейін кездеспейді. Демек Т.Бүркітбаев шамамен 1862-1863 жылдары өмірден өткен. Оның асын рулас інісі, халық соты Битуған Нұрымбетов басқарған. Ал Битуған бидің өзі 1918-1919 жылдардағы Гержоттың билігі кезінде атылған деседі. Туғанына 200 жыл толса да, ұмытылмай халық жадында болуы, оның биік тұлға болғанын, халық сенімінен шыққандығының айғағы. Тұрсынбай Бүркітбайұлының кіндігінен өзіне ұқсаған, ат-жалын тартып туған азаматтар өсіп-өнген. Оның 10 ұлы және бірнеше қыздары бар. Осылардың ішінде ел көзіне көрінген, тұлға болған балалары мен немерелеріне тоқталып өту керек-ақ. ӘЛМҰХАМЕД (ӘЛМӘМБЕТ) ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ Тұрсынбай датқаның баласы Әлмәмбет туралы 1861 жылғы мұрағаттағы деректе Әлмұхамед Тұрсынбаев қыпшақтардың басқарушысы екенін және осы жылдың 3 ақпанында тиісті орынға 1684 сом 50 тиынның түтін пұлын өткізгені жазылған. Мұны Әлмұхамед бидің өзі растап, қолын қойып, мөрін басқан. 1866 жылғы 18 мамырда Түркістан облысының қазақтарының оңтүстік бөлігін басқарушысының жазған қатынасында қыпшақ биі Әлмұхамед Тұрсынбаевтың Жөлек қорғаны басқарушысының шақыруына келмегені айтылған. Ә. Тұрсынбаевты орыс шенеуніктері 1866 жылы пошта бекеттерінің жолдарын ұйымдастырып, күш-көлікпен көмектескені үшін марапаттау керек екенін де жазыпты. Ал 1906 жылғы құжатта Әлмәмбет Тұрсынбаевтың 70 жаста екені, заңды некеде тұрғаны, діні мұсылман екендігі де қоса берілген. Сонда Әлмұхамед 1836 жылы туған болады. Келесі 1908 жылғы мұрағат дерегінде билер мәжілісіне қатысқаны айтылады. Ә.Тұрсынбаев жайлы жазба деректер мен ауыз әдебиетінде біраз әңгімелер бар. ЖҮСІПНАЗАР ТҰРСЫНБАЙ БАЛАСЫ Жүсіпназар Тұрсынбай бидің жетінші ұлы. Бұл да жастайынан зерек, ойлы болып өсіп, билікке ерте араласқан. Сызық пен Ерубайдан кейін Жөлекте (1902-1906 ж.) болыс болған. 1907 жылдың 7 ақпанында Перовскі уездік бітімгершілік сотының № 2 бөліміне жауап берген Ж.Тұрсынбаевтың тергеу қағазында (1908 ж.) оның 50 жаста болғанын, Головачский болысының 6 ауылында тұратынын, сауаты барын, мал шаруашылығымен айналысатыны хатқа түскен. Ж.Тұрсынбаев жоғарыдағы жауабында халық соты Жалдықара Ержігітов пен Ботай Әуезовтың жазбаларын көрмегенін жазады. Сотқа берген жауабында Ж.Тұрсынбаев өзінің болыс екенін және Қойбасаровтың өліміне қатысты қаралған сотқа қатысқанын айтады. Осы оқиға тұсында Ж.Тұрсынбаев уақытша болыстық қызметінен түсіп, уақытша болыстықты Смайыл Тұрманов атқарған. ТҰРСЫНБАЙ БИДІҢ НЕМЕРЕСІ ОМАР ЖАЙЫНДА Тұрсынбай бидің немересі Омар Әлмәмбетұлы жасынан билікке араласқан. Оның есімі мұрағат құжатында 1911 жылы көрініс береді. 1912 жылдың тамызында Омар Әлмұхамедов Головаческий болысының уақытша басқарушы екенінде айтылған. Омар Әлмұхамедовтың Жөлек учаскелік приставына 1912 жылдың 15 қарашасында жазған хабарында, 1911 жылы №10 ауылдық старшинасына Нарық Ахметовты ұсынғанын, арнайы тіркеу кітапшасын Жөлектегі пристав кеңсесіне жібергенін жазып, қолын қойған. 1913 жылдың 6 ақпанында Сырдария облыстық басқармасы Омар Әлмұхамедовтің қызметтік ісін қайта қараған. Қорытындысына алдын-ала тексеру-зерттеу, куәлардан сұрау нәтижесінде старшина Ахметовты сайлау дұрыс өткендігі анықталғанын, болыстың өтірік құжат жасалмағаны анықталып, Ташкент округтық сотының қорытындысы мен іс қысқартылуға, қылмыстық ісін қысқартуға бұйрық берілген. Осы жауаптасу кезінде сотқа берген жауабында Омар «Головаческий болысының 10 ауылында тұратынын, жасының 37-де сауаты барын, үйленген, балаларының барлығын егін және мал шаруашылығымен айналысатынын жазып қалдырған. Сонда Омар 1875 жылы туған болады. Омар ұрпақтары да замандастарының алды болған азаматтар. ТҰРСЫНБАЙ БИДІҢ ШӨБЕРЕСІ АБДОЛЛА «Тектіден текті туады» демекші, сонау Бүркітбай, Тұрсынбайлардан басталған ел билеушілік қабілет шөбересі Абдоллаға, шөпшегі Мейрам Омаровқа дейін жеткен­дігін көреміз. «Советская степь» газетінің 1929 жыл­дың 18 қыркүйегінде Қызылордадан жазған Т.Малехоньковтың «Ячейка без лица» атты мақаласында А.Жүсіпназаров жайлы сөз қозғаған. Аталған мақалада қазірде партиялық тазалаудан қалып тұрғаны Жүсіпназаров екенін, оның бұл күнде окрисполкомда жауапты хат­шы қызметінде отырғанын және де партиялық тазалау алдында өзі сұранып, Аралда бас балық инспекторы болып кеткенін жазған. Тез арада партиялық тазалау жүргізудің қажетттігіне тоқталған. Оның бұрын өзін диқан екенін жазғанын, қазірде анықталғандай А.Жүсіпназаровтың атақты датқаның ұрпағы, өз әкесі патшадан шен таққан адам болғаны белгілі болғандығын айтады. Ол өзін 1922 жылға дейін болыстағы топтың көсемі, атақ үшін күрескенін айта отырып: «Менің сол тұстағы классикалық күресім, большевиктік партияға пайдалы болды», – деп жазғанын және Шымбайдағы құрылысты басқара алмай, 1928 жылы Қарақалпақстаннан Қызылордаға келіп, бір ауданда бастық болғаны айтылған. «Домалақ тоғайдан» отын дайындауға міндеттелген. Осы жұмысында байлардың баюына, кейіннен хатшы тұсында қоғамдық қаржыларды талан-таражға түсірген Қызылорда ауданының №1 ауылының байларының бұл істерін соттан жауып қалуға тырысқанын, 1919 жылдан большевиктер партиясының мүшесі бола тұра, устав талаптарын білмейтінін, саясатпен айналыспайды дей келе, мақала авторы оның мансапқа ұмтылғанын, партиялық тазалау кезінде А.Жүсіпназаровтың ВКП(б) қатарынан шығарылғанын жазады. 1928-1929 жылдардағы байларды тәркілеу кезінде, 1932-33 жылдардағы ашаршылық тұсында Тұрсынбайдың ұрпақтары да қудаланып, жан-жаққа шашырап кеткен. Кейбірі туған жерге оралып, елге қызмет атқарды. Би ұр­пақтары негізінен Қызылорда об­лысының Сырдария, Шиелі аудандарында тұрады. Есімі Қыр мен Сырға ғана емес, пат­шалық Ресей мен Қоқан бектеріне, қазақ жұртшылығына белгілі Тұрсынбай жатжұрттықтардың соққысынан ауылдас­тарын қорғай білген, мешіт салдырып, рухани жолға кең өріс берген азамат. Тарихи тұлға, қайраткерлік дәрежеге көтерілген Тұрсынбай Бүркітбайұлының алдағы жылдары 200 жыл толатын мерейлі мерекесі қарсаңында бидің есімін жаңғыртып, оған лайықты құрмет көрсетілсе, нұр үстіне нұр болмақ.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеуші, ғалым

Серіктес жаңалықтары