799
СӨЗ АРҚАУЫ – МЕШІТТЕР МЕН МЕДРЕСЕЛЕР
СӨЗ АРҚАУЫ – МЕШІТТЕР МЕН МЕДРЕСЕЛЕР
Әбсаттар қажы Дербісәлінің бір кітабынан туған ойлар
Әбсаттар қажы Дербісәлінің біздің қасиет тұнған кең даламыздан қаншама кемеңгер ғұлама жандардың жұртқа бұрын беймәлім құнды дүниелерін ыждағатпен іздеп тауып, оны жариялап, ғылыми айналымға қосқаны зиялы қауымға белгілі. Біз оның бірнешеуін ғана атап өткенді жөн көрдік: Х-ХVІІІ ғасырларда Әбу-л Қасым әл-Фараби, Исмайыл әл Жауһари, әл-Фараби, Әбу Ибраһим Исқақ әл-Фараби, Бұрһан ад-Дин Ахмад әл-Фараби, Махмұт әл-Фараби деп кете береді. Қазіргі таңда автордың тиянақты зерттеуінің нәтижесінде атақты Фараби қаласынан шыққан ғалымдардың саны отыздан асты. Ал ғұлама ғалымның Мұхаммед Хайдар Дулатидың жолына арнап сарп еткен еңбегі де ауыз толтырып айтарлықтай. 1994 жылдан бастап 1998 жылға дейін төрт жыл қатарынан Пәкістан, Үндістан, Кашмирге барып жүріп зиратын тапты, 2003 жылы «Тұран» баспасынан жарық көрген «Тарихи Рашиди» атты кітабының жалпы редакциясын басқарып, оның ғылыми өмірбаяндық алғысөзін жазды. Біз шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері» (Атамұра, 2008) атты еңбегін айрықша атап өтер едік. Ғалымның осы кітабы исламның барлық құндылықтарын жан-жақты сөз етіп қоймай, оның адамзат тарихында атқарған ғажап қызметін, адам баласына нұсқаған теңдессіз шынайы әділдік, тазалық, тақуалық жолын құптаймыз. Бұл еңбекте Алланың құдіреті, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хақтығы, сонымен қоса басқа да пайғамбарлардың хақ жолындағы жанкешті іс-әрекеті, Орта Азия және Қазақстаннан шыққан бұрын зерттелмеген қаншама ғұламалардың ғылымға қосқан үлесі, өмір тарихы ғылыми түрде дәлелденіп, жарқырап көрінген. Ата-бабамыз әлімсақтан бері мұсылман, біздің бар тірлігіміз исламмен берік байланған ғұлама ғалымға сөз берсек, ол: «Иә, 1906 жылдың көктемінде Жетісу мұсылмандарының тұңғыш құрылтайының өткеніне де жуырда 80 жыл, яғни бір ғасыр толды. Қазақстан жұртшылығы, ислам діндарлары мұсылмандардың осынау құрылтайын арнайы іс-шаралармен атап өтуде… Жетісу мұсылмандарының тұңғыш съезі жайлы сөз қозғау тарихқа бойлап, ата-баба құндылықтары мен мәдени қайнарларымызға құрметпен қарауды, қазіргі кезеңде тұрақтылықты қамтамасыз, егемендікті баянды етуге, сондай-ақ, болашақ үшін де ықпалы зор. Отандық тарих исламмен байланысын ешқашан да үзген емес, тіпті ислам дәстүрлерінсіз қазақ мәдениетін елестету де мүмкін емес. Сол себепті ислам біздің рухани дамуымыздың негізгі қозғаушы күші десек, асыра айтқандық емес. Мұсылмандық Орта Азияға, оның ішінде қазақ еліне біздің дәуіріміздің VІІІ ғасырында ене бастады. 751 жылы Талас бойында қарақытайлықтармен мұсылмандар арасындағы шешуші шайқас және мұсылмандардың жеңісі бүкіл ортаазиялық аймаққа ислам діні ғана емес, сондай-ақ, мәдениетінің де еркін таралуына жол ашты», – десе (жоғарыда аталған кітапта, 192-б.) бізге бәрі де түсінікті. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі 2009 жылы «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» атты көлемді де толымды еңбекті басып шығарды, бұл ғылыми дүниеге ІХ-ХХ ғасырлардағы біздің ата-бабамыздың ислам жолындағы ерен еңбегі паш етіліп, жан-жақты зерттелген. Әрине, заманнан заман ауысып, уақыт тезіне төзбеген ғибадат орындарының көбі бұл күнде зым-зия жоқ. Автордың олардың қай жерде бой түзегенін, қай мезгілге дейін халыққа қызмет еткенін, қалай аталғанына дейін дәл тауып көрсеткені, көрнекті құрал ретінде суретін қоса бергені құба-құп. Осы орайда аталған кітапта: «…ХVІІІ ғасырда да бауырларымыз мүмкіндіктеріне қарай парыздарын адал атқарған. 1736 жылы кіші жүздің ханы Әбілқайыр (1693-1748) ордасында болған ағылшын саяхатшысы Джон Кэстл қазақ халқы өмірінің өзі байқаған сан қырлы жайын сөз ете келе, дініне де тоқталған. Ол жергілікті халықтың күніне бес рет дәрет алып, намаз оқитынын, балаларды мұсылман ғұрпымен сүндетке отырғызатынын айтады… Оларда молдалардың өте аздығын, барының өзі шамалы оқи және жаза алатындығымен ерекшеленетінін, жазған кезде қамыс қаламды сияға батырып отырып, оңнан солға қарай жазғанын еске алады», – десе (Қазақстанның мешіттері мен медреселері. Алматы, 2009. 15-16-беттер) ешқандай қоспасы жоқ шындық. Әбекең 2011 жылы «Тәуелсіз Қазақстанның мешіттері мен діни оқу орындары» атты екі томдық көлемді еңбекті жазып шығарды («Издательство Аст полиграф» ЖШС, 2011). Осы аталған қостомдық жан-жақты талмай ізденістің, көп сарылып еңбек етудің нәтижесі. Автор: «Мұнда араб елдері, Иран, Пәкістан, Үндістан, Ресей жұртының кітапханалары мен қолжазбаларындағы бұрын-соңды ғылыми көпшілік ақпаратқа түспеген дүниелер һәм республикалық және еліміздің кейбір облыстары мен базбір аудандық мұрағаттарындағы материалдар да пайдаланылды, көптеген мешіт, медреселердің суреттері берілді», – десе, біз кітапты оқи отырып, халық игілігі үшін Әбекеңнің еткен еңбек, төккен теріне шын көңілмен риза боласың. Мешіт пен медреселердің салынған орнын іздей отырып, қаншама ғұлама жандардың тарихына тап болғанын ол тамаша әңгімелейді. Әсіресе ислам діні Өзбек хан (1312-1341) заманында дәуірлепті. Айталық, сол кезде Сайрам, Отырар, Сауран, Тараз, Сығанақ және Баласағұнда көк күмбезді көтеріңкі әсем мешіттер алыстан көз жауын алып тұрғаны анықталып, ғылыми дәлелді айтылған. Әбсаттар Қажы Дербісәлі: «Келешекте орта кәсіптік оқу орындарын тәмамдаған шәкірттердің терең білім алуы үшін жоғары оқу орнын мына үш сала бойынша кеңейту көзделуде. Біріншісі – ислам дінінің қасиеттті кітабы Құран Кәрімді жан-жақты зерттейтін Құрантану бөлімі, екіншісі – Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірі мен өнегелі өсиетіне толы хадистану бөлімі, ал үшіншісі – ислам заңдарын қамтитын шариғаттану бөлімі», – деп (Тәуелсіз Қазақстанның мешіттері мен діни оқу орындары. 2011. 16-б) атап халық үшін ең маңызды дүниені талдап көрсетсе, бұған алып-қосарымыз жоқ. Бұл айтылған мәселелер исламның ең құнды ұстанымы болып табылады. Әсіресе Алланың сөзі аса қасиетті Құран Кәрімнің ішкі заңдарын білу, оны жан-жақты түсіну, адам баласына берекенің бастауы, екі дүниенің жарық нұры, бұл абзал кітапты толық игерген адам бақытты. Өйткені, оны оқыған жанға әрбір харпіне он сауаптан жазылса, бұдан асқан байлық бар ма, бұдан асқан қуаныш бар ма?!», – десе (жоғарыдағы кітапта – 434-б) әрине бұл өте орынды пікір деп білеміз. Зерттеуші Әбекеңнің ғана табысы емес, бұл – бүкіл еліміздің мақтанышы. Елдің атын ер шығарады деп халқымыз тегіннен-тегін айтқан дейсіз бе?! Әбекеңнің істеген қыруар игілікті істерін, әсіресе ислам жолына арнаған мол дүниесін, қаншама тасқа басылған кітаптарын атап шығудың өзі оңай шаруа емес. Бір қуантарлық жағдай, «Әбсаттар Дербісәлі және шығыстану мен руханият мәселелері» атты (2007) кітапқа жазған ғалымдардың жүрекжарды сөздері көп мәселенің бетін ашып, арабист-ғалым, дипломат, шығыстанушы, қоғам қайраткерлігін жан-жақты түйіндеген. Осы орайда Уақап Қыдырханұлына көңіл аударсақ, ол: «Жаһаннаме» – жауһар жыр. Авторы белгісіз қолжазба. Еуропа кітапханаларына ерте түскен. Неміс шығыстанушысы И.М.Хартман оны Иассауи жырларының тобына тіркепті. Башқұрт халқынының перзенті, түрік тарихшыларының топжарғаны Ахмет Зәки Уәлиди-Тоған оны 1937 жылы Берлин кітапханасынан тауып, «Тарихи Рашидимен» салыстырып, «Мұны жазған М.Х.Дулатиден басқа ешкім емес» деген тұжырым жасайды. Мұны ағылшын шығыстанушысы Ч.А.Стори құптайды. Қазақ тарихшысы Т.Сұлтанов М.Х.Дулатидің парсы, түркі тілдерінде өлең жазу мүмкіндігі және «Аяз» деген әдеби ныспысы болғандығын айтады. 1994 жылы Қашқарияға барғанында ұйғыр ғалымдарынан «Хайдар мырза жазбаларының бірталайына «Аяз Шикаста» деп қол қойды» дегенді естіген Ә.Дербісәлі «Жаһаннаме» туралы жорамалдарға біржолата нүкте қояды (Жоғарыда аталған кітапта – 428-б). Осы аталған құнды дүниені 2006 жылы көзмайын тауысып аударып, бірнеше нұсқасын салыстырып, алғысөзін жазып, ғылыми түсінігін жасап, факсимелиесін түсіріп, жеке кітап етіп шығару айтуға ғана жеңіл, «Әйтпесе бұл қыруар еңбек, ұзақ уақытты талап ететін қиын шаруа. Алайда «Жаһаннаме» өте көркем туынды. Мұнда махаббаттың машақатты ауыр жолы, сол жолдағы төзімділік, тапқырлық, әділдік, қайсарлық бәрі-бәрі нанымды сипатталған. Өз ісіне берілген оқымысты Әбекең жайлы Өмірзақ Мелдеханов пен Шейх Асан Сарқұлов: «Аса көрнекті ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің жанкештілік еңбегінің арқасында қазақтың ХVІ ғасырда өмір сүрген көрнекті мемлекет қайраткері, атақты ғалым Мұхаммед Хайдар Дулатиды қайта елге оралтуы еді. Кезінде әйгілі жазушы Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» атты кітабын жазып, екінші Аристотель атанған Әбу Насыр әл-Фарабиді қазақтың ұлы перзенті ретінде әлемге танытқаны бар. Сондай ірі де, іргелі істі Әбсаттар қажы Дербісәлі атқарды. Ең бастысы, өзіміздің жерімізде туып, әлемнің қай түпкірінде де есімі аталатын, қасиетті қазақ топырағынан шыққан ғұламалардың еңбектерін өздеріміздің де танып білуімізде болса керек». Осы жоғарыда айтылған көрнекті де келелі істердің жүзеге асуына байыпты ғылыми жұмыс жүргізген Әбсаттар қажы Дербісәлінің түпкі мақсатының бірі – халқымыздың әлімсақтан бері ислам дінін берік ұстанған мұсылман ел екендігін дәлелдеу деп білеміз. Автор бұл қасиетті жағдайды елімізден шыққан қаншама ғұлама ғалымдардың өмірбаяны мен атқарылған ісі арқылы, сонымен бірге ұлан-байтақ жерімізге салынған мешіт пен медреселердің орнын, тарихын зерттеу арқылы көзімізді жеткізіп, көңілімізді сендіріп отыр. Жоғарыда айтылған дін тарихы, мешіт пен медресе, ақын-жыраулардың исламды жырлауы – біздің ежелден-ақ мұсылман ел екендігімізді көрсетеді. Ислам – халқымыздың өмір тынысы, өлшеусіз байлығы, бұл хақ жол, жетім-жесірді аялайтын, біреуді алдап, біреуді арбамайтын, қолдан келгенше кісіге тек жақсылық жасайтын, екі дүниенің бақытын бағалайтын сара жол. Күллі мұсылманның ұлағатты ұстазы ол – Мұхаммед (с.ғ.с.) екені анық. Мұхаммед (с.ғ.с.) жайлы Американың оқымысты академигі Майкл М.Харт «100 ұлы адам» атты кітабында Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ең бірінші ұлы адам деп таниды. Академик оған мынадай анықтама береді: «Христиандардың саны мұсылмандардан екі есе көп. Сол себепті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бұл кітапта Исадан (ғ.с.) бұрын жазылғаны оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ мұның екі себебі бар: біріншісі – Иса (ғ.с.) христиан дінінің негізін және философиясының негізін қалағанына қарамастан, Мұхаммед (с.ғ.с.) Исаға (с.ғ.) қарағанда маңызды рөл атқарған. Мұхаммед (ғ.с.) Ислам теологиясының негізін қалаушы, ол ең бірінші болып иманды адамдар санының көбеюіне ықпал етті, адамдарға ислам негіздерімен өмір сүруді үйретті. Оған қоса ол қасиетті кітап Құран Кәрімді Алладан жеткізуш?? (28). Бұл өмірден Алла жолына қызмет істеп, қаншама пайғамбарлар өтті, солардың ішіндегі ең ардақтысы – Мұхаммед (с.ғ.с.) екені анық. Осы себепті оған Алланың сүйікті құлы, әрі ардақты пайғамбары деп иман келтіреміз. Адам баласына әу бастан пайғамбардың өмір жолдары үлгі-өнеге, олардың бәрі де өзіне лайықты әртүрлі қиындық көрген, алайда Алла жолында аянбай еңбек еткен, қаншама азап арқаласа да үмітін үзбеген, сабырын тауыспаған, оны біз тағы да Әбекеңнен оқып білеміз: «Адамзат баласы ең асыл қасиеттерді, барша ізгі құндылықтарды пайғамбарлардан үйренді. Мәселен, өз ағаттығы үшін Алла Тағаладан кешірім тілеп, тәубаға келуді мұсылмандар сонау Адам (ғ.с.) атамыздан үйренді. Дұшпандары тарапынан отқа тасталып жатса да, қасқайып тұрып: «Хасбиалла» (медет тілерім бір Алла) дейтін Хас жүрек турашылдықты Алла Тағаланың досы Ибраһимнің (ғ.с.) тәлімінен алды. Өз еңбегімен, һәм маңдай терімен күн көруді Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардан, қиын-қыстау, ауыртпашылықтарға сабыр етуді Айуб (ғ.с.) пайғамбардан, ар-намысты бәрінен жоғары қоюды және әр мәселені даналық және хикметпен шешуді Жүсіп (ғ.с.) пайғамбардан үйренді. Ендеше, бүкіл жақсылық атаулының ең алғашқы насихатшылары пайғамбарлар болған. Олардың өмірі ғибратты үлгі-өнегеге толы. Осынау рухани әлемнің керуенін ғаламның рақым нұры, адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) тәмамдады». Қазірде елімізде екі мың үш жүз мешіт халыққа аянбай күндіз-түні қызмет етіп жатса, әсем қаламыз Алматыда отыз үш мешіт ислам жолын жан-жақты насихаттауда. Әрине, осы жағдай халқымыздың өркендегенін, жеріміздің гүлденгенін көрсетеді. Әрине, бұл дініміз бар жағынан жетіп-жетіліп кетті деген сөз емес, әлі де толмай жатқан, болмай жатқан дүниелер баршылық, қиыр шеттегі ауылға, ауылдың қарадомалақ ұл-қыздарына назар аудару керек. Кейбір жерлерде молдалар тұрақтай алмайды, оның бірнеше себебі бар, оларға тұратын мекен-жай, қаражат жетіспейді, т.б. Халқымыз «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Біз де солай болатынына сенеміз. Бұл күндері Әбекең халықты оқу-білімге жан-жақты үндеп, тарту үстінде, адам рухани байымай, ілгері баспайды, кісі қанша көп білген сайын тереңдеп іздене береді, өйткені, білім – асқар шың, түпсіз теңіз. Исламның да ұстанар сара жолы – білім. Білім мен көгеріп-көктеген Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің де мақсаты ғұлама да иманды жандардың мол болуы.Сәрсенбі ДӘУІТҰЛЫ