КОНТРАБАНДАЛЫҚ ТАСҚЫН ТОЛАСТАР ЕМЕС
КОНТРАБАНДАЛЫҚ ТАСҚЫН ТОЛАСТАР ЕМЕС
Биылғы Аяз атаның жаңа жылға сыйлығы ерекше болды. Әдетте Аяз ата кәмпит ұсынып жататын, кейбіреулері түрлі ойыншықтар беретін еді. Жаңа жыл шыршасының астында көлемінің өзінен адам қорқатын жиналмалы найза-пышақтармен қоса, электр разрядымен бірге электрошокер жатқанын көріп пе едіңіз. Сөйтсек, мұндайда болады екен.
Дәл жаңа жыл қарсаңында осындай қауіпті контрабандалық жүк облыс кеденшілері мен ведомствоаралық қызметкерлердің бірлескен операциясы кезінде Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің «Алатау — КРО» кеден бекетінде тәркіленіпті. «Алатау» кедендік рәсімдеу орталығының жетекшісі Құрманғали Алдабергенов мұндай контрабандалық жүктердің алғаш рет тәркіленіп отырмағанын айтады. Құрманғали Алдабергенов: «Бұл жаңа жыл қарсаңында анықталған ірі контрабандалық тауарлар партиясының біреуі ғана. Қазан айында біз әйгілі өндірушілердің белгілерімен декларация толтырылмаған баспахана жабдықтары, аяқкиім, киім-кешек, опа-далап тиелген он үш ірі жүк көліктерін тоқтаттық. Қараша-желтоқсан айларында осындай тағы алты машинаны ұстаған едік. Бірақ шекараны тәртіпке сай кесіп өтетін өнегелі азаматтармен салыстырғанда, контрабандашылардың үлес пайызы қанша деген сұраққа дәл жауап беру өте қиын. Өйткені олар өз фирмалары мен ЖШС атауларын жиі өзгертіп отырады. Бес-алты машина жүк алып кіргеннен кейін, әлгі фирманы таппай қаласың. Оның орнына жаңа ЖШС пайда болады. Бұлардың көбі бір күндік ғана компаниялар. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде. Мүмкін, бұл жүктердің артында кімдер тұрғанын және қазан айында тұтқындалған контрабандалық жүктермен байланысы бар-жоғын анықтармыз. 2012 жылдың тамыз айынан қазіргі күнге дейін біз 500 тоннаға жуық декларацияланбаған жүк тұтқындадық», – дейді.
Бұл контрабандалық жүкке қатысты істердің көбі қаржы полциясының қарауына жататындықтан, сол мекемеге беріледі. Әйтсе де кейбір сарапшылар Қытай және Кедендік одақ құрамына кіретін елдер арасында тауар айналымы көбейген сайын, контрабандалық ағындар да ұлғая түсетінін айтуда. Ал кеденшілер контрабандашыларға қарсы қозғалған істердің барлығы бірдей сотқа жете бермейтінін айтады. Өйткені олар өздерінің барлық байланыстарын пайдаланып, тиісті адамдарды сатып алуға тырысады екен. Осы арқылы контрабандашылар өздерін және тауарларын тұтқындауға жол бермеудің барлық амалдарын қарастыратын көрінеді.
Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Мәжит Есенбаев дәл осы себептерге байланысты Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің экономикалық контрабанданы, атап айтсақ, еркін айналымда жүрген тауарларды қылмыстық жауапкершілік санатынан әкімшілік жауапкершілік санатына өткізу туралы ұсынысын қолдайтынын айтады. Комитет төрағасы Мәжит Есенбаев: «Мәселе дұрыс қойылып отыр. Біздің тарапымыздан бұған қарсылық жоқ», – дейді. Кеденшілер де арадағы делдалдар мен қандайда бір пысықайлар пайдасын көргенше, декларацияланбаған тауарларға көлемді айыппұлдар салып, сол пайданы мемлекет көргені дұрыс деген пікірді алға тартады.