ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚЫЛМЫСЫ

ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚЫЛМЫСЫ

ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚЫЛМЫСЫ
ашық дереккөзі
294

Жуырда Қызылорда облыстық Арал аудандық соты кәмелетке жасы толмағандардың төрт қылмыстық істерін қарады. Сотталушы Н.Жолдас және Н.Ұзақбаев 2012 жылдың 4 наурызында түнгі сағат 22-і шамасында «Ақ дастархан» сауда үйіне барып, артқы қабырғасын бұзып, ішіне кірген. Ертеңіне дүкен иесі М.Алпамысқызы әрқайсысының құны 20 мың теңгеден тұратын екі «Нокиа-6» және құны 20 мың теңге тұратын бір «Нокиа Е-72» маркалы қалта телефонының, жалпы құны 60 мың теңге тұратын 3 дана қытай қалта телефонының, сондай-ақ кассада қалдырған 50000 теңгесінің қолды болғанын көріп, жедел түрде тиісті орындарға шағымданған. Аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қылмыстық істерге жалпы құны 170000 теңге тұратын мүліктің ұрланғанын тіркеп, жедел іздестіруге кіріседі.

Ұрлыққа дәніккен Н.Жолдас арада аз күн өткен соң өзі секілді Н.Суханберліні оңай табысқа қызықтырып, қылмысқа тартады. Сол жылдың наурыз айының 4-нен 5-не қараған түні екеуі «Алтай» сауда үйінің ішіне еніп, Ж.Айшауованың киім-кешек дүкенінің терезесіндегі темір торды әлдебір құралмен жұлып алып, ішке енген. Бұл дүкенді Ж.Айшауова киім-кешек сатуға жалға алған екен. Олар 265850 теңгенің киім-кешектерін ала қапшықтарға салады да, қаладағы өздері білетін жерге жасырып қояды. Оңай олжаға дәніккен жастар енді құныға бастайды. Сол түні дүкенге қайтып келіп, сатушы М.Есмұрзаеваның жалға алып отырған дүкенінің де терезесіндегі темір торды жұлып алып, 111500 теңгенің мүлкін алып кетеді. Тауарларға қызыққаны соншалық сол түні Г.Сахитжанованың дүкеніне де сондай тәсілмен түсіп, кассадағы 4200 теңгесі мен жалпы құны 46600 теңгенің заттарын тонайды. Сол алғандары аз болғандай олар түн ортасы ауа сауда үйіне қайта оралып, сатушы Ж.Әзілханованың жалға алып отырған дүкенінен 9400, ал Г.Наурызованың дүкенінен 58000 теңгенің киім-кешектер мен мүліктерін жымқырған.

Оларды көп ұзамай аудандық құқық қорғау қызметкерлері қолына түсіреді. Істері сотқа өтіп, жауапқа тартылады. Өткен жылдың маусым айында аудандық сот Нұрсұлтан Жолдас, Нұрлыбек Ұзақбай және Нұртуған Суханберлінің үстінен қылмыстық іс қараған. Жәбір шеккендерге ұрланған тауарлары қайтарылып, олардың кешірім берулеріне байланысты, сондай-ақ айыпталушылардың кәмелеттік жасқа толмауын ескере келе аудандық сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 67-бабының 1-бөлімінің талабына сай оларды қылмыстық істен босатып, кешірім жасалды.

Кәмелетке толмаған жастар арасында басқа да қылмыс түрлері кездеседі. Мысалы, Арман Көшербаев еріккені соншалық қалта телефонының «Агент» жүйесі арқылы кәмелетке толмаған Т.Сүлейменованың атынан Н.Шораевқа жазбаша хат жібереді. Хатта өрескел сөздер жазылған. Кейіндеу Н.Шораев мұны Көшербаевтың жазып жүргенін біліп, сол жүйе арқылы бірін-бірі балағаттайды. Көшербаев: «Таяқ жеп қаласың, қойсайшы», – деп доқ көрсеткен. Ал Шораев намысқа шауып, «Кешке бұрылыста кездесейік», – дейді. Кешкі қараңғылықта Көшербаев қасына Жұмағалиевті ертіп келеді де, Шораевпен кездесіп, біраз керісіп, аяғы жұдырықтасып тынған. Алайда екеуі «Бассейннің» жанында топ балалар жинап, қайта кездесетін болып тарасады. Сол күні түнде екі топ келіскен жерде кездеседі. Төбелес кезінде Көшербаев қолындағы таяқпен Шораевтың тобындағы Әзиевтің маңдайына ұрып, ауыр жарақат салған. Ертеңіне аудандық прокуратура осы мәселе бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу қорытындысы сотқа жіберіледі. Арал аудандық сот 2012 жылы 16 шілдеде осы қылмыстық істі қарап, Арман Көшербаевты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 103- бабының 1 бөлігімен кінәлі деп тауып, 2 жыл бас бостандығынан шектеу жазасына үкім шығарды.

Руслан НҰРЛЫБАЕВ,

Арал ауданы прокурорының көмекшісі

Серіктес жаңалықтары