ОТЫРАР ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛСА...

ОТЫРАР ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛСА...

ОТЫРАР ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛСА...
ашық дереккөзі
404

Отырар ауданы 1935 жылы құрылған. Бүгінде бұл өңірде 57676 халық тұрады. Олар тату-тәтті, бірлік пен ынтымақты ту етіп, тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етуде. Отырар тарихы біздер үшін ерекше. Отырарлықтар өз тарихын, онымен терең сабақтас бүгінгі Отырардың даму үстіндегі тарихын ерекше құрмет тұтады.

Біздің Ұлы қаламыз – Отырар туралы баба тарихымыз енді-енді тіл қата бастады. Қадым заманнан қалған көне ескерткіштер, құм астында көміліп қалған қала орындары мен бүкіл түркі дүниесінің алтын қазыналары Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен дүниеге келген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында ежелгі Отырар тарихы туралы сыр шерте бастаса, облыс әкімдігі мен мәслихаты Отырар ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі бағдарламасының нәтижесінде ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру міндеттері де жалғасын табуда.

Соңғы жылдары Отырар өңірінде бірқатар шаруалар атқарылды. Әуелі шалғайдағы Қожатоғай ауылындағы «Дарбаза» елді мекеніне электр жарығы берілсе, құмның ішіндегі ауылдың бастауыш мектебін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдарда ауыз су мәселесін шешу жолға қойылуда.

Отырар ауданына қарасты бірнеше елді мекендерде осыған дейін дені дұрыс жол салынбаған еді. Салынған жолдың өзі Кеңестер Одағының сарқытындай ойлы-қырлы, шұңқыры көп болатын. Ізі бар да, өзі жоқ жолдардың бәрін қайта қалпына келтірудің өзі де оңай шаруа емес. Аудан әкімдігі соңғы үш жылда жол мәселесімен тікелей айналыса бастады.

Шын мәнінде бүгінгі Отырар – жаңарған, өркендеген Отырар. Аудандағы өзгерістерге қарап таңданбайтындар аз. Ол жайында Отырар ауданының әкімі Бейбіт Сыздықов: «Оның сыры елдің бірлігі мен ынтымағында жатыр. Соның нәтижесінде аудан облысымыздың серпінді дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан өркенді өңірлердің біріне айналып отыр. Әріге бармай-ақ, беріден айтар болсақ, бір ғана 2010-2011 жылдары 6 орта мектеп, 2 бастауыш мектеп, 1 орта мектептің спорт, акт залдары мен асханасы, 9 балабақша, 3 аурухана, 3 емхана, 5 медициналық тірек, 1 ұзындығы 150 метр келетін Сырдария өзеніне салынған Балтакөл-Түркістан көпірі, 2 мұражай, 6 мәдениет кешені, 4 почта ғимараты, 3 спорт кешені, 3 саябақ, 7 Кеңес Одағының Батырлары мен қоғам және мемлекет қайраткерлерінің ескерткіші, 6 мешіт салынып пайдалануға берілді. Сол сияқты 1 кәсіптік техникалық мектеп ғимараты, 5 мемлекеттік мекемелер ғимараты, 12 мектеп күрделі жөндеуден өтті, 1 ет цехы, 1 сүт цехы, 1 көкөніс сақтайтын қойма, 1 жүгері сақтау және өңдеу зауыты, 3 жылыжай, 15 мектеп жанындағы жылыжай, 4 тойхана салынды. Бұлардан басқа Бестораңғыл ауылындағы 1 су плотинасы, 24-151 шақырым елді мекендер арасындағы және елді мекендердің ішкі автокөлік жолдары, 24 екі қабатты тұрғын үйлер мен олардың орталықтандырылған жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 10 елді мекеннің ауыз су құрылысы аяқталып, ұзындығы 23 шақырым 4 канал бетонмен қапталды. 21 канал механикалық тазалаудан өтіп, 50 су сорғыш насостары орнатылды. 2-екі жүз бас мал бордақылау фермасы пайдалануға берілді. 400 гектар жерге 2500 түп көшет, 200 000 түп түрлі ағаштар егілді. 250 гектар жерге тамшылатып суару жұмыстары жүргізілді. 120 отбасыға тұрғын үй алуға, сатып алуға, жөндеуге материалдық көмек көрсетілді. 1790 адам тұрақты жұмыспен қамтылды», – дейді. Мұның бәрі ауданның тыныс-тіршілігі күрт өзгергенін аңғартады.

Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде Әбу Насыр әл-Фараби атындағы руханият мұражайы ашылды. Халықтың рухани пайымын арттыру үшін мұндай мұражайлар қажет- ақ. Ол деннің саулығына, елдің амандығына, жан-дүниесінің тазалығына үндейді. Сондай-ақ аудан әкімінің бастамасымен Балтакөл ауылында ең үлкен көпір салынды. Бұл көпірді жергілікті жұртшылық облыстағы ең үлкен көпірдің бірі деп санайды.

«Жаһандану желі есіп тұрған қазіргі заманда «қанағат қарын тойғызады» деп отыра беруге болмайды, ұмтылыс керек, іс-қимыл керек. Сондықтан да келешекте аталған тұжырымдамада көрсетілген отырарлық ғылым докторлары мен профессор, академиктердің, әлемдік және Азия біріншілігінің жүлдегер спортшылары мен Қазақстан спорт шеберлерінің, Ленин орденді еңбек адамдарының есімдерін тасқа жазып, гүлзарлар ашатын боламыз. Сондай-ақ Елбасымыз Н.Назарбаев 2005 жылғы 2 қыркүйекте Отырарға келген сапарында Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру мәселесін айтқан болатын. Осыған орай келешекте Арыстанбаб кесенесінің жанынан 200 адамдық қонақ үй, этноорталық, әл-Фараби мұражайы, Сұлтан Бейбарыс пен әл-Фарабидің кесенесі салынады. Бұлардан басқа «Шарбақ» бағы бар тарихи-мәдени кешен мұражайы, туристерге қызмет көрсету орталығы, 60 орынды маусымдық қонақ үй, археологиялық нысандардың аспалы конс­трукциялары, Ынталы, Қоғам бағытындағы күре жолдың бойына ұлттық нақыштағы 18 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үйлер салынады», – дейді аудан әкімі.

«Бүгінде білім мен білуге құштар, ештеңеден жасқанбайтын тәуелсіз еліміздің жастары өсіп келеді. Олар туған елін, туған жерін жаңа қырынан танып келеді. Кісі естелікпен есейіп, көргенімен көсем болады десек, жоғарыда аталған маңызды шаралар мен мынау «Отырар даңқы» тарихи танымдық кешенінің әр бөлімі жас ұрпақ санасына өшпес әсер қалдырары сөзсіз. Бальзактың «Дүниені бала көзімен қабылдап, дана пайыммен марқайтамын» деген сөзі бар. «Өмір бойы жазғандарым, балалық шақтан нәр алатын алып дарақ секілді». Мұны да айтқан Бальзак. Ендеше біз жастарымыздың ата-салт дәстүрімізден, шынайы төл тарихымыздан нәр алып өсуіне жағдай жасай беретін боламыз.

Шынайы дейтінім, ұлттық рухымызды асқақтатар төл тарихымыз бен алаштың ардақты ұлдары жайлы деректер кеңестік идеология нәтижесінде бұрмаланып, көпке дейін ашық айтылмай келгені мә­лім. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ұлтжанды алаш ұлдарының ой маржандарын ұйқылы-ояу жүрген бауырларымыздың, жастарымыздың санасына сәуледей сі­ңір­сем деп шырылдап жүрген ауданымыздың бұрынғы басшысы, сенатор Қуаныш Айтаханов ағамыз жоғарыда аталған «Отырар даңқы» тарихи-танымдық кешенінің бірінші, екінші кезеңін қолға алып, ел игілігіне пайдалануға берген болатын», – деген еді Бейбіт Сыздықов баспасөз беттеріне берген сұхбаттарының бірінде.

Бейбіт Сыздықовтың Сыздық атасы он саусағынан өнері тамған, шебер ұста болған екен. Сыздық атасы жасаған қайығын Оңтүстік Қазақстан облысына келген іс-сапарларының бірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көріп, оң бағасын берген екен. Бүгінде шебердің қолынан шыққан бұл бұйым мұражайға қойылған. Қазақта «ата көрген оқ жанар» деген қасиетті сөз бар. Осы орайда, ата мен әженің тәрбиесін көріп өскен әкімнің бойынан үлкенге ізет, кішіге құрмет табылады демекпіз.

Едіге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары