АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
ашық дереккөзі
321

Халықаралық агенттіктер әлемде орын алған табиғат апаттарының шығындарын жарыса есептеп, үрейлі хабарды жеткізуге жанталасады. Құдды бір бірінші болғанына сыйлық алатындай. Осындай агенттіктердің бірі Munich Re үрейлі «2012»-нің қорытындысын жариялады. Тосын мінез танытқан табиғаттың жыл сайынғы шығыны ұлғайып келеді екен.

Жамбылдағы табиғи апат жергілікті халықтың зәре-құтын қашырды, қара желден халық зәруап болды. Елді мекендер арасында жол қатынасы ширығып тұр. Оның үстіне зардап шеккен тұрғындарға көмек кешігіп жетуде. Әзірге қара дауылдың жалпы шығын көлемі анықталуда. Ал Жаңатас пен Қаратаудың жалпы шығыны 2 миллиард 7 миллион теңгеге жетіп жығылған және бұл ақтық есеп емес. Еліміздің оңтүстігін шарпыған табиғат апаты облыс экономикасына елеулі ықпал етері сөзсіз. Табиғат ананың тосын мінезі талайды әбігерге салды.

2010 жылы Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарын жоюға 10,2 млрд. теңгедей қаржы керек болған. Сондай-ақ Қызылағаш апатынан кейін қалпына келтіру жұмыстарына 8 миллиардтан астам теңге жұмсалып, небәрі үш айдың ішінде ауыл жаңадан бой көтерді.

2012 жылы табиғат апаттарының салдарынан әлемдік экономиканың шығындары 160 миллиард долларды құраған. Бұл неміс сақтандыру компаниясының мәліметі. Бұл қомақты соманың басым бөлігі АҚШ-тағы апаттарға тиесілі, осынау залалдың 67 пайызы және алдын-ала сақтандырылып, өтемақысы төленетін шығынның 90 пайызы осында тіркелген. АҚШ-тағы президент сайлауы тұсында соққан «Сэнди» дауылы құрлықтың шығыс жағалауын күйретіп кетті. Құрлыққа дейін дауылдың лебі Кариб теңізіндегі Гаити, Куба және Ямайка аралдарын желпіп өтіп, 210 адам шығынын әкелді. Батыс халқы қолда бар мүлкін алдын-ала сақтандыруды әдетке айналдырған, десек те «Сэнди» дауылы ешкімнің қалтасына қайырымдылық танытқан жоқ. Кейбір ақпарат көздері дәл осы дауылдың салдарын қалпына келтіріп, залалды толтыру Обаманың президент тағына қайта жайғасуына септігін тигізді деп пайымдады. Бірақ АҚШ-ты есінен тандырған жалғыз бұл жағдай емес. Өткен жылғы қуаңшылық АҚШ-тың ауылшаруашылығы секторын әбігерге салғаны бар. Мемлекеттің негізгі ауылшаруашылық өнімдеріне зиян келді. Нәтижесінде 20 миллиард доллар құрғақшылықта құрып кетті. Munich Re сарапшыларының пайымдауынша, осы екі жайт АҚШ-қа ауыр тиді, сөйтіп әлемдік экономиканың кілтін ұстаған АҚШ-тың экономикалық шығыны жылдан жылға ұлғайып барады.

Неміс сарапшыларының есебінше, 2012 жылы дүниежүзі бойынша 9500 адам табиғат апаттарының құрбаны болған. Бірақ 2011 жылмен салыстырғанда жағдай тәуір. Өйткені 2011 жылы Жапония мен Жаңа Зеландиядағы жер сілкінісі, Тайландтағы топан су шығындары одан да көп. Оның орта есебі – 400 миллиард доллар болса, алдын ала сақтандырылған шығын көздері – 119 миллиард доллар. Бұл тарихтағы рекордтық көрсеткіш. Сол жылы адам шығыны да көп болған екен.

Жылдан жылға табиғат апаттарының саны ұлғайып келеді. ХХ ғасырға қарағанда ХХІ ғасырда апаттардың ауқымы мен экономикалық шығыны анағұрлым көп. Бірақ, бір қуаныштысы зардап шеккендер мен құрбандар саны кеміген. Бұл үрдісті қалай түсіндіруге болады? Сонымен қатар әлемдегі ауқымды апат еңселі экономикасы бар елдерге тиесілі. Мәселен, АҚШ пен Қытай. Оның сыры неде? Мамандар оған былай түсініктеме береді. Біріншіден, климаттың өзгеру салдарынан табиғат апаттарының жаңа түрлері пайда болған. Екіншіден, жасанды нысандардың көптеп салынуы. Олар оңай бұзылады, апаттық жағдай қалыптастырады.

Әлемдік ЖІӨ 60 триллион доллар деп бағаланады, ал шығын 160 миллиард долларды құрады. Сонда бұл көрсеткіш әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 0,25 пайызы. Мұны есептеудің қажеті жоқ сияқты, өйткені аз ғана сома. Алайда оның екінші жағы бар. Жыл сайын әлемдік жалпы өнім 3 пайызға өсіп отырса, апат шығыны да өсуі мүмкін ғой. Табиғи апат салдарынан экономика шығынға ұшырайды. Бірақ зардап шеккен аймаққа мемлекеттік қазынадан қаржы бөлініп, ЖІӨ-нің өсуіне әсер етеді. Бұл экономикаға оң әсер етеді деген сөз емес. Ресурстар ысырап болады, өндіріс күші тоқтайды, сақтандыру төлемдері кемиді, сондай-ақ еңбек етудің азаюы – мұның бәрі елдің тұрақты дамуына кері әсерін тигізеді. Десек те экономиканың жаңа деңгейге өтуіне ықпал етеді. Бұған дәлел – Жапония экономикасы.

2011 жылы жер сілкінісі мен цунамиден кейін Жапония еңсесін көтерді. Бұл апаттың салдарынан жапон үкіметі 235 миллиард долларға шығындалған еді. Бұл сома елдің ЖІӨ-нің 4 пайызы. Табиғаттың тосын мінезін көрген жапондықтар ел экономикасын қалайда қалпына келтіруге кірісті. Әсіресе ел экономикасының тұтқасына айналған әйгілі toyota автокөлік зауыттарын іске қосуды бастап кетті. Апаттан соң бас көтерген жапон үкіметі экономиканы көтеруге қомақты қаржы құйды, жаңадан ірі жобаларды іске қосып, табиғат апаты салдарын жоюға қосымша күш жұмылдырды. Жұмыс күші бұрынғыдан да көбейе түсті. Кез келген мемлекетте шаруашылық субъектілер бытырап кетсе және қалпына келтірудің тұрақты бағдары болмаса, табиғат апаты экономикалық апатқа айналады.

Мұндай жағдай үшін сақтандыру агенттіктері жұмыс істейді, бірақ кәсіптің бұл түрі тәуекелге бел бууды талап етеді. 2012 жылы осындай агенттіктерге де күн туды. Жалпы былтыр әлемдік экономиканың шығыны мол болды. Ескі жылды дүниежүзі қорқа қарсы алған еді. Заманақыр келіп, экономика тұрмақ адамның басы саудаға салына ма деген күнді күтті көпшілік. Алайда табиғи апаттан зардап шеккендер мен құрбандар саны соңғы бес жылмен салыстырғанда аз. 2013 жылда табиғи апат саны аз болады деп үміттенеміз.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары