«КӘРІ ҚАСҚЫРДЫҢ» ТҮЛКІБҰЛАҢЫ

«КӘРІ ҚАСҚЫРДЫҢ» ТҮЛКІБҰЛАҢЫ

«КӘРІ ҚАСҚЫРДЫҢ» ТҮЛКІБҰЛАҢЫ
ашық дереккөзі
151

Әлемдік валюта нарығындағы толқу толастар емес

Еліміздегі ақша айырбастау пунк­ттеріндегі валюта айналымы арнасын өзгерткен сияқты. Бұған дейін шетел валютасына сұраныс көп болған, бірақ 2012 жылдың аяғындағы нәтиже бойынша доллар сатылымы 8 пайызға, евро 4 пайызға қысқарған екен.

Халық арасында қаржысын шетел валютасымен сақтайтындар саны аз емес. Кіл байлардың қомақты қаражатын теңгемен емес, банктерде доллар және еуромен сақтайтынын нарық дәлелдеп отыр. Соңғы кездері олар қытай юаніне де көшкен. Алайда халықаралық агенттіктер әзірге қытай экономикасының бір орында тоқтап тұрғанын айтып, жар салуда. Сондықтан байлығын юаньмен сақтау болашақта пайдасын тигізбесе, әзірге сенімсіздеу шаруа.

Ақша айырбастау пункттерінің қорытындысын жасаған Ranking.kz рубльге сұраныс артқанын айтып отыр. Әрине, бірінші орында – доллар. Рубльге деген сұраныстың еуроны қуып жетіп, басып озуы Қазақстан халқының еуроға деген сенімсіздігінен болар. 2012 жылдың қараша айында 4,1 миллиард Ресей валютасы сатылған. Бұл біздің ақшамызбен есептегенде – 19,8 миллиард теңге. Ал 2012 жылдың дәл осы айында айырбастау пункттерінде жалпы сомасы 25 миллиард теңгеге татитын еуро сатылған. Аз ақша емес, осыдан кейін Қазақстанда еуро мен рубльдің терезесі теңесе бастағанын аңғаруға болады. Бірақ рубль де, еуро да доллармен иық тірестіре алмай тұр. Сатылған доллар көлемі жергілікті валютаға шаққанда 277 миллиард теңгеден асып жығылады. Бұл жағдай Қазақстанда ғана қалыптасқан жағдай емес, бүкіл әлемнің бастан кешіп отырған күйі. Тіпті қаржы дағдарысының себебі болған долларды мемлекет ішінде сұранысын азайтпауы оның әлі де бірнеше онжылдыққа азық боларын аңғартса керек.

Қазақстанда рубльге деген сұраныстың артуын қалай түсіндіруге болады? Оп-оңай, Ресеймен шекарамыз айқасып, көрші жатқандықтан оған жақын аймақтардың рубльге қызығуы түсінікті де. Жан басына шаққанда валютаны сатып алудың анық көрсеткішін байқауға болады. Мәселен, бір қазақстандыққа 1,2 мың рубль, 16,4 мың доллар және 1,5 мың еуродан келеді. Бірақ бұл көрсеткіш нақты деу қиын, өйткені республикамыздың солтүстік аймақтарында рубльдің көптеп сатып алынатыны жасырын емес. Сондықтан Ресейге жақын облыстардың көрсеткішіне назар салған абзал. Солтүстік Қазақстанда бір адамға 2,5 мың рубльден, ал шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында – 1,8 мың рубльден келеді. Бірақ Қазақстанның оңтүстік аймақтарында рубльге деген сұраныс жоқтың қасы. Өйткені Алматы облысында жан басына шаққанда бір адамға – 86 теңгеден, Оңтүстік Қазақстанда 133 теңгеден тиеді.

Еуроның халі тек Қазақстанда ғана нашар, ал әлемдік нарықта құны қайта көтеріліп келеді. Соңғы күндері еуроның курсы $1,34/€ шамасына жетті. Ресей нарығында да еуроның курсы көтеріліп, 40,46 руб./€-ға дейін жетті. Бүкіл дүниежүзінде еуро курсы тайғақтап, нақты бір сомада тұрақтап қала алмай тұр. Оған себеп Еуроодақтағы тұрақсыз жағдай – Еуропа қаржылық дағдарысы. Бұқаралық ақпарат көздері кәрі құрлықтың құрдымға кету күні жақындағанын айтып жағын талдырды. Бірақ соңғы күшін жиған Еуропа мемлекеттері экономикалық хал-ахуалды алдағы 4-5 жылда түзеп аламыз деп, оптимистік көзқарастан таймай отыр. Өз-өздерін алдарқатқан «кәрі қасқыр» жағдайдың қиын екенін жариялағысы келмейді, түлкібұлаңға салуда.

Жуырда ғана Испания құнды қағаздарын орналастырудың аяқталуы әлемдік нарықта еуро курсының жоғарылауына ықпал етті. Алдыңғы бейсенбіде Испанияның қаржы министрлігі жалпы құны 4,5 миллиард еуроны құрайтын үш құнды қағазды шығарды. Былтыр бұл елдің қаржы министрлігі 2041 жылға дейін инвесторларға ұзақмерзімді құнды қағаздарын ұстатқан болатын. Олардың табысы 6,011 пайыздан 5,705 пайызға дейін қысқарып қалған. «Инвес­торлар жағдайдың түзелетініне сенімді, сондықтан еуроның курсы көтеріліп отыр», – дейді Bloomberg сарапшылары.

Қазір Азиядағы ахуал да мәз емес. Жапон иенасының ауыр күндерді басынан өткізіп жатқанын әлем мұқият бақылауда. Азияда еуропалық валютаның құны артты, бірақ иенаның әлсіреуі Жапония үкіметінің құтқару қимылдарына көшуіне итермелеуде. Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ инфляция 2 пайызға жеткенше активтерді сатып алу керек деп жар салуда. «Егер де Орталық банк шектелмеген активтерді сатып алуды бастаса, бұл сол елдегі еуро-иенаның және доллар-иенаның өсуіне әкеледі», – дейді сарапшылар. Жапонияның экономика министрі Сэйдзи Маэхара ел экономикасы біртіндеп құлдырауы мүмкін деген қауіп айтты. Министр мұндай қауіпті Жапония экономикасы шілде-қыркүйек айларында жылдық болжанған өсімнен 3,5 пайызға төмендеген соң білдірді. Министр осыған орай банктерін дефляциямен күресуді оңайлату үшін қатаң қаржы-несие саясатын жүргізуге шақырды. Апта басынан бері жергілікті билік асқан сақтықпен биржаға активтерін шығара бастады. Ел экономикасы өсімінің бұлайша төмендеуі әлем экономикасының өсу қарқыны ба­яулап, Қытаймен қарым-қатынас­тың шиеленісуінен кейін болды. Сарапшылардың ойынша, бұл жаңалық үшінші тоқсанда АҚШ пен Қытай экономикасының өсімі кем дегенде үш пайызды құрайды деген болжамды расқа айналдыруы мүмкін.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары