ӨГІЗ АЯҢМЕН ЖЫЛЖЫП КЕЛЕМІЗ

ӨГІЗ АЯҢМЕН ЖЫЛЖЫП КЕЛЕМІЗ

ӨГІЗ АЯҢМЕН ЖЫЛЖЫП КЕЛЕМІЗ
ашық дереккөзі
161

Қазақ тілі еліміз егемендік алғаннан бергі кезеңде «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» өгіз аяңмен алға жылжып келеді. Бір асудан кейін келесі асу алынып, бір заңнан кейін келесі заңдар қабылдануда. Қазір алдымызда ауқымды үш кезең тұр, соңғысының шеті 2025 жылға дейін созылмақшы. Ұлтжанды тіл жанашырлары 2025 жылы тағы да үш кезең пайда болып, 2050 жылға жылжып кетіп жүрмей ме екен деп алаңдайды.

Оның жаны бар, өйткені еліміздің егемендік алғанына 21 жылдан астам уақыт өтті, бір ұрпақ өсіп жетті, тәуелсіздік басталғанда мектепке барған бала дардай азамат, үйлі-баранды болды. Егер сол оқушы ұлты кім болса да, мектебі қай тілде болса да, бірінші сыныптан бастап қазақ тіліне баса назар аударып оқытқанда қазақша бұлбұлдай сайрап жүрген болар еді. Өкінішке қарай, мектептерде қазақ тілінің берілу деңгейі мәз емес. Осыдан екі жыл бұрын Астананың №30 орыс мектебінде немеремнің сынып жиналысына қатыстым. Қаралып жатқан мәселе 8-сынып оқушылары қазақ тілін оқудан бас тартқан, бізді соған шақыртқан екен. Өскеменнен көшіп келгеннен бері менің немерем осы мектепте оқып жүрген, Өскеменде ол кезде қазақ мектебі екеу-үшеу ғана, бала көп алмайды, әрі балалардың тұрған жерінен алыс болған соң ата-анасы қинала-қинала орыс мектебіне амалсыздан берген еді. Қазақ тілінің деңгейі Астананың басқа орыс мектептерінде де осыдан асып кете қоймаған шығар. Астана әсем қала, сонымен қатар мұнда барлық ғажайыптары бар және ең сауатты, білімді, өнегелі, қоғамның қаймағы жиналған қала. Енді міне тағы бір ғажайып – «ЭКСПО -2017» салынбақ, «Абу Даби плаза» атты 400 метрлік ғимарат салына да бастады. Қала таза, көркем, сәулетті, Түркі әлемінің мәдени орталығына айналған мәдениетті, үлгілі қала болды. Бірақ мәдениетіміз қаланың көркіне сай ма? Өткен жылы «Қазақстан» спорт кешеніне бассейнге немеремді апарып жүрген едім, менімен қатар баласын апарып жүрген қазақ келіншек: «Ағатай, біз Германиядан көшіп келіп едік, балам сонда бастауыш сыныпта оқыған, тек немісше ғана сөйлейді, енді қиналып жүр. Баламды сіздің балаңыз қасынан қалдырмай ертіп жүрсінші. Әйтпесе балам «Шеше, біз Германиядан көшіп келдік қой, сонан соң қазақша білмейміз, ал мына басқа халық неге білмейді? Россиядан көшіп келген бе?» деп сұрайды» деген еді.

Астанада орналасқан көптеген минстрліктер, мекемелер қазақ тіліне толық көшуге асығатын емес. Әділет министрлігінің Тіркеу консультация комитетіне тіркеуге құжаттар апарсаң орысшасын қоса сұрайды. Ол неге керек?

Қазақстанда туып-өскен, 20 жылдан астам биліктің әр түрлі деңгейінде келе жатқан қандастарымыздың бірсыпырасы қазақша сөйлемейді. Олардың ұлттық намысы өліп қалған ба, ал басқа ұлттардың өкілдерінің қазақ ұлтына деген құрметі қайда?

Тіл жоқ жерде – ұлт та жоқ. Сондықтан, қазақ тілі – осындай кең пейілді, ұлы қазақ ұлты бар екендігінің айғағы екендігін ұмытпай, тілімізді дамыту, оның мәртебесін көтеру – әрбір саналы азаматтың парызы болуы керек.

Альберт МҮРСӘЛІМОВ,

тіл жанашыры

Серіктес жаңалықтары