ҮНЕМДЕУ ОПЕРАЦИЯСЫНЫҢ ҮЗІЛГЕН ТҰСЫ
ҮНЕМДЕУ ОПЕРАЦИЯСЫНЫҢ ҮЗІЛГЕН ТҰСЫ
Дүниежүзін дүрліктірген үнемдеу операциясы барлық жерде сәтті орындалды деу қиын. Өйткені шығынына келгенде үкімет те, жеке кәсіпкерлер де тартыншақтап қалады. 2020 жылға дейін әлемде қуат көздерінің балама түрлеріне толық көшу көзделген, бірақ жеті жыл ішінде бұған қол жеткізу мүмкін бе?
Жоғарғы қуатты электр шамдарына тыйым салынады. Жаңа жылдан бастап, қыздыру қуаты 75 ватт және одан жоғары электр шамдарын жасауға және оларды сатуға болмайды. Энергия көзін үнемдеудің ең қарапайым тәсілі – осы. Сондықтан күнделікті қолданатын шамдарды үнемді құралға алмастыру бүкіл халыққа телінген шаруа. «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі туралы» Заңға сәйкес, бұл шаруаны біртіндеп жүзеге асыру тиімді әдіс. Себебі жұртшылық жаппай энергия үнемдейтін электр шамдарына көшкенде, еліміз 1 миллиард киловатт сағат энергия үнемдей алады. Бұл үрдіс былтыр басталып та кетті. 2012 жылдың шілде айында қыздыру қуаты 100 ватт және одан да жоғары электр шамдары саудадан алынды.
Қазақстан бойынша бес зауыт энергия үнемдейтін шамдарды жасауға кірісті. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі басқармасының бас сарапшысы Исабек Әлжанов үнемдегіш шамдардың қабілеттілігін айтып түсіндіруде. «Көптеген елдер жүріп өткен жолға Қазақстан жаңадан қадам басты. Қызатын электр шамдарынан бірінші болып бас тартқан елдердің бірі – Куба. Одан соң бүтіндей бір құрлық Австралия сондай шамдарды қолданыстан алып тастады. Енді Еуроодақ ресурстарды үнемдеуге кірісті», –дейді депутат Виктор Киянский.
Бірақ осынау тиімді деген жобаның іске асуы оңай емес. Ұлыбританияда жер турбиналарын орнату мәселесіне қатысты дау туындап отыр. Парламент баяндамасында биліктің жекеменшік компаниялармен жасаған келісімшарты белгілі болды. Онда келісімшарт құны 17 миллиард фунт стерлингке бағаланған. Британдықтар соның есебінен электр энергиясы бағасы өседі деп байбалам салуда.
Корольдіктің билік органдары жасаған келісімшарт негізінде офшорлық жел электр станциялар желісі салынуға тиіс. Оның құрылысына қыруар қаржы жұмсалса да, энергия үнемдеудегі өнімділігі алдына жан салмайды деп ақталуда билік өкілдері. Қаражатты желге ұшырып алудан сескенсе керек, Комитет төрағасы Маргарет Ходж бұған «сұмдық» деп баға берді. «Бұл келісімшартта жеке компаниялар 20 жыл бойы пайдаға белшеден батады екен. Желінің электр энергиясын салық төлеушілер қолданбаған күннің өзінде табысы белуардан. Әсіресе «жел турбиналарында» кілтипан шығар болса, компанияларға салынатын айыппұлдың құны шағын ғана. Ендеше британдық тұрғындар үшін бұл жүйе үнемдеуге тіпті ұқсамайды», – дейді Маргарет ханым. Парламентарий бұл келісімшарттың жеке инвесторлардың пайдасына жығылғанын дөп басып айтты. Сөйтіп Англия билік органдары желден қуат алу тым қымбатқа түседі, үнемдеудің бұл түрі миға сыйымсыз деген кейіп танытқан. Баяндамадан кейін Ұлыбританияның Энергетика және климат өзгерістері министрлігі келісімшарттардың бірталайын қайта қарастырамыз деп уәде беріпті. Үнемдеу операциясы арқылы базбіреулер өз пайдасын жасап жатқан көрінеді. Англияның үнемдеудегі қитұрқыларының кейпін Қазақстан кимесе игі…
Әлемде жел энергиясын қолдануда Германия мен Корея алдыңғы орында. Ендеше осы елдерде жел турбиналарын тұрғызу құрылысы кімнің есебінен жүзеге асты? Бұл маңызды емес, маңыздысы Қазақстанда балама энергия көздерін алудың бір жолы – жел турбинасы құрылысын бастау. «Жасыл экономика» – арзан жоба емес, оған көп инвестиция құю керек. «Қоршаған ортаны қорғау министрлігі әзірлеп жатқан стратегия да қарапайым құжат емес. Құжаттың маңызы өте зор және ол экономиканың бүкіл секторын қамтиды. Стратегияны әзірлеп шығу үшін 6 айдан бір жылға дейін уақыт кетеді», – дейді Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. Ендеше стратегия әзірленіп болған соң, Қазақстанда «жасыл экономиканы» енгізу жөніндегі ұлттық іс-қимылдар жоспары жүзеге аса бастайды. Солардың ішінде желден қуат алу да қарқынды жүргізіледі деп сенеміз, бірақ Ұлыбританиядағы жағдай қайталанбаса игі…