«КӨКТӨБЕ» – КӨП ТӨБЕНІҢ БІРІ ЕМЕС
«КӨКТӨБЕ» – КӨП ТӨБЕНІҢ БІРІ ЕМЕС
2011 жылдың 1 қазан күні «7-каналдың» кешкі жаңалығында Виктор Цойға «Көктөбеде» ескерткіш ашу туралы сөз болды. Оны айтып тұрған өзіміздің қаракөз қазақ жігітінің сөзіне қарағанда, ескерткіштің жобасы дайын. Енді ақша жинап, қоладан құйып, «Көктөбеге» орнату ғана қалып тұрған көрінеді. Сөзінің нобайына қарағанда, оны «Көктөбеге» орнатуға рұқсат та алып қойған сыңайлы.
«Көктөбе» – Алматының қадірлі жерінің бірі. Ол жерге жастар көп барады. Сырттан келген, әсіресе шет елден келген қонақтар «Көктөбеге» соқпай кетпейді. Қазірдің өзінде «Көктөбедегі» «Битлз» мүсіні тұрған жерде жастар кешке у-шу болып жиналып жатады. Өзіміздің асылымызды менсінбей, басқаға бас ұратын мәңгүрт жастарды өзіміз тәрбиелеп жатырмыз. Осы «Көктөбеге» «Дос-Мұқасанға» да ескерткіш қойылуы керек деп көптен бері айтылып жүр. Бірақ оны ескеріп жатқан қала әкімдігі байқалмайды. Ал В.Цойға ескерткіш қоюға әкімшілік қарсы емес сияқты.
Қаланың кез келген жеріне ескерткіш қою үшін қала әкімдігінің арнайы келісімі әрі жер пайдалану туралы актісі алынуы керек. Әкімшілік ескерткішке жер беру туралы қаулы шығарарда ескерткіш кімге қойылады, ол адамның Қазақстанға қандай еңбегі сіңді, жас ұрпаққа қандай тәрбиелік маңызы бар, осы салада бұдан да басқа елге елеулі, халыққа қалаулы адам не топ бар ма т.б. артықшылығы мен кемшілігін саралап барып қана рұқсат беруі керек. Біз, кімнің кім екенін екшемей рұқсат бере береміз. Ал, басқалар алдымен өздеріне пайда-зиянын ойластырып барып қана рұқсат береді. Мысалы, Беларусь билігі «жастардың нәпсісін қоздырады» деп 2001 жылы бірнеше музыкалық топтардың әндерін электрондық ақпарат құралдары арқылы халыққа таратуға тыйым салды. Соның ішінде Виктор Цойдың «Перемен» деген әнін де телеаудио құралдарында таратуға тыйым салып, эфирге шығартпай тастады. Ал, біз болсақ, бәрін жастарға талғамсыз тарата береміз. Енді ол аздай, В.Цойға «Көктөбеде» ескерткіш қоймақпыз.
«Көктөбеге» ұлт сүйіспеншілігіне бөленген тұлғаларға ғана ескерткіш қойылуы керек. Құдайға шүкір, ондай тұлғалар да, топтар да қазақта баршылық. Солардың бірі, осыдан 45 жыл бұрын құрылып, талай жастың отауын «Той жырымен» тербеген «Дос-Муқасан» тобы. Жалпы «Көктөбеде» «Дос-Мұқасан» орындауындағы және т.б. қазақ тіліндегі әндер үнемі орындалып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. «Көктөбе» – кім көрінгенге ескерткіш қоя беретін көп төбенің бірі емес.
зейнеткер
Алматы қаласы