«БОЛАШАҚ» АРҚЫЛЫ БОЛАШАҚҚА!

«БОЛАШАҚ» АРҚЫЛЫ БОЛАШАҚҚА!

«БОЛАШАҚ» АРҚЫЛЫ БОЛАШАҚҚА!
ашық дереккөзі
213

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев Қазақ елінің болашақ дамуының басты тетігінің бірі – ғылым мен білім, инновация екенін назарға алып, қазақстандық жастарды білім мен ғылымның шыңына шыққан елдерге оқу-білім жинауға жіберу үшін «Болашақ» бағдарламасын ұйымдастырғаны көпке белгілі. Бұл бастама дарынды жастарға келешекте өздерінің жинақтаған тәжірибелерін мемлекет игілігіне пайдалану үшін, шетелде сапалы білім алуға көмектесу идеясына негізделген еді. Кейінірек, бұл бағдарлама бойынша ғалымдар да шетелде ағылшынша тіл сындырып, шетелдік оқыту тәжірибесімен алмасып, біліктілігін жетілдіріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын халықаралық деңгейде жетілдіруге мүмкіндік алды.

Біз филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Ә. Авакова екеуміз АҚШ-та Мадисон университетінің түркітану бөлімінде классикалық филология мамандығы бойынша бір жылдық тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алдық. Негізгі мақсат – ХХІ ғасырдағы түркітану ғылымының (қазақ тіл білімінің де) әлемдік ғылым мен мәдениеттегі орнын көрсету; АҚШ-тағы түркітану орталықтарының ғылыми бағыттарымен, ғылыми зерттеулерімен танысу; түркітанудың басты ғылыми даму парадигмаларын белгілеу; көне түбірлердің даму семантизациясын анықтау үшін ғылыми кешенді салыстырулар, салғастырулар жасау.

АҚШ-тағы тұрғылықты халықтар тілін зерттеген профессор Ә. Ахметов зерттеулерінде көптеген тілдік деректердің түпкі сипаты түркі тілдеріне жақын екенін ескерткен еді. Біз осы мақсатта жаңа ғылыми зерттеулер жасап, онтологиялық, глоттогенетикалық теориялар негізінде көне санскрит, көне латын, көне түркі т.б. тілдерінде сақталған архимағыналармен салғастыру нәтижесінде көне түркі түбірлерінің (этимон) таңбалық және мағыналық сипатын зерделеуді мақсат етеміз.

Түркітану ғылымының әлемдік ғылымдағы орнын саралап, бүгінгі түркітану ғылымы бойынша Америкада жасалып жатқан ғылыми зерттеулермен тікелей танысып, олардың ғылыми-теориялық ерекшеліктерін, ғылыми жаңалықтарын зерделеу қажет. ХХ ғасырдағы кеңестік түркітану ғылымы жоғары деңгейде дамып, сала бойынша іргелі ғылыми зерттеулер дүниеге келгені белгілі. Қазіргі түркітануда да осы із сақталып отыр. Жалпы түркітану ғылымында қазақ ғалымдарының да қосқан үлесі мол, мәселе соны айшықтап көрсету, түркітанушы ғалымдар зерттеулерін (М. Томанов, Т. Қордабаев, Ә. Құрышжанов, А. Аманжолов, Н. Келімбетов, Қ. Өмірәлиев т.б.) шетел тілдеріне жинақтап аударып, таныстыруда болмақ.

«Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз», – деген ұлы Абай насихатын бірде бағалап, бірде бағаламай келе жатқан қазақ жұртының ғылымнан алар еншісі әлі алда деп түсініп, АҚШ-тағы түркітану орталықтарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттарымен танысып, әлемдік ғылымға түркітану ғылымының ғылыми-теориялық деңгейі, түркітанудың басты даму бағыттарын анықтауды басты бағыт ретінде ұстанамыз.

Қазақ тілін оқи алмай жатырмыз ба, әлде оқыта алмай жатырмыз ба деген сұрақ бүгінде әркімді мазалайды. Осы тағылымда негізінде ағылшын тілін оқыту әдістемесін, оқудағы негізгі мотивацияны іздеп, анықтап, үйреніп, қазақ тілін оқыту жүйесіне қолдану да бір сәтке ойымыздан кетпейді. Мадисон университетіндегі тіл үйрету орталықтарының қызметімен танысып, инновациялық деп танылатын ғылыми тәжірибелерімен алмасу да көптен жоспарымызда бар дүние.

Анаркүл САЛҚЫНБАЙ,

«Болашақ» стипендиясының иегері,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі, профессор

Серіктес жаңалықтары