ТӨРТ КҮНДЕ – 174 ТҰТҚЫН

ТӨРТ КҮНДЕ – 174 ТҰТҚЫН

ТӨРТ КҮНДЕ – 174 ТҰТҚЫН
ашық дереккөзі
413

Нұрахмет ҚУАТ

Астана полицейлері соңғы 4 күннің ішінде 130 адамды тұтқынға алып, 44 азамат жазаға тартылыпты. Мамандар қауымы Қазақ­стандағы діни экстремизмнің ушығып бара жатқанына алаңдаулы.

Астана қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлері тарапынан ұйымдастырылған арнайы шарада 44 адам дәстүрге жат діни ағымдарға бой ұрды деген күдікпен қолға түсіпті. Олардан 259 дана кітап, аудио және бейнетаспалар, 5 суық қару тәркіленген. Тұтқындағыларға қандай жаза қолданылғаны әзірге белгісіз. Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекованың хабарлауынша, 2013 жылдың 21-25 қаңтары аралығында жүргізілген «Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес» жедел іздестіру жұмыстарының негізінде шарасының қорытындысы бойынша 44 адамның үстінен 375-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, сотқа жөнелтілген. Тағылған айып – «діни кітаптарды заңсыз тарату». Бұдан басқа миграциялық заңға қайшы әрекет еткен 130 шетелдік пен азаматтығы жоқ адамдар жауапқа тартылыпты. Олардың арасында талай уақыттан бері іздеуде жүрген қылмыскер де бар екен.

«Назарбаев орталығы» жанынан құ­рылған Мемлекеттілік, қауіпсіздік проб­лемалары мен даму институтының бас маманы Асылбек Меңдіғалиев халықаралық коалиция әскерінің Ауғанстаннан әкетілуі осы аймақтағы лаңкестердің Орталық Азия елдеріне қарай ағылу қаупі барын айтқан болатын. «Ауғанстандағы тұрақсыздық пен ішкі қайшылықтардың ушығып тұрған кезінде халықаралық коалиция әскерінің әкетілуі орталықазиялық мемлекеттерге кері әсер етуі мүмкін. Оның үстіне, ауғандар еліндегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың күрт нашарлауы да «жығылғанға – жұдырық» болып отыр. «Осы мақсатта Ұжымдық қауіпсіздік келісімі туралы ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Ауғанстан шекарасында аса қатерлі оқиға туындап қалған жағдайда төтеп беруге дайын болу үшін шекараны Тәжікстандағы 201-дивизия мен Қырғызстандағы Кант әуе базасындағы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің әскерлеріне күзеттіруді қолға алды».

Қазақстандағы діни экстремизмнің ушығуына отандық жазаны өтеу орындарындағы беделді қылмыскерлердің діни экстремистермен бірігуі себеп боп отырған көрінеді. Бұл туралы былтыр ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеген. «2010 жылы Ақтау қаласында қолдарында қаруы бар 20 тұтқын қашуға әрекет жасаған. 2011 жылы Балқаштағы жазасын өтеу орнынан бір топ тұтқын қашып кетуге тырысты. Колониялардағы жағдайдың ушығуына бір жағынан түрмелердегі авторитеттердің діни экстремистермен тонның ішкі бауындай араласуы да әсер етуде», – деп мәлімдеген миннистр басты кінәрат қылмыстық-орындаушылық жүйенің әділет министрлігі құзырында болуы кезінде тұтқындағылардың ережелер мен тәртіпті сақтауда кемшіліктерге жол бергенін көлденең тартады: «Қадағалау қызметін қайта жасақтаудың арқасында біз 11 млн. теңгеден астам қаражатты, 10 мың ұялы телефонды, 11 тонна арақ-шарапты, 130 келі есірткі мен 12 мыңнан астам өткір заттарды тәркіледік».

Серіктес жаңалықтары