ЕГІЛІП ӨТКЕН ЕСІЛ ӨМІР

ЕГІЛІП ӨТКЕН ЕСІЛ ӨМІР

ЕГІЛІП ӨТКЕН ЕСІЛ ӨМІР
ашық дереккөзі
833
Ақын Төлеужан Ысмайылов туралы сыр Бүкіл болмысымды анықтап, тағдыр мен таланттың талқысын тұңғыш рет және мәңгілік арылмайтындай күйге түсіріп сезіндірген, сескендірген бір бейне бар. Ол бейне есіме түссе – бүкіл бозөкпе бозбалалық шағым, ауы­лым, әкем, алысты-жақынды ағайындарым ойға оралады. Қарашаның көксоқта борасыны, тобылғы гүлдеген көктемгі қырқалар мен аспанда тізіліп ұшқан тырналар көз алдыма келеді. Арманшыл жүректі шым еткізген алғашқы ыстық та ащы тамшы да есіме қоса түседі. «Есіл!» – деген сөз арқылы үнемі ойыма оралып тұратын сол бір бейнесіз балалық шағымды да, арманды, қиялшыл, келешегі үмітке толы пәк жеткіншек күндерімді елестете де алмаймын. Аспандағы қиялымды жерге түсірген де, жер бауырлаған мақсатымды қанаттандырған да сол тұлға. Мен үшін ол күндер қиялдағы таңғажайып әлемнен үзіліп түскен бір тамшы қызылды-жасылды, ып-ыстық сағым сияқты еді. Таудың бауырына құндақтала орналасқан оншақты үйге кезек-кезек көшкен әлгі сағымның соңынан қуып жүріп, оның қайта көрінуін күтіп, аязды, боранды күндері қораның ықтасынында сағаттап тұрған сәттерім – ең ынтызарлы, жұмбақ сәттерім сияқты. Ішімді қыздырған бір түйір ыстық сезім – өлең боп өртеп, жүрегімді күйдіріп тұратын. Кейде… әлгі сезім мұз боп қата да қалатын. Ол сағым, ол тұлға – мен үшін Төлеужан Ысмайылов болды.   І   Қазір де сол сезім билеп, көмейіме өксік пен өкініштің ыстық тамшысы тығылып, абдыратып отыр. Сондықтан да болар ол туралы естелігімнің жазылуы үздік-создық он жылға созылды. Өйткені, бұрынғы аты – Айнабұлақ, кейін полигон ашылғаннан кейін босқан елдің басы қосылған сол ауыл туралы Сәбит Мұқановтың жолжазбасы жарияланған газеттің құрметіне орай «Социалистік Қазақстан» деп аталған шап-шағын, бірақ мен үшін әлемдегі ең сүйікті де сүйкімді, абзал да бауырмал, тату-тәтті адамдардың басын қосқан ауылдың аяулы жандарының арасынан Төлеужанды бөліп әкетуім өте қиынға соқты. Бөлу мүмкін де емес. Бірақ онсыз тағы да болмайды. Ол осы ауылдың түлегі еді. Сол адамдардың алақанында өсті, солардың арманын ақындықтың аспанына алып ұшты. Ал мен сол құсты қанаты талып, ұшқан ұясына талығып қайта оралған сәтінде көрдім. Жұрт оны сол кезде атағы шыққан ақын деп емес, өз ауылының бас асауы басылмаған баласы деп қабылдады. Сонда ол бар-жоғы отыз екі жаста екен. Ал мен он үш жасқа жаңа толған едім. Сол жылы, алпыс төртінші жылдың аяғы, алпыс алтыншы жылдың басында, қыста уыз жүрегіме әлде бір ыстық жалын құйылды. Оңаша қалып, қызарып жанған ошақтың отына ұзақ қарап отыратынды шығардым. Құр отырмай, «Қыз Жібек» дастанындағы Қособаның түбінде жаралы қалған Төлегеннің аспандағы алты қазбен қоштасқан толғауын күбірлеп айта беретінмін. Әсіресе Төлегеннің Сансызбаймен қоштасқанын қайта-қайта қайталағанда көзімнен жасым боталай жөнелетін. Сырма күпінің қос қима жанқалтасынан қолымды алмайтынмын. Себебі, радиодан күй естілсе болды, екі қалтадағы екі қолымның саусақтары ана домбыраны мен шертіп отырғандай, «безектей» жөнелетін. Сондықтан да қалтамның түбі үнемі тесіліп жүретін. Әкем байғұс Мекіш (Жақыпов) пен Нығмет (Байтабынов) ақсақалды, Жәми апаны шақырып, қояр да қоймай ұшықтататын. Ал мен ғой… ойыма келген сөздердің басын құрап, Төлегеннің толғауын өзімше жырлап, сөз қосып, әлектеніп жататынмын. Алғыр да ақжарқын Жәми апа: – Ой, құдай-ай! Құдакелді-ау, мына ұлыңа сөз қонайын деп жүр! Сүйіншімді бер!– деп әкемді жұлқылай жөнелгені есімде. Шындығында да, Жәми апаның аузы дуалы екен, маған күй қонбады, сөз қонды. Көктемде... тобылғы мен қараған гүлдегенде төбенің басына шығып, шалқамнан түсіп жатып ап, аспанда көшкен бұлттар мен аққу-қаздарға, тырналар тізбегіне қарап, Төлегеннің Қыз-Жібекке сәлемін өлеңдетіп жолдап жататынмын. Рақыш мұғалімнің Рымбек деген ұлы: – Сөз қай жеріңнен шығады… Сондай мәнсіз сияқты. Бірақ тыңдағым келе береді! – дейтін. Сөйтіп, булығып жүріп жаз өтті. Алғашқы өлеңім де аудандық, облыстық, тіпті «Қазақстан пионері» сияқты республикалық баспасөзде де жарияланды. Күзде, қарашаның қарлы соқтасы күні Шаған ауылындағы орталық интернаттың балалары: – Ақын келіпті! Төлеужан ақын! Серіктің туған ағасы екен! Мектеп директоры Серікқазы мұғалімнің кластасы екен! Қабылдың туысы екен!– деп жарыса жамырасты. Менің дымым шықпай қалды. Ақынды, шын ақынды сондай көргім келді. Бірақ неге екенін білмеймін, көшеден көрінсе болды, ықтасынға тығыла қалатынмын. Оны көрсем болды, әлде бір қасиетті, таңғажайып көрініс көз алдымнан ғайып болатындай. Әуелі біздің бөлімшеге бару үшін жүк машинасына отырғанын, одан кейін бір үйден жарқылдай күліп шыққан көңілді кезін, одан кейін жайдары жүзін, одан кейін шашы дудырап, бар дау­сымен шабыттана өлең оқыған кезін көрдім. Ол қайда барса мен соның көлеңкесі сияқты боп көрінбей еріп жүрдім. Алғашқы үш айда ол туралы ауылда кере­меттей аңыз тарады. Бара-бара сөз тарады, бара-бара кәдімгі тіршіліктегі өсекке кезек келді. Жұрт одан тайсақтайтын болды. Ол тау ішіндегі жалғыз қыстақтағы қойшы інісі Серіктің үйіне тұрақтап қалды. Күзгі, қысқы, жазғы демалыста бөлімше орталығы «Қазақстандағы» үйге барамын. Анда-санда Төлеужан бөлімше орталығына келгенде ауыл іші бір гуілдеп, дуылдап, буырқанып қалатын. Кей-кезде буыны босап, аттың үстінде теңселіп, қолын сермеп өлең оқып бара жататын. Мен оның артынан алыстан орағытып еріп отырып, «Тұяқтың» тұмсығына дейін ұзатып салатынмын. Әйтеуір, қойшының көнтерлі аты үстіндегі адамның илеуіне көне беретіндігі ғана көңілге медеу ұялататын. Маған ол өз буына өзі буырқанып, бойын қысқан өлеңді қалай сыртқа шығарудың жолын таба алмай арпалысып жүрген адамдай көрінетін. Сөйтіп ол менің бүкіл болмысымды баурап алды. Араға қырық-елу жыл өтсе де, сол сезім­нен әлі де арыла алмай келемін. Естелігімнің де елес оқиғаны жазып отырғандай көрінуі сондықтан болса керек, оған ғафу өтінемін, басқаша бастауға ерік-жігерім жетпеді. Сол қыстың аяғында Төлеужан ақын ел-жұртпен кәдімгідей қоштасты да, белгісіз жаққа жолға шықты. Артынан естідім, жаңадан ашылған көрші Шұбартау ауданына барып, аудандық газетке тұрыпты. Сағалап барғаны – жан сырласы, тағдыры да, таланты да тамырлас жазушы Төлеубек Жақыпбайұлы екен... Ол кезде оның «Қыран туралы хикая» атты көлемді әңгімесі «Жұлдызда» жарияланып, бұйра шашының әр талына шабыт ұялаған тұс еді. Бұл жолғы менің Төлеужаннан алып қалған «өнегем» – ақындар ғана киетіндей көрінген қара папах пен ...оңашада өзімнен-өзім дауыстап, шабыт шақырған «шабыну» болды. Ақындық дегенді мен: қабағыңды түйіп түнеріп отыру, күбірлеп сөйлеу, қолыңды сермеп отырып өлең жазу – деп түсіндім. Күндіз-түнгі ермегім ақ қағазды шимайлау болды. Оның маған не бергенін білмеймін, бірақ та, қалайда қалам ұстап өмір сүретініме еш күмәнім болмады. Өзге мамандықтың барлығы да мен үшін сондай жат әрі мазасыз көрінетін. Әрине, өмір өз дегенін істеп, өзге кәсіппен шұғылдануға мәжбүр еткен жылдар да болды, алайда, әдебиетке деген махаббатты ешқандай құдірет суыта алмайтындай дертке ұшырағаным анық еді. Ауыл кітапханасын ақтарып жүріп Төлеу­жанның «Әлде кімге бір шапалақ», «Есіл» атты өлең жинақтарының шыққанын білдім. Әрине ол жинақ ауылдың шағын кітапханасынан табылмады. Алматыға келе салысымен кітап­ханаға кіріп қолыма алған тұғыш кітабім осы «Есіл» дастаны болды. Содан бастап Есіл деген сөз менің көңіл ауаныма айналды. Сол дастанның әсерінен арыла алмай алғашқы қызмет сапарымда Қызылжар мен Көлденең Есіл бойын аралап, «Есілім», «Аққайыңдар елі», «Қош, Ғалия!..» атты өлең жазып барып қиял қызуын басқандай болдым. Оның есесіне алпысыншы жылдардың басында «Жұлдызда» жарияланған әдеби сын мен өлең құрылымы туралы мақалаларын тауып алдым. Сөзі кесек. Біз оқулықта пір тұтып суретіне қарайтын жазушылардың біразының атын тіктеп атап, батырып-батырып сынапты. «Ертіс» газетінен «Дала министрі» («Жылқышы») дастанын оқыдым. Сөзін Төлеужан жазған «Қырманшы қыз, желең келіншек» деген ән радиодан орындалып жүрді. «Қызыл ту» кеңшарының директорының орынбасары Мүсілім Байғазин ағамыздың мұрнының астындағы сулығында тамып кеткен қара тамшыдай ғана мұрты бар еді. Өзі майдангер, Төлеужанның жақын ағайыны. Ауылға келген Нұтфолла Шәкенов бастатқан бір топ ақынды әр үйге бөліп орналастырғанына назданып жазған: Замдиректор Байғазин, Керек емес май, қазың, Өкпем емес, жай назым... ... Осы өлеңім мұртыңа, Тағып кеткен байғазым, – деген сияқты бұдан басқа да аға, құрдас­та­рына арналған шымшымаларын жұрт жатқа айтып жүрді. Оның мұндай өлеңдері әрі ащы, әрі өңменіңнен өтетіндей өткір еді... Ең соңында, ол аударған Теодор Драйзердің «Америка трагедиясы» атты романы қолыма түсті. Аударманың сиқырлап алғаны сондай, оны бір ай бойы қайталап оқи бердім. Мынадай шығарманы аударған және кітап етіп шығарған Төлеужанға деген ішкі сезімім өрттей лаулап жанды. Тіпті физика пәнінен дәріс беретін байсалды да байыпты, кейіннен менің өмірімдегі шешуші кезеңдерде дұрыс бетбұрыс жасатқан Серікқазы Мейірхановтың сабағында да «Америка трагедиясын» оқып отыратынды шығардым. Ол кісі – мектеп директоры еді. Оқушылар кереметтей сыйлайтын. Төлеужанның кластасы, сыйлас досы болатын. Бір жолы: – Тұрсын, андағы кітабыңды маған бере тұршы. Таба алмай жүр едім, – деген даусына жалт қарасам, партаға бір қолын қойып, менің төбемнен төніп тұр екен. Өзге мұғалім болса, сабақ үстінде кітап оқып отырғаным үшін сыбағамды беретіні сөзсіз еді. Ал аңғарлы Серікқазы ұстазым басқаша құрмет көрсетті. Тек сабырлы ғана: – Қазір үзілісте маған келіп кетші, – деді. Жүрексіне бардым, жаңағы менен алған «Америка трагедиясын» оқып отыр екен. Еппен бетін жапты да, күрсініп алып: – Кітапты оқып бітірдің бе? Ұзақ ұстадың ғой, – деді. Сөйтсем ол кісі кітапханашы апайдан мұны мен алғанымды біліп алыпты. Соған дейін сұратпай жүріпті. Мен жасырмай бәрін айттым. – Екі-үш рет оқысаң ұнатқаның ғой. Мұны кім аударғанын білесің бе? – Білемін. Қойшы Серіктің ағасы, Хадиша апаның баласы, сіздің кластасыңыз. Қыстай осында болды. – Өзін көріп, әңгімелестің бе? – Жоқ, – деп мүдіріп қалдым да оның сыртынан бағып, тіпті Серікқазы ағаның үйінде қонақта болғанда да қораның ықтасынында тұрып, қарап жүргенімді айттым. – Оның мұнда неге жүргенін білесің бе? Төлеужанның өмір сүретін жері бұл емес. Ол сөйлесетін адам мен емеспін. Иә, денсаулығы нашар, айықпайтын дертке ұшырағаны да рас. Оны есейгенде білесің. Оған у беріпті, басын дуалапты, қастандық жасапты дегеннің бәрі де жалған сөз. Соны біліп қой. Атақ та, даңқ та ерте қонды. Өзін-өзі билей алмай кетті. Қайран, Төлеужан... Жетім өсті. Он төрт жасында университетке түсті. Он тоғыз жасында баспаның редакторы болды. Енді, міне қайта айналып келіп, Орынкештің жүк машинасынан орын таба алмай жүр. Есіл ер-ай, сол есіңде болсын. Осыны айтайын деп шақырып ем. Кітабынды қисаң менде қалсын, – деді де сөйлей алмай қалды. Ұзақ мұңайып отырды да: Бара ғой, – деді. Мен бәрін де түсіндім. Сол сөз ерекше есімде қалыпты. Оның барлығын тәптіштеудің қажеті болмас. Бірақ та кейін Төлеужан ақын дәл осы оқиғаны маған үнемі айтқызып, көзінің жасын бір сығып алатын. Содан… ... Тағы да көктем келді. Оқушылардың жаздық дәстүрлі өнер байқауы мен спорттық жарыстары өтетін кез. Аудан орталығы Қарауылға бардық. Доп додасы, жүгіру, күрес іспетті ойындардың барлығы Қарауылдың сыртында өтіп жатқан. Адам деген ығы-жығы... Бір кезде батыс жақтан шуылдаған балалардың дауыстары естілді. Қарасам... соңына бір топ балаларды шуылдатып ертіп алған, қолын сермеп қойып, алға нұсқап қойып, кейде дауыстай өлең оқып, кейде қамшылана алға ұмтылған бір салт аттыны көрдім. Жарыс өтіп жатқан жерді қақ жарып, соңынан ергендерге дауыс­тап өлең оқып Төлеужан келе жатыр! Даусы аспан күңіренгендей жаңғырығып келеді. Жағдайы түсінікті ғой. Намыс пен ызадан булыққаным сонша­лық­ты, көзімнен жасым ыршып кетті. Біреу күліп жатыр, біреу аяушылықпен сөйлесе, біреу кәдімгідей кейіп сөйлеп жатыр... Жүгіріп барып атының тізгінінен алдым да, жетелей жөнелдім. Ол үнсіз қалды. Топтың ішінен ауа­шалау шығарып барып, тізгінді қоя бердім... Ол маған сондай бір таңданыспен қарады да: – Қай мектептен келдің? – деді. – Шағаннан. «Қазақстаннанмын» , – дедім қыстығып. Ол селт ете қалды да, маған сүзіле қарап: – Кешіріңіз, – деп бәсеңси тіл қатты да, аттың басын бұрып алып ен далаға – «Тақырға» қарай шаба жөнелді. Атын сабалап барады, пальтосының етегі далақ-далақ қағады. Көз көрімнен қайырылатын маң жазық таусыла ма. Алаңдағылардың барлығы бұл көрініске мәз болып күлді. Бара-бара арыны басылып, аяңға көшті. Ақыры аттың жалына жармасып, еңкейген күйі көзден ғайып болды. Маған ол жылап бара жатқандай сезілді. Кейін білдім, сол беті «Құндыздыдағы» Шәкір ақынның үйіне ат басын бір-ақ тірепті. Балалар қайтадан жарыстың қызығына беріліп кетті. Мен қыстыққан күйі топтың ішінен сытылып шыға бердім. Бойыма батылдық берген де, намысымды оятқан да Серікқазы ұстазымның қысты күнгі сөзі еді. Ол кезде бұл кісі аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне ауысқан болатын. Досым Қабыл екеуміз сол үйде жататынбыз. Кешке қарай көңілсіз күймен үйіне келді де менен: – Төлеужанды көрдің бе? – деді сыбыр­лағандай боп. – Көрдім... Ол тағы да күрсінді де, бөлмесіне кіріп кетті. Бізге орыс тілінен дәріс берген Халимаш апай: – Балалық шағын бірге өткізген аяулы досы. Жас кезінде сондай биязы, ұяң еді. Он төрт жасында Нұтфолла Шәкенов ауылдан ертіп кетіп, бірден университетке түсіріпі. Он тоғыз жасында редакцияға қызметке ілінді. Үлкен жазушылармен айтысып, мұның талантына бақастық жасаған дейді. Кім білсін, олар да мәдениетті, жауапты адамдар. Менің ойымша, жастай күйіп кеткен сияқты. Пәтерсіз жүрген күндерінде өкпесін суыққа шалдырыпты. Әйтеуір Алматыға сыймапты, Керекуде әйелі, қызы бар екен. Ажырасыпты. Қайдан шыдасын... Кейде біздің өзіміз де мезі боп кетеміз. Серікқазы үйден шықпа, шөліңді қандыратын сусын осы үйден табылады десе де көнбей, сытылып кетеді. Жоламайды. Енді қайдан шығарын кім білсін? Есіл өмір-ай десеңші!, – деді ас құйып жатып. Халимаш апайдың осы: «Есіл өмір-ай десеңші», – деген сөзі менің жадымда мәңгі сақталып қалды. Дастанының аты да «Есіл», өзінің өмірі де есіл өмір. Сол сөз ойымнан кетпей, арада бес-алты жыл өткен соң «Есілім, менің, есілім» деген өлең жаздым. Бұл оқиғаның артында сөз қалды, ащы, уытты сөздер. Міне, мен өзім пір тұтқан Төлеужан ақынмен тұңғыш рет осылай бетпе-бет келіп, атының тізгінін ұстап едім. Ол кезде Төлеужан отыз үште, мен он төртке шығып едім.   ІІ Арада аз күн өткен соң аудандық газетте оның екі-үш өлеңі жарияланды. Құрылымы күрделі, ырғағы тұрақсыз, қалыптан тыс, қысқы аяздың өзін кекесінмен суреттейді, қысқасын айтқанда бұл өлеңдер мені өзіне тартпады, яғни бауырына баспады, керісінше, кеудемнен итеріп, екі ортамыздағы арақашықтықты сақтап, оқуды талап еткендей әсер қалдырды. Түсінбедім. Алайда қайталап оқып қоямын. Сол екі арада Әбіш Кекілбаев аударған Олжастың өлеңдері «Жұлдыз» журналы мен «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. Мына өлеңдердің болмысы тіпті жат! Енді маған шын поэзия осы, шын ақын солар сияқты көрінді. Олардың ақындық кеуделеуін, ойдың аңысын, белгісіз аңсарын түйсінемін, бірақ түсінбеймін. Өлең неғұрлым түсініксіз әрі емеуірінге құрылса, соғұрлым сиқырлы да жұмбақ сияқты көрінді. «Құла тай, сен де жассың, мен де жаспын. Қаламға төселмеген мен сияқты жүрісің әлі қалыптасқан жоқ. Сен кедір-бұдырға, томарға жиі сүрінесің, лайсаңда тайғанақтайсың. Менің қаламым да ұйқастар мен ырғақтарға жиі сүрінеді. Бірақ бауырымыз жазылатын күн алда» («Құла тай»), «Міне, қансонар. Айнала аппақ, бір із жоқ. Ақ көбіктің астында неше түрлі қауіп бар. Сен екеуміз сол ақ көбікте аңға шығып, өмірден өз олжамызды – сен бәйгеден, мен өлеңнен аламыз» («Сонар»), «Артымызда иір-иір із қалды. Адасқан, сүрінген ізіміз қардың бетінен көрінеді. Сен де, мен де өмірге осындай із қалдырамыз» («Із») – деген сияқты ұйқастың омыртқасын сындырған шұбыртпалы ырғақ пен қыжыртпалы емуірін менің де көңіл күйіме айналды. Қаншалықты қарабайыр, поэзиядан қашық болғанымен де, қатирадағы сол өлеңдер әлі де көзіме ыстық, жаныма жақын. Тіпті оңтайлы ұйқас, жеңіл ырғақ, таныс теңеулер ойыма оралса, қаламымды қоя салатын әдет таптым. Ол «дерттен» айықтырған да Төлеужанның өзі болды. Келер жылы қарашаға қарай Хадиша шешеміз бен Төлеужанға бөлімше орта­лы­ғындағы барақтан бір бөлме берілді. Төлеу­жан жыл сайын мамырда көктем құ­сы­мен бірге белгісіз жаққа бет алып, қарашада қайтқан қазбен бірге арысы Алматылатып, берісі Семейлетіп, Шұбартаулатып, Қарауылдатып ауылға қайтып оралып отыратын. Жетінші қараша – қазан мейрамы және бірінші тоқсанның демалысы. Үйге келдім. Төлеужанның кейде арындап, кейде шалқып жүріп Мәдеш, Орынкеш, Садырбай сияқты сыныптастарына шығарған жаңа шымшымаларын естідім. Әзіл де, әжуә да емес, кекесін. «Әршіораштағы» інісі Серіктің қасынан кеше түнде бөлімшеге келгені, бала кездегі достарының үйінде думан құрып жатқаны бірден белгілі болды. Айналасы он үйдің есігі бәрімізге ашық. Шеткеректеу тұрған біздің бараққа Хадиша шешей (менің де марқұм шешемнің аты Хадиша еді) анда-санда келіп, қиссашы Күмісбектің, Нұрағазы ағаның үйіне бас сұғады. Түстеніп қайтады. Бүгін де келіп, апайым Айымхан түстік қамына кірісіп, Хадиша апай әкем Құдакелдімен әңгімелесіп отырды. Екінті ауа біздің қоржаның балалары: «Төлеужан келеді!» – деп шуласа жөнеліп, қораға тығылды. Төлеужанның соңынан Әбіл, Бауыржан (қазіргі көрнекті ғалым, ақын Жақыпов), Айгүл, Думан (қазіргі жазушы, ғалым Рамазан) сияқты мектепке бара қоймаған балалар шұбатылып келеді екен. Мазаңдау күйі баяғы Қарауылдағы оқиғаны есіме түсірді. Естіп қалғаным: «Ақынға – ақын, келді жақын» – деп өлең оқып келеді. Жүрексініп шөпқораны тасалай бердім. Үйге кірді. Мен есігі басқа, қабырғасы ортақ, арасы шымылдықпен бөлінген Күмісбектің үйіне кіріп отырдым. Қиссашы Күмісбек ақсақал: «Мен де ақынмын» – деп «Түсіпханның», «Қалқаман – Мамырдың» сарынымен өзінің әйгілі: Күмісбектің күнгейі, Күнге қарап күліп тұр. Күміс бастау, бал құрақ, Бұтағынан иіп тұр, – деген өлеңін айта жөнелді. Шәйнектің сырылы естілетін дуалдан Төлеужанның баяу жымия күлгені естілді: – Дұрыс қой, Күмісбек. Бірақ бұл ескі сарын. Қара өлеңнің мақамы. Жаттанды ұйқас ақындыққа жатпайды. Қара өлеңнің қабырғасы сынған. Мен «Есіл» дастанымда он алты буыннан тұратын ырғақты қазақ позиясына әкелгенмін. Ондағы өлең жолдарының өзі Құлагердің артында қалған аттар мен шаң сияқты іркес-тіркес, шұбатылып жатады, – деп сондай бір кең де зор дауыспен кеудесін кере, басын жоғары ұстап, кең маңдайы жарқырап, қолын сермеп қойып оқи жөнелді. Шымылдықтың жабығынан тамашалай қарап тұрдым. Көз алдыңнан қалың жүйріктің артында қалған шаң елестейді. Ырғақ әуезі кейде лықсып, шұбатыла созылады, кейде шорт қайырылады. Мені құдіретті сиқыр баурап алды. Сілтідей тынған тыныштық бірте-бірте ыбыр-сыбырға ұласып, қозғалысып қалды. Ар жағы белгілі... У да ду. Соншама таң қалдырған «әдеби отырыстың» соңы қалжыңға, қалжыңнан асып қылжаңға ауыс­ты. Төлеужанның дауысы өзгере бастады, кереқарыс маңдайына қайырылған шашы әлсін-әлі жалбырай түсіп кетеді. Күмісбек қиссашы анда-санда: Ей! Өткен іс – ойға күңгірт, көзге танық, Көрмесе де, білгенге бәрі қанық. Мың жеті жүз жиырма екінші жыл, Қазақтың Сыр бойында жүргені анық, – деп «Қалқаман – Мамырдың» басын шалып қояды. Қолпаш Күсекеңе ауыса беріп Төлеу­жан­ның даусын естігенде тына қалады. Екі адамның айтқан өлеңдері екі дара. Төлеу­жанның даусының арбауына қармал­ғаным сондай, маған шынында да, қара өлең­нің «қабырғасы сынғандай, күні өткендей» көрінді. Поэзия бөлек, қара өлең бөлек деген ой шым-шымдап санама сіңіп барады. Тоқаштың, Жұмекеннің қышыртпалары оралды. Төлеужан ілгерінді-кейінді шалқып отырып, менің әкем мен өзінің шешесіне қарата: – Екеуіңнің де балаң ақын. Ақынға – ақын, келді жақын. Екеуің де жалқысыңдар... – дей беріп еді Хадиша шешей: – Сандалмай тыныш отыр. Берекені алма. Тұрсынға ақылыңды айтсаң адамша айт, – деді. Енді, дәл сол кезде өзімді «ақын деп­­ сезін­бедім» десем, он бес пен он алты жастағы «ақын­дық сезімге» қиянат. Бірақ «әлгі шұ­бырт­палы өлеңдерімнің» жа­рия­ланбағанына өкініп жүргем. Енді жасырынудың реті келмеді. Әлгі дауыс мысымды басып тастаған. Бетім ашылмаған. Жарияланған өлеңімді ұяң дауыспен оқыдым, мазмұны отырғандарға түсінікті еді, «үшеуін айтып отыр ғой» – десті. Енді «Шығымды» «Құла тайды», «Сонарды», «Ізді» Төлеужанның өзіне еліктеп оқып шықтым. Үй ішіндегілердің түсінбегені анық. Тып-тыныш. Төлеужанның лебізін күтіп отыр. Қабағын түйіңкіреп, ілгерінді-кейінді лықсыңқырап: – Алдыңғы өлеңің сентиментальді лирика. Кейінгілерінде прозаизм басым! Оқу керек , – деді. Мақтағаны ма, басуы ма? Мына сөздердің мағынасын түсінбедім. Сентиментализм деген не? (Осы сөздің жүйкеме қадалғаны сондай, университетте де тура сол тақырыпты оқымай, Бағызбаевадан үш алғаным бар). Мен есеңгірегендей боп сыртқа шығып, кешкі ызғырықта ұзақ жүрдім. Атам Рамазан ақсақалдың шанасымен (Айгүл мен Думан Рамазанның атасы) Хадиша шешей мен Төлеужанды үйлеріне апарып салды. Бұл менің әдебиет, поэзия туралы шиыршық ата ойланған түнім болды. Құрылысшы болсам ба – деген ой да жылт ете қалды. Ақыры сыни кітаптарды оқу керек деп шештім. Бала кезімнен кешқұрым тау-тасты жалғыз аралап кететін әдетім бар еді. Екінті ауа үйдің қарсы алдындағы биік шоқыға шығып алып, қашан күн ұясына кіріп, көз байланғанша сонау алыстағы Сарыарқаның шексіз жиегіне барып бататын күнді «шығарып салатынмын». Сол әдетіммен Қызылшоқыға қарайтын тұмсықты айнала бергенімде ауыл жақтан тосын дауыс­тар естілді. Сөйтсем Төлеужан құрдастары Мәдеш пен Қазима апайдың дүкенінен шығып, енді атқа міне алмай жатыр екен. Қазима апай мінгізіп жіберді. Әршіорашқа тура осы тұмсықпен өтеді. Жолдың шетіндегі қойтасқа отыра кеттім. Мазаңдау тербетіліп, аяңдап келеді. Соңына ерген балалар қалып қойды. Жақындағанда атып тұрып сәлем бердім. Әуеліде қабағын түйе сүзіле қарады, содан кейін, өзінен бата күтіп отырған жол шетіндегі бір бейбақты танып, кінәлі кейіпте жымия қарап, қасымнан өте берді. Тұмсықта айнала беріп, тасаға барған соң аттан түсті. Қасына бардым. Қанжығасындағы қоржыннан бір шишаны суырып алды. Аузы қағазбен тығындаулы. Жолшетіндегі қойтасқа отырдық. Кешегі кеуделі, арыстан екпінді асау мінез жоқ. Басында қара папах, мойнында тоқымалы шарф, үстінде тозыңқы қара пальто. Аяғында пима. Жұқа, жүдеу, аққұбалау өңді, секпіл бетті, сәл алқынып демалатын, нәзік саусақты, биязы жан. Екі қасының арасындағы батыңқы сызық қана тауқыметті тағдырын білдіргендей. Сондай бір ұятты қымсыныспен қысыла күлімсіреп, шөлмектің аузындағы тығынды ашып, бір ұрттады. Кеше үйлеріңе мазаңдау күйде барғаныма сен ренжіме. Ақын – ақынға ренжімейді (Күлді). Өзгелер өзіміз ғой... Кейде ішің өртеніп, мынау меңіреу тыныштықтан тұн­шығып өліп кететін сияқтысың. Жапандағы жалғыздықтан жерініп келіп ем. Кеше ту сыртыңнан сені көргенде: «Бұл баяғыда Қарауылдағы атымның тізгінінен ұстайтын бала шығар, өзін бір көрейінші» – деп барып ем. Бұйымтайым сол еді. Сөз арты бұзылып кетті... Күмісбек те ақыншалыс. Бірақ ескірген феодальдық сарын. Айтайын дегенім: мен – әкесіз, сен – шешесіз өстің. Ақындық деген бақытсыз балалықтан басталады. Тағы да бір ұрттап қойды. Жанарының шарасы барған сайын ашылып, мұң ба, жас па, жоқ, ой тамшысы ма, білмеймін, әйтеуір еңкейген күннің нұрымен бірге мөлтілдеп тұрғаны әлі көз алдымда. Менде бас изегеннен басқа сөз жоқ. Ол сәл еріңкіреген қабыршақ мұзға қарап тұрып: – Мен өзімді шыңыраудың ішінде қал­ғандай сезінемін. Қарап жүргем жоқ. «Қойшы­лар» деген өлең жаздым. Тыңда. «Жуас қой­лар! «Шайт!» дегенде сескенген...», – деген күйінішті дауыспен өлеңін оқи жөнелді. Татардың көккөз келіншегінің көзінен сескенетін «қойлар»: «Аға! – дедік туымызды оң ұстар, «Баран!» – деді сонда бізді орыстар!, – деп өкінеді екен. – Сен мынаны ұрттап отырғаным үшін менен сескенбе. Дәл қазір ішкім келіп тұрған жоқ. Ақындардың әдетінше жолымды жуғаным ғой. Нешедесің? Ә, он бес жаста мен университеттің бірінші курсында оқитынмын. Жә, бұл «шіркіннің» қызығы мен соры бірдей. Ең қиын залалы – уақытыңды алады, мазаң кетеді. Әуелі сен оны ішесің, кейін ол сенің өміріңді ішеді. Аулақ бол. Сен хабарды жиі жазасың. Өтірік қоспасаң болмайды. Бірақ онсыз да қоспасы көп «жасасынды» тым «жасасындатып» алма. Алданып қаласың. Ал алданып өмір сүруге болмайды. Сенің алғашқы оқыған өлеңіңде өмірлік сентиментализм бар. Сентиментализм дегеніміз – күйрек сезіммен адамның жанын жасыту. Үшеуіңнің жетім қалғаныңды жырлай берсең, кәдімгі жылауық, жасық ақын болып шығасың. Мен ондай сарынды жек көремін. Ал ана кейінгі өлеңдерің өзіңнің табиғатыңа жат. Әркімді бір оқып бұзылып жүрсің ғой. Оны ұмыт. Онымен ақын болмайсың. Қасаң қыжыл. Сен өмірді өзіңнен неге алшақ ұстағың келеді? Тіпті әлі дәмін татып көрген жоқсың ғой. Мен де: Жырларымды мақтаймын деп шала үйткен, Нем бар еді айтысам деп Сәбитпен, – деп бастағам. Мен қазір иен қорада жалғызбын. Жаңа­дан шыққан кітаптар болса әкеп берерсің. Қыстай қыстақта боламын. Жазда Алматыға барып, ескі достарымды көріп, гүжілдеген Сырбайдың өлеңін тыңдағым келеді. Тегінде Қалижан мен Хамит сияқты қияңқы шалдармен ойнауға болмайды. Қасымның найзағайынан темекі тұтатқан ғой олар. Лермонтовтың «Мыцыриін» аударғанымда он алты буынды сынық ұйқастарды еркін ырғақпен шұбатылған арқан сияқты лақтырып тастауға болатынын түсіндім. Жалпы мен күйдім, сүйдім дегенді жек көремін. Бір түрлі мүләйімсіген, татымы шыққан жасанды сезім сияқты. Поэзия әлі өзгереді. Біз қара өлең мен он бір буынды сындырып, ұмытып барып қара өлеңге қайта оралсақ, сонда ғана поэзияны өсіре аламыз. Өлеңге ішкі емеурін, мыс пен мысқыл, қышыр керек. «Есіл» дастанында сол ұшқындар бар. Әттең, қазір саған өлең оқи алмаймын. Шаршап қалыппын. Көз байланбай жетуім керек қыстаққа. Жақын жүрейік. Айтпақшы, кең уақытта Күмісбекті Бибі жеңгеймен айтыс­ты­рып көрейік. Әй, Күмісбегің әләулайдан аса алмай қалмасын, – деп сөзін қалжыңға сая атқа қонды. Буыны ширақ, өңі сергек, әңгімесі анық. «Тұяқтың» тұмсығынан бұрылып, көзден таса болғанша кешкі қызыл нұрды жамылып бара жатқан салт атты Төлеужанның соңынан ұзақ қарап тұрдым. Аз уақытта айтқан мол ұғымды сөздердің салмағы мені тереңнің шымбайына батыра берді. Бұл маусымдағы демалыс өң мен түстің арасындағы түсініктерге толы булығыумен өтті. Әлгі ақындардың әппақ әлемі, ақ арманы, ақ құсы, ақ сұңқары қайда? Қалижан мен Хамит ақынның дас­тан­дарын оқып ем, құланның ажалы мен құзғынның марғаулығын суреттейтін тұстары әлгі қызылды-жасылды бояуларды одан әрмен қарауыттырып жіберді. Алдыңғы шығарып салудан гөрі мына шығарып салу сана мен жүрегіме салмақ салды. Мен аңсаған поэзия мен мен жазатын өлеңнің құбыласы басқа жаққа құбылып түсті. Көкжиекті арай тұтастай орап алып, шұғыланың нақты қай жақтан нұр шашып тұрғанын аңғара алмаған адам сияқты болдым да қалдым. Бірақ сөз өнерінің ашуы мен назын, киесін анық сезіне бастадым. Бұл менің әдебиет туралы алғашқы өмір сабағым еді. Енді Төлеужан ақынмен емін-еркін сәлемдесуге болатынын түсіндім. Түсінбегенім, тырнақалды туындысы – екі шумақ өлеңі енді жарияланған он бес жасар мені «ақын» деп бауырына тартуы еді. Әрине, ол менің ақындығымды емес, талабымды қолдағаны, еркелетіп айтқаны. Алайда кейде Несіпбекке: «Мені сенен бұрын Төлеужан ақын деп мойындаған» – деп жалымды күдірейтетінім бар. Төлеужанның шылбырын екінші рет ұстағаным осы. Қазір де ауылға барғанда сол бір тұмсыққа ұзақ қарап тұрамын. Шоқиған қой тас мүжілген. Сол тұмсықтың оң жағын ала үш жүз қадамдай жерден «мен мұндамын» дегендей боп Төлеужанның зираты көзге шалынады.   ІІІ. Сонымен, Төлеужан ақын менің жынымды қағып алды. Күй естілсе болды жыбырлап, қалтаны тесіп қоймайтын саусақтарым тынышталды, буырқанып, күбірлеп шабыт шақыру да қалды. Бұл сентментализм мен прозаизм деген бір пәле болды. Байрон мен Петефиді, Қасымды жағалаймын. Бірақ: Жалғыз өзім айдындамын, Жалғыз өзім жабығатын. Кім үшін мен қайғырамын, Кім бар мені сағынатын?, – немесе: Туған жердің кетіруге қырсығын, Керек болса бір шығын. Жаным, әкем, құрбандыққа мені шал, Қиналма сен қиылар деп қыршыным, – деп жалған шалыққа ұрынудың тағы да реті жоқ. Мұның да астарында бір «изм» бар. Тәркі романтизм. Ол ағым кеңес поэзиясына жат. Қойшы, санам сандалысқа түсті. Әйтеуір кітаптан бас алмадым. Ұстазым Жәңгір апай ғана жұбатады. Шындығын айтайын, сол кездегі шимай-шатпағымды кейін оқып, өзім де түсінбедім... Тек табы ғана сақталыпты. Қалай дегенмен де әдебиетке шегеленгенім анық еді. Сын да, рецензия да жазамын. Әрине, жарияланбайды. Ақыл айтқан жауап келеді. Қысқы демалыста «Қазақстанға» келген соң құлатайымды ерттеп, қыстақтағы Төлеужан ағаға барып сәлем беріп, түстеніп қайттым. Маяланған шөптің үстінде отырып, күншуақта ұзақ әңгімелестік. Қарлы қыстағы шөптің қошқыл исі маған жағады, ал Төлеужан аға демігіп қалады. Бұрынғы асау мінез жоқ. Сондай биязы әрі мәдениетті. Саулығын күтіп жүргені байқалды. Әңгімені поэзияға емес, жалпы Еуропа әдебиетіне қарай бұрды. Сөйтсем, ақын болу үшін үлкен шығармаларды оқу керек екен. Бір романның идеясын бір шумақ өлеңмен беруге болатын көрінеді. Өмір, жеке басына қатысты сұрақ беріп ем: «Ондай етекбасты, жеркенішті мещандық нәрсені айтпа маған. Жыным келеді. Адамның ішін лас­тайды», – деп тыйып тастады. «Америка трагедиясының» екінші кітабының аудармасы туралы сұрап едім, оны да ұнатпады. Бір жайсыз кілтипанның барын ғана аңғардым. Аударуын аударған, бірақ сол аударманы жоғалтып, не ұрлатып алғандай көрінді. Қоржыныма салынған шишаны Серік ағамыздың үйіндегі жеңгеме бергем. Дастарханға қойғанда: «Алып кетіңдер. Өздерің де жетісіп жүрген жоқсыңдар», – деп тыйып тастады. Оған қуандым демеймін, бірақ жеңіл демалғаным рас. Апарған кітаптарымның ішінен прозалық шығармаларды алды да, танымал ақындардың жинағына жеке-жеке мінездеме беріп, өзіме қайтарды. Бір-екі өлең жинақты мақтап едім, оларды: «Сылдыр су сияқты жеңіл сапырылады, жаттанды теңеу, можантопай ақындық» – деп біраз жерге апарып тастады. Көзі түскен шумақтарды бақайшағына дейін талдап, оп-оңай әрі сондай жеңіл сөздермен быт-шытын шығарды. Өлеңді осылай да талдауға болады екен деп ойладым. Ол да үлкен сабақ болды. Өзі де өлең оқыған жоқ, маған да не жазып жүрсің демеді. Оның сынына толатындай шама-шарық менде қайдан болсын. Сол күннен бастап екеуара, қысылуы да жоқ, еркінсуі де жоқ, әйтеуір бір түрлі сыйластық орнады. Көктемгі наурыз демалысында ол бөлім­ше­дегі бір бөлмелі үйінде болды. Сыртқа көп шықпайды. Қара суықтан сескенеді. Күніне бір рет барып сәлем беремін. Кейде ұзақ, кейде аз отырамын. Жұпыны бөлменің бір бұрышында байланып, маталған қағаз папкалар қатталып тұрады. Айналасы толған дәрі. Жер аяғы кеңіген соң «Ауыл» санаторииіне кетті. Сол кеткеннен... мол кетті. Семейде салбурындатып жүр екен деген хабары жетіп жатты. Күзде сабақ басталарда киім алу үшін Семейге барғанымда, көкбазардың ішіндегі сыраханаға бір-екі күн торуыл жасағаным бар. Екі күні де шашы маңдайына түскен, көзін ашып-жұмып скрипка тартып тұратын белгілі сазгер ағамызды көрдім. Анда-санда біреулер алдына бір тостаған сыра қойып кетеді. Ал Төлеужан жоқ. Кездескенде не істер едім, оны өзім де білмеймін. Әйтеуір осы арада өлең оқып тұрғанын көргендер бар екен деген дақпырт. «Семей таңы» газетінің редакциясын сыртынан айналып өтемін. Кіруге батпаймын. Күзде аудандық газетке қызметке тұрыпты деген жақсы хабар жетті. Бір рет тағы да өлеңдер топтамасы жария­ланды. Ішінде ертедегі қысқы аяз туралы өлеңі де бар. Сол кезде «Бір келіншек барады көше бойлап» және «Кәрі мысық» деген мысқылды кекесінді өлеңі «ұзынқұлақ» арқылы жетті. Тілі ащы, кекесіні уытты, теңеулері тікендей қадалады. Мұны естіген қызметкерлер Төлеужанды қайдан жақтыра қойсын. Бірақ бір қыс, бір жаз Қарауылды мекендеді. Қонақ үйдің бір бөлмесін босатып беріпті. Ол 1968-1969 жылдың арасындағы атақты жұт жылы еді. Біздің шаруашылықта жетпіс мыңнан астам қой болатын. Содан көктемде жиырма мыңға жетер-жетпес мал қалды. Семейдің ет комбинатының қасапшылар цехы Самай бөлімшесінде ашылды. Мен есепші болдым. Шопандардың дені таяғын ұстап қалды. Мұндай қыста оның еркелігін кім көтерсін. Сондықтан да Қарауылдан алыстап шықпады. Әрине, хат қорытса қорытқан шығар, кезекшілікте болған шығар, бірақ мақала жазбағаны анық. Содан мен Алматыға аттанып, уни­вер­си­теттің журналистика факультетіне құ­жат­тарымды тапсырып, дайындық курсына қатысып жүргемін. Ара-тұра Жазушылар одағына бас сұғамын. Бір жолы екінші қабаттан өзіме таныс дауыс естілді. Жүгіріп шықтым. Өз көзіме сенер-сенбесімді білмедім. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, шілде айында үстіне фуфайка киіп алыпты. Шашы қобырап шекесіне түскен, өңірі ашылған, өңі адам танымастай қабарған, аяғындағы туфлиі туфли емес, сүйретінді. Теңселе шайқалып өзінің атақты «Қойлар» атты өлеңін оқып жүр. Біреу таңданады, біреу жиренеді, біреу айнала қашады, біреу жанай өтеді. Түршігіп кеттім. Жақындап барып сәлем беріп ем, шашы қобырап, көзі шарасынан шыға қарады да, бұрылып кетті. «Төлеужан аға!» деп қаттырақ айт

Серіктес жаңалықтары