329
Индустриялық аймақта 19 млрд теңгенің жобасы іске асады
Индустриялық аймақта 19 млрд теңгенің жобасы іске асады
Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Тассай» индустриялық аймағында жалпы құны 19 млрд 684 млн теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылатын болады. Нәтижесінде 720 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы аталған өндірістік аймақтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
Өңір басшысы алдымен «Asia Trafo» ЖШС-де болып, 110-120 кВт болатын жоғары кернеулі трансформатор шығаратын зауытты аралап көрді. 2016 жылдан бастап салына бастаған нысанды іске қосу жұмыстары 2018 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр. «Зауыт іске қосылуға әзірлік жұмыстарын жандандырып жатыр. Бұл кәсіпорын іске қосылған жағдайда 400 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Ең бастысы, қазіргі таңда кәсіпорында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беруге болады. Сондықтан жұмысты жоспарлы түрде жүргізіп, зауытты ертерек іске қосуға мән берген жөн», - деді Жансейіт Қансейітұлы. Айта кетейік, кәсіпорын кәсіпкерлікті қолдау картасының аясында жүзеге асырылуда. Мұндағы жоба құны 17,5 млрд теңгені құрайды. Зауыт жылына 120 трансформатор шығаруды жоспарлап отыр. Ал өнімдері Қазақстан мен ТМД елдерінің сұранысын қанағаттандыратын болады. Жалпы, «Тассай» индустриялық аймағының жалпы аумағы 89 гектарды құрайды. Мұнда бүгінде жалпы құны 37 млрд 948 млн теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске асса, 1631 жұмыс орны ашылмақ. Индустриалды аймақты аралап көрген өңір басшысы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының да барысымен танысты. Қазіргі таңда аймақта 2500 декоративті тал-дарақ отырғызылған. Олардың арасында қайың, қырымдық қарағай, қарағаш сынды түрлері де бар.