1331
Үштаған
Үштаған
Көпірден қаржы қымқырды ма?
Осыдан жиырма жыл бұрын Ақтөбе қаласы қандай еді. Ал қазір қандай? Бұрын кеңестік бір типтегі архитектура үлгісімен салынған үйлер сүреңсіздеу, көзге оғаш көрінетін. Қазіргі келбеті мүлдем басқа. Бүгінгі талаппен салынған сәнді ғимараттар мен келісті тұрғын үйлер қалаға ерекше көрік беруде. Бірақ... дейміз ғой. Қалада әлі де шешілмей келе жатқан түйткілдер аз емес. Соның бірі − көпір. Қаланың Қарғалы ауданындағы өзенге салынған ескі көпірді қайта жөндеу немесе жаңадан салу жайында нешеме жылдар бойына айтыла-айтыла жауыр болғаны қашан. Әр істің сәті болады демекші, соның жөні өткен жылдың соңында ғана түсіпті. Қала басшылары республика бюджетінен 100 миллион теңге бөлгізіп, күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алған. Иә, бұл аз қаражат емес. Көпір де анау айтты отыз, қырық метрге көсіле созылып жатқан жоқ. Көз жобаға салсақ, ұзындығы бар-жоғы он метрдің ар жақ, бер жағы. Мердігер компания құрылысшылары жұмысты қақаған қыста бастап, үш айда аяқтап, қала әкімшілігінің мемлекеттік қабылдау комиссиясына өткізген кезде қалада бөріктерін аспанға атып, қуанбаған жан қалмаған шығар, сірә. Бұрын айналмамен жүретін жолаушы көліктері енді көпірдің үстімен тіке жолға шығып, уақыттан ұтып жатты. Алайда қуаныштары ұзаққа бармады. Көпірдің үстіне төселген асфалт бір айға жетпей-ақ бірнеше жерінен ойылып, көліктер қозғалысына қиыншылық туғызған. Жұрт жұмысты сапасыз жүргізген құрылыс мердігерлерінің үстінен әкімшілікке, сотқа шағымданғанмен ештеңе шықпады. Артында тіреуі мықты мердігер компанияның басшысы сүттен ақ, судан таза болып шыға келген. Іс бітті, қу кеттінің кері. Жүргізуші Р.Мырзахметов: «Көпір тіпті алпыс жылғы бұрынғысынан да жаман. Ана басынан мына басына жеткенше шұқыр, ойықтардан көз ашпайсың. Рульмен алысып, соңына жеткенде көлігіңнен ақау шығып жатқаны. Оны жөндету де біз секілді қарапайым адамдардың онсыз да жұтаң қалталарына ауырлық салуда. Жемқорлық жүрген жерде сапа қайдан болсын?», − деп мердігерді сыбап алуға дайын. Құрылыстан хабары бар мамандардың пікірлеріне құлақ ассақ, қыстық мерзімге арналған жөндеу технологиясы дұрыс сақталмаған көрінеді. Қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғали қар кетісімен көпірді қайта жөндеп, үстіне жаңадан асфальт төсейміз деп отыр. Онсыз да жыл сайын қала жолдарын жөндеуге үш миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалады екен. Енді сол шығынға сапасыз салынған мына көпірге кететін қосымша қаражат үстеме болды дей беріңіз.Суы жоқ, шуы көп...
Су – тіршілік көзі. Әсіресе ауыз судың жөні бөлек. Республикада алты мыңдай ауыл бар. Бүгінгі күнге дейін соның елеулі бөлігі ауыз суға жарымай отыр. Солтүстік Қазақстан облысындағы «Покровка» ауылы солардың бірі. Мұнда екі мыңнан астам үй түтін түтетеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылға су жүйелері салынған. Кейін жүйе жекеменшікке өтіпті. Содан бастап, су мұнарасының ақаулары көбейіп, бірде істеп, бірде істемей, ақыры мүлдем жұмысын тоқтатқан. Содан бері де жиырма үш жылдың жүзі болыпты. Алыстан көзге шалынатын қаңқайған су мұнарасы бүгінде тұрғындардың көз күйігіне айналған. Ауыл тұрғындары қыста ауласынан мұз ерітіп, ас-суына, малын суғаруға пайдаланса, жазда жаңбыр суына қарап қалады. Алыстан су таситын арнайы көлік бөлінген. Ол аптасына бір-ақ рет келіп, 40 литр суды 50 теңгеден сатады. Кейде зарыға күттірген ол да ақауына байланысты келмей қалатын кездері аз емес. Осындай келеңсіздікті бастан кешіп жатқан тұрғындарда қандай көңіл-күй болсын. Ал ауыл әкімшілігі жыл сайын тұрғындарға биыл облыстық бюджеттен қаражат бөлгізіп, су жүйесін қайта жаңартамыз деуден жаңылған да, жалыққан да емес. Құрғақ уәдемен іс біткен бе? Жауапкершіліктен қашып, жалған айтуды айқай-шудан құтылудың тәсіліне айналдыруда. Бүгінде жұрттың құрғақ уәдеден құлақтары әбден сарсып, ешкімге сенуден қалған. Енді міне, әкімшіліктің су жүйесіне жауап беретін өкілі Нұрлан Бекмаханов осы жылдың соңына дейін ауыл таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп тағы да уәде беріп отыр. Бұл да бос сөз болып қалмаса деңіз.«Айқараңғысы»
Белгілі жазушы Тұрысбек Сәукетаев бірнеше жылдан бері «Қилы тағдыр» атты романдар топтамасын жазу үстінде. Солардың алғашқысы «Қазақпарат» баспасынан жарық көрген «Айқараңғысы» романы. Қаламгердің бұл шығармасы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне арналған. Оқып отырып ел басына күн туған қилы кезеңнің сол кездегі ауыр жайларын көз алдыңызға қайта келтіріп, тағы да бастан кешкендей күй кешесіз. Романның композициялық құрылымы, эпизодтық оқиғалар желісі, тарихи және әдеби образдардың шебер ұштастырылуы тәнті етеді. Әсіресе, жұртты жалықтырмай оқуға жетелеп отыратын оқиғалар тізбегі мен образдардың өздеріне тән табиғи болмыстары кімді болса да бейжай қалдырмайды. Студент Әзиз-Сұлтан мен оның сүйіктісі Сәбираның арасындағы бірін-бірі қастерлеген таза сүйіспеншілік сезімдері сүйіндірсе, есесіне Желтоқсан жендеттерінің оларға жасаған зорлық-зомбылығы қатты күйіндіреді. Республиканы басқарған Дінмұхамед Қонаевтың да тұлғалық болмысына тек бір жақты қарамай, ол туралы ел ішіндегі әралуан пікірлерді де жан-жақты қамтып, өтірік пен шынның ара жігін айыра отырып, бейнелік образын ашқан. Халықтың құрметіне бөленген Қонаевты әуелі алаңдағы жастардың алдына шығып, басалқы сөз айтуға шақырып, артынан ол ойынан тез айныған Колбиннің ішкі монологын жазушы былай жеткізеді: «...Бұл шалды бүлікшілердің алдына шығарудың қажеті бар ма? Бұзақылар мұның сөзінен кейін ақылға келіп, тарап кетсе ше? Шалдың абыройы аспандап шыға келмей ме! Бұл дегенің республиканың шын мәніндегі қожайыны кім екенін айдай әлемге әйгілеу деген сөз. Жо-жоқ, өйтуге болмайды. Енді жалтақтайтын дәнеңе жоқ. Жарты сағат бұрынғыдан жағдай өзгерді. Бас хатшы өзі нұсқау беріп отыр. Міндет айқын. Бүкіл елге масқара қылған жетесіз лаңкестердің желкесін қимай, «Ә, бәлем, мықтап бір тәубаларыңа түсірдік пе, жарайды, осы да жетер, кеттік» дегенге, қалай жайбарақат жібере салмақ! Ауыздарынан қара қандарын ағызып, күшпен жаншиды. Бұзақылар жазасын алуға тиіс. Совет үкіметіне қарсы шығудың қандай болатынын біліп қойсын!». Жазушының топшылауында шындық бар. Колбиннің іштарлығын, қатыгездігін оның осы бір ішкі жиіркенішті ой иірімдерін жазушы өзінің түйсік-пайымы арқылы көкейге қонымды етіп жеткізе білген. Осы орайда алаңға барып, қолға түсіп қалған Сәбираның жан дүниесіне үңіліп көрейік: «...Қыз жылауын кілт тыйды. Қаншама жалынып-жалпайғанмен ешбір сөздің құдіреті көрбілте, бітеу көкіректі жібіте алмасын білген. Аяушылық сезімінен жұрдай меңіреу, өзінің тарыдай пайдасы үшін өзгенің тағдырын таптап өтетін қорқау мақұлық. Бұнымен тек қарсыласып, жағаласып өлу керек. Тал шыбықтай денесі ширығып, шиыршық атты. Жаудыраған аялы қара көзі тұңғиық тартып, өзгеше бір ұшқынмен өжеттеніп алған. ... − Дегенің бола қоймас, жауыз. Өлтірсең де қорлығыңа көнбеймін, көнбеймін!.. – деп долыра ышқынып, аяқ-қолы жеткен жерден ұрып-соғып жүр. Төмпештеп, тепкілеген сайын «хо-хо-холаған» жабайы күлкі жан тырнап жаңғыра түскен...». Нәзік қыз ары мен намысын қорғап бақты. Ал жыртқыш дегеніне жетпей қоймады. Оның аппақ арына қара дақ салды. Сондағы қыздың психологиялық жан күйзелісі романда былай өрнектелген: «...Бүкіл әл-қуаты сарқылып, қу қаңқа болып құр денесі ғана қалғандай. Қансыраған шала жансар кеудеде қыжыл, намыстың оты жарқ етіп жана алмайды екен. «Ендігі жер басып жүргеннің керегі не. Бірер сағат жатсам, өзім де үсіп өлем, шыдайын» деп, қаншама бетін теріс салғысы келсе де, әлдебір соқыр түйсік тірліктің табалдырығына сүйреп әлек. Әрең дегенде аяғын икемге келтіріп, әупіріммен аунап түсті. Табанға қонуға қауқар қайда. Төрт тағандап, бір басып, екі басып жылжуға кірісті». Мұндай әралуан эпизодтар мен басты кейіпкерлердің қилы-қилы тағдыр-талайлары романда көркемдігі жоғары деңгейде орындалған. Тарихи тақырыпта жазылған роман шындығымен де, шынайылығымен де ұтымды..