279
ЕҚЫҰ Қазақстанда БАҚ-тың қудалануын айыптады
ЕҚЫҰ Қазақстанда БАҚ-тың қудалануын айыптады
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) өкілі Арлем Дезир Қазақстанда Ratel.kz сайты мен Forbes Kazakhstan журналы журналистерінің уақытша ұсталып, сайтының бұғатталуын айыптады.
ЕҚЫҰ-ның ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде ұйымның баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Харлем Дезир онлайн ақпарат құралдарын бұғаттауды "ой-пікірін білдіру еркіндігін пропорционалды емес шектеу" деп атайды. "Бизнесмен мен мақалаға қатысты даудан соң журналистерді ұстап, кеңселері мен үйін тінту - оларды үрейлендіру. Бұл - Қазақстандағы БАҚ еркіндігіне нұқсан келтіретін қауіпті тенденция" деді Харлем Дезир.
Наурыздың 30-ы күні Ratel.kz және Balborsyk.kz сайттары бұғатталған. Редакция өкілдерінің сөзінше, сайттарды бұғаттауға Медеу аудандық соты аудан прокурорының талабы негізінде ұйғарым жасаған.
2 сәуір күні Алматыда полиция Ratel.kz сайты мен Forbes Kazakhstan журналының редакцияларында "жалған ақпарат тарату" ісіне байланысты тінту жүргізген. Бұл іс бұрынғы қаржы министрі, бизнесмен Зейнолла Кәкімжановтың арызынан кейін қозғалған. Кәкімжанов Forbes.kz және Ratel.kz сайттарында соңғы жылдарда өз қызметіне байланысты жарияланған бірнеше мақаланы "қара пиар" және "жалған" деп атайды. Мақалада Кәкімжановтың "сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары" айтылады.
Ұйым Қазақстан парламенті сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның БАҚ-қа қатысты жағдайды әділ және ашық түрде тергеуді талап еткенін бағалайтынын, бірақ веб-сайттың әлі бұғатталып тұруы және журналистерден тергеу құпиясын жарияламау туралы қолхат жаздырып алуы БАҚ-қа еркіндігіне зиян келтіретінін айтады.
4 сәуір күні "Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders - RWB) халықаралық ұйымы да Ratel.kz сайты мен Forbes Kazakhstan журналына қатысты қудалауды айыптап, Қазақстан билігін елдегі БАҚ пен журналистерге қысым жасауды тоқтатуға шақырған.