Қазақстанда әрбір 15-ші бала семіздіктен зардап шегеді

Қазақстанда әрбір 15-ші бала семіздіктен зардап шегеді

Қазақстанда әрбір 15-ші бала семіздіктен зардап шегеді
ашық дереккөзі
1192
Қазақстанда артық салмақтан зардап шегетін балалар мен жасөспірімдер саны артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасындағы семіздік 15 процентке ұлғайған. Балалар арасында жүргізілген ұлттық зерттеулер 8-10 жастағы әрбір бесінші баланың артық салмақтан зардап шегетінін көрсетті. Ал еліміздегі әрбір 15-ші бала семіздікке шалдыққан», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.  Оның айтуынша, семіздіктің басты себебі фаст-фудты жиі тұтыну болып отыр. «Дұрыс тамақтанбау салдарынан инфаркт, инсульт, онкология және семіздік аурулары пайда болады. Жүргізілген зерттеу нәтижелері еліміздегі 80% балалардың фаст-фудты тұтынатынын көрсетті. Оның 13 проценті күнделікті фаст-фудпен тамақтанады. Құрамында тұз, қант, трансмайлары көп өнімдерді көп тұтынуға болмайды. Аз қозғалу да денсаулыққа зиян. Әсіресе балаларға дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Себебі, дұрыс тамақтанбау әдеті бала кезден қалыптасып, өмір бойы зардабын тигізеді», - дейді министрлік өкілі. Сондай-ақ, А. Есмағамбетова әлемдік деректерге сәйкес, уақытсыз өлімдердің 80 проценті төрт негізгі қауіппен байланысты екенін жеткізді. Олар - темекі мен ішімдік, дұрыс тамақтанбау және аз қозғалу.   Айта кетейік, 7 сәуір күні Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні аталып өтеді. Бұл күні еліміздің барлық медициналық ұйымдарында ашық есік күні ұйымдастырылады және кез келген ниет білдіруші тегін тексеруден өтіп, арнайы мамандардан консультациялық көмек ала алады.

Серіктес жаңалықтары