292
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын талқылады
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын талқылады
Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Отырыс барысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын цифрландыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету және цифрлық дағдыларды дамыту мәселелері талқыланды. Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ төрағасы А. Оспанов және «Зерде» холдингі» АҚ төрағасы Р. Еңсебаев аталған бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы баяндады. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда аталмыш мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында 120 іс-шара қарастырылған. Электрондық сауданы дамытуды ынталандыратын салық кодексіне заңнамалық өзгерістер енгізілді. АТ-стартаптардың халықаралық технопаркінің жобасы іске асырылуда. Астана қаласында АТ бойынша халықаралық университетті құру тұжырымдамасы әзірленді. Білім беру саласында Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында цифрландыру бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мектепке дейінгі білім беруде балабақшаларға кезекке қою және бағыт беру (13 қала мен 1 облыс) жүйесі жұмыс істейді. Республика бойынша 4 500-ден астам мектеп электрондық журналдар мен күнделіктерге қосылған, ол 3,5 млн қолданушыны қамтиды (оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар).
Денсаулық сақтау саласын цифрландырудың архитектурасы медициналық деректержәне медициналық құжаттарды қағазсыз басқаруға көшіруге мүмкіндік беретін медициналық ақпараттық жүйені (МАЖ) енгізуді көздейді. Қазіргі таңда денсаулық сақтау ұйымдарында МАЖ енгізу үлесі 87,6% құрайды. 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарда бар. Дәрігердің қабылдауына жазылу, зерттеу нәтижелеріне және рецептілерге қол жеткізу, емделушілермен кері байланыс та электрондық форматта жүргізіледі, электронды денсаулық паспорты құрылуда. Дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін компьютерлік техникамен жабдықтау 83,1% құрайды. Денсаулық сақтау ұйымдарының 51% интернетке қосылған. 2021 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіштерді 100% жеткізу көзделген. Мемлекеттік қызметтер саласында электронды үкімет порталы 235 қызмет түрін алуға мүмкіндік береді, eLicense.kz электрондық лицензиялау порталында 399 автоматтандырылған қызмет бар. 2017 жылы электронды үкімет арқылы 34 млн-нан астам қызмет көрсетілді, «E-лицензиялау» арқылы 922 мыңнан астам лицензия мен рұқсат құжаты берілді. Бизнес желісі бойынша электронды үкімет порталында 44 онлайн қызмет қолжетімді. 2012 жылдан бері еgov арқылы 135 377 компания ашылған. 2017 жылы 33 мыңнан астам заңды тұлға тіркелген. Астана қаласында алғашқы Цифрлық ХҚКО іске қосылған, онда азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсету секторында немесе қоғамдық қолжетімділік пункттері арқылы өз бетінше электронды қызметтерді алып, сондай-ақ электронды қызметтерді алу бойынша оқыту курсынан өте алады. Жыл соңына дейін еліміздің барлық облыс орталықтарында цифрлық ХҚКО ашу жоспарланған.