337
Алматы теміржол стансасы салынбақ
Алматы теміржол стансасы салынбақ
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту мәселесі, жекешелендіруді жүргізу және білім беру саласын цифрландыру жайы пысықталды.
Отырыстың күн тәртібі бойынша ең алдымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) мәселелері алға тартылды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, мемлекет пен кәсіпкерлер жалпы құны 766,4 млрд теңге тұратын жобалар бойынша өзара 212 шарт бекіткен. Оның ішінде 521,5 млрд теңгелік 16 шарт 2018 жылдың бірінші тоқсанында жасалды.
– 2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 90,6 млрд теңге сомасына – барлығы 140 нысан, оның ішінде биылғы бірінші тоқсанда 1,2 млрд теңгелік 8 нысан пайдалануға берілді. Бұған қоса, жалпы сомасы 1,6 трлн теңгені құрайтын 620 жоба дайындықтың әртүрлі сатысында тұр. Республикалық деңгейдегі 519,6 млрд теңгенің 14 жобасы пысықталуда. Соның ішінде 1249 ауылды кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасы бойынша өткен аптада, 2 сәуір күні конкурс жарияланды, – деді Т.Сүлейменов.
Жиында МЖƏ тетіктерін дамыту мəселесі бойынша Инвестициялар жəне даму министрі Жеңіс Қасымбек қазіргі таңда МЖƏ тетігі бойынша 44 жоба əзірлеу жəне енгізу сатысында тұрғанын, соның ішінде жол саласында – 4 жоба, теміржол көлігі саласында – 1 жоба, 2 жоба азаматтық авиация саласында, 4 жоба энергия үнемдеу жобалары жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 33 жоба бар екенін мəлімдеді. Оның дерегінше, Алматы теміржол стансасын да айналып өтетін ұзақтығы 74 шақырымдық жаңа теміржол желісін салуға дайындық басталыпты. Жобаның болжамды құны – 96,6 млрд теңге, құрылыс жұмыстарының мерзімі – 2 жыл. Оның аясында 2 станса, 1 разъезд салынбақ. Министр қазіргі уақытта алматылық айналма теміржол жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін түзету жұмыстары аяқталғанын, мемлекеттік сараптама жүргізіліп жатқанын жеткізді. Инвесторды анықтайтын конкурс биылғы қараша айына жоспарланған. Бұдан бөлек, МЖӘ тетіктері арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің «Алматы – Қорғас» автомобиль жолы учаскесінде «Нұр жолы» өткізу пунктін салу және пайдалану жобасы қолға алынуда. Жобаның құрылысы былтыр басталған. Оған 98,2 млрд теңге салым салынбақ. – 2017 жылдың 26 желтоқсанында біздің министрлік пен Қаржы министрлігі және Evrotranzit Terminal ЖШС арасында «Алматы – Қорғас» автожолы учаскесінде өткізу пунктін салу және пайдалану жөніндегі МЖӘ шартына қол қойылды. Құрылыс биылғы екінші тоқсанда аяқталады және ол 2026 жылға дейін пайдаланылады. Жаңа өткізу пункті Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарада автокөлік өткізу қабілетін тәулігіне 2500-ге дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді, – деді Инвестициялар және даму министрі.
Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау саласындағы МЖƏ жобаларының тізімі 175 жобаны қамтиды, олардың 50-і бойынша келісімшарт жасалған, қол қойылған келісімшарттардың жалпы құны 33,7 млрд теңгені құрайды. Биыл 6 өңірде 15 келісімшарт жасалды. Тағы 125 жоба дайындау сатысында тұр, оның ішінде 25 жоба жеке қаржылық бастама аясында конкурс пен келіссөздер сатысында тұрғанын атап өтті.
Ауыл кеңжолақты интернетпен қамтыла ма?
Үкімет отырысында білім беру саласын цифрландыру мəселесі бойынша Білім жəне ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Ақпарат жəне коммуникациялар министрі Дəурен Абаев, сондай-ақ, бірқатар облыс əкімдері есеп берді. Баяндаманы тыңдаған Премьер-министр Елбасы Жолдауында Үкіметке цифрлы білім беру ресурстарын одан əрі дамыту міндетін қойғанын, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрлы технологияларды қолдану арқылы оқыту үдерісін жетілдіруге бағытталған шаралар анықталғанын, бұл шалғайдағы ауылдық жерлер үшін аса маңызды екендігін еске салды. «Цифрлы технологияларға көшу үшін Білім жəне ғылым министрлігі 2018 жылы ақпараттық жүйелерді мемлекеттік органдармен біріктіруді қамтамасыз етуі тиіс», – деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев облыс əкімдеріне мектептерді техникалық жабдықтау жəне оларды кең жолақты интернет желісіне, Wi-Fi жүйесіне қосу жұмыстарын жеке бақылауға алуды, яғни, 2020 жылдың соңына дейін барлық қашықтықтағы елді мекендер кең жолақты интернетке толықтай қосылуы тиістігін атап өтті. Мəселені талқылау қорытындысында Үкімет басшысы Б.Сағынтаев бүгінгі басты мəселе – Президенттің бес əлеуметтік бастамасын іске асыру аясында МЖƏ негізінде студенттерге арналған жатақханалар салу екендігін, бұл ретте өңірлердің əкімдері аталған мəселеге баса назар аударуы керектігін қадап айтты.