290
Салих Йылмаз: Әлеуметтік мәселе шешілсе,мемлекет алға жылжиды
Салих Йылмаз: Әлеуметтік мәселе шешілсе,мемлекет алға жылжиды
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа жасаған үндеуінде ұсынған тың міндеттері мемлекеттік әлеуметтік жоба тұрғысынан айрықша маңызға ие.
«Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», «Шағын несие беруді көбейту», «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бағдарламасы әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсартып, әлеуметтік саланың жаңғыруына екпін беруге бағытталған.
Бүгінде Елбасы ұсынған жоба туралы шетелдік мамандар да пікір білдіруге асық. Йылдырым Баязит университетінің профессоры, саясаттанушы Салих Йылмаз мырза: «Осындай стратегиялық құжаттарға қарап отырып, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздікке ие болған посткеңестік елдер арасында мемлекеттің бюджетін халықпен ашық бөлісу арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол аша білген ел деп, біз – Қазақстанды айта аламыз. Өйткені мұнай мен газдан түскен табыстарды ел ішіндегі аймақтарға бөліп, мемлекеттің дамуы мен ұлттық экономиканы қуаттандыру тұрғысында нақты қадамдар жасай алды» дегенді жеткізді.
Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі қол жеткізген табысы басқа елдер үшін үлгі. Бұл даму моделінде жаңа кезеңде әрбір отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсыну, жұмысшылардан алынатын салықтың төмендетілуі, университетте білім алып отырған студенттердің қажеттілігіне орай жаңа жатақханалардың салынуы және жатақхана мәселесінің түбегейлі шешімін табуы, шағын несие мен өзін-өзі еңбекпен қамтушыларға мүмкіндіктер ашу, Қазақстан халқының 50 пайызын газбен қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық салымдар сияқты бастамалар басты назарға іліккен.
Осы тұрғыда пікірін толықтыра түскен Салих Йылмаз мырза: «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа ұсынған «Бес жаңа бастамасындағы» екі мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік саясат түсінігінің тереңдігі, екіншіден, экономикалық сауаттандыруды арттырып, экономикалық үрдістерге әлеуметтің қатысу көрсеткішін ұлғайтуға көңіл бөлу. Қазақстан – 2050 стратегиясына сәйкес келетін бұл бастамалар халықтың күнделікті алаңсыз өмір сүруіне, ұлттың жалпы дамуына, жаһандық бәсекелестік жағдайында жаңа ұрпақты оқытуға, бизнес тиімділігін қамтамасыз етуге және инвесторларды ынталандыруға ықпал етері анық», – дейді.
Қазақстанда соңғы 5 жылда ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын құру, инновациялық индустрияландыру, білім беру мен оқытуды қолдау, қалалық жалпылама тұрғын үй құрылысы сынды бағдарламалық бастамалар да халықтың тірлік-тіршілігіне оң әсер еткені белгілі. Соның нәтижесінде еліміз өзін-өзі қамтамасыз ететін мемлекет болуға ұмтылып, ұдайы алға жылжып келеді.
«Қазақстанға барған сапарымызда білім беру ісін жақсарту үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрдік. Атап айтқанда, 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбиемен барынша қамтылғанын байқадық. Бұдан басқа, денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер жеткілікті екен. Медициналық қызмет сапасы жоғары талаптар деңгейіне жауап бере алады. Сонымен қатар көпшіліктің «Саяси мәдениет» түсінігі қалыптасып, орныққан. Қазақ қоғамы өз тарихы, мәдениеті мен сындарлы саясаты арқылы түркі әлеміндегі өзіндік көшбасшылық рөлін айшықтап үлгерді», – деді Қазақстан жайында алғашқы әсерімен бөліскен саясаттанушы .
Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін еркін бәсекелестікке, сот органдарының артықшылығына және жоғары құқықтық мәдениетке ие болу маңызды. Халықтың қажеттілігіне сай экономика, әлеуметтік саясат және қоғамдық өмірдегі мәселелерді шешуге мүмкіндік тудыру қажет. Себебі мемлекет халықтың әл-ауқатын жақсартқанда ғана ел экономикасы көш ілгері жүреді. Бұл біріншіден, мемлекеттің қуатын арттырса, екіншіден, қарапайым азаматтардың әлеуметтік тұрмыс деңгейінің көтерілуіне септігін тигізеді.