732
Мақтаралда 95 мың гектарға «ақ алтын» дәні себіледі
Мақтаралда 95 мың гектарға «ақ алтын» дәні себіледі
Оңтүстік Қазақстан облысында әр ауданның өзіндік ерекшелігіне қарай белгілі бір салаға басымдық беріледі. Мысалы, биыл Мақтарал ауданында 95 мың гектарға жуық жерге «ақ алтын» дәні себіледі. Ол үшін ауданда 3 мың тонна тұқымдық шит дайын, техникалар сақадай сай тұр.
Шаруалар мамырға дейін мақта шитін толық егіп бітуі тиіс. Көктемгі егіс науқанына дайындықты пысықтау мақсатында өткен семинар-кеңесте аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі 5 бағытын айқындады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді несие қаржылармен қамтамамсыз ету, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен машина-тракторлық стансалар жүйесін жетілдіру, өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыру, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, модульді сүт қабылдау бекеттерін, мал бордақылау алаңдарын ашу, сақтау қоймасын салу әрі ауыл шаруашылығы өнімдерін өзге аудандар мен облыстарға тасымалдау арқылы саудалау жоспарланып отыр. Сондай-ақ ауданда тамшылатып суару әдісін кеңінен қолданып, өнеркәсіптік жылыжайлар көлемін ұлғайту, жылыжай кластерін әрі қарай дамыту көзделуде. Бүгінде аудандағы 107 кооперативтің 52-сі ағын су жеткізіп берумен айналысса, 45-і минералды тыңайтқыштар таратумен шектеледі. Енді алдағы бір жылда өңірден ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі күшке айналатын кооперативтердің қатары артпақ. Ал Сайрам ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 25 мыңнан астам субьект жұмыс істейді. Биыл 6 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы өнеркәсіп өнім көлемін 39,3 млрд.теңгеге жеткізіп, өсімді 8 пайызға жеткізу жоспарлануда. Аудандағы өнеркәсіп өндірісінің үлесі облыс бойынша 4,2 пайыз көлемінде. «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» ауданнан 13 жоба енген. Олардың жалпы құны - 7,3 млрд.теңге. 2018 жылы бағдарлама аясында «Конус и К», «Бірлік» ЖШС, «Көктал Групп», «Элит Стори M&A» сынды 4 жобаны іске қосу жоспарланған. «Даму» бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға дейін өнім көлемін 58,8 млрд теңгеден 64 млрд теңгеге, оның ішінде биыл ауыл шаруашылығындағы өнім көлемін 59,5 млрд теңгеге жеткізу көзделген.