313
Ел экономикасында өсім бар
Ел экономикасында өсім бар
Сейсенбі күнгі Үкімет отырысында биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу нәтижесі, халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтерді көрсету, сондай-ақ, жұмысы тіркелмеген тұлғаларды ел экономикасына тарту жөніндегі жол картасының іске асырылу барысы талқыланды.
Бұдан былай елімізде бір өзі жеке табыс салығын, зейнетақы аударымдарын, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жарналарын алмастыратын жаңа төлем түрі пайда болмақ. Биылғы үш айда Қазақстандағы ЖІӨ-нің өсімі 4,1 пайызды құрады. Әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері жайында баяндаған Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов ел экономикасындағы жағымды үрдістерді сақтап қалуға қол жеткізілгенін айтты. – Осы кезеңде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі 4,1 пайызға жетті. Салыстырсақ, 2017 жылғы ұқсас кезеңде ол көрсеткіш 3,6 пайыз болған. Мұндай серпін өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және қызметтер көрсету саласының өсуі арқасында қамтамасыз етілді. Бұған қоса, ЖІӨ-нің ұлғаюына инвестициялардың жоғары өсімі, инфляциялық процестердің төмендігі септігін тигізуде. Инфляция жыл басынан бері 1,8 пайызды құрады. Бұл шама 2017 жылғы сәйкес кезеңдегіден 0,5 пайызға аз. Жылдық мәндегі инфляция 6,6 пайыз болып отыр, – деді Тимур Сүлейменов.
Ол биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша елдің халықаралық резервтері 1,5 пайызға, яғни 90,4 млрд долларға дейін ұлғайғаны туралы құлағдар етті. Демек, талайдан арман болған «100 миллиардтық» меженің ауылы жақын қалғандай. Қазақстанның алтын-валюталық резервтері – 1,1 пайызға, мұнай түсімдері құйылатын Ұлттық қордың активтері 1,6 пайызға көбейген.
– Өнеркәсіптің өсуі 5,3 пайызды құрады. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі озық қарқын көрсетуде. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс 5,1 пайызға өсті. Бұл салада табиғи газ өндірісінің өсімі – 6,2 пайыз, мұнайда – 6,1 пайыз, ал темір кенінде 3,7 пайыз болды. Сондай-ақ, қағаз өнімдерін шығару, химиялық өнеркәсіп және фармацевтика, машина жасау, жиһаз өндірісі, сусын және тамақ өнімдері өндірісінде айтарлықтай өсу бар, – деді министр.
Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты − 839 млн долларды, ал импорт − 1766,8 млн долларды құраған. Қазақстанның ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі Ресеймен − 91,6 пайыз, Қырғызстанмен − 4,5 пайыз, Беларусьпен − 3,8 пайыз және Армениямен 0,1 пайызды құрап отыр. 2018 жылдың І тоқсанында мұнай және конденсаттың мөлшері 22,4 миллион тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1 пайызға және осы жылдың алғашқы тоқсанына көзделген жоспардан 2 пайызға артық. Ірі үш жоба бойынша мұнай өндірісінің көрсеткіші 13,5 миллион тоннаны құрады. Атап айтқанда, «Қашаған» кен орнында өндіріс 2,9 млн тоннаға, «Теңіз» кен орнында 7,4 млн тоннаға, «Қарашығанақта» 3,2 млн тоннаға жеткен. Энергетика бірінші вице-министрі М.Досмұхамбетовтың айтуынша, жыл басынан бері 18 миллион тонна мұнай экспортталған. Қайта өңделген мұнайдың мөлшері 3,9 млн тоннаны құрап, жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,4 пайыздық өсімді көрсетіп отыр. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында үш мұнай өңдеу зауытында мұнай өнімдерін өндіру мөлшері 2,8 млн тоннаға жеткен. Сондай-ақ, отырыста көктемгі егін жұмыстарына дизель отынының қажеттілігін қамтамасыз ету толық көлемде орындалғандығы сөз болды. Дизель отынын жеткізудің бекітілген кестесі шеңберінде ауыл шаруашылығына 375 мың тонна, оның ішінде, Атырау зауыты арқылы 79 мың тонна, Павлодар зауыты арқылы 233 мың тонна, Шымкент зауыты арқылы 63 мың тонна көлемінде дизель отыны жеткізілуде.
Жиында сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту жөніндегі жол картасының іске асырылу барысын айта келе, жыл басынан бері мемлекеттік органдардың дерекқорындағы 2,7 млн азаматтың мәртебесі анықталмағанын жеткізді. Бүгінгі таңда 607 мың адамның мәртебесі нақтыланды. Оның ішінде 197 қызметкер еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналарын аудара бастады. 12 мың кәсіпкер қызметтерін тіркесе, 16 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқанын жария етті.
Ақпараттық сауаттылықтың деңгейі қандай?
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2022 жылға қарай тұрғындардың ақпараттық сауаттылық деңгейі 83 пайызға жететінін айтты. Бүгінгі күнгі көрсеткіштерге сәйкес, тұрғындардың цифрлы сауаттылығының деңгейі 77 пайызды құрайды. Жылдың соңына дейін оны 78,5 пайызға дейін көтеру көзделген. Осыған сәйкес цифрлы сауаттылықты арттыруға бағытталған әдістемелік ұсынымдар жасалды. Тыңдармандарға қатысты талаптар, цифрлы сауаттылыққа оқытудың санаты мен формасы келтірілді. Сондай-ақ, негізгі бағыттар бойынша оқытудың 4 бағдарламасы: базалық цифрлы дағдылар, ақпараттық және транзакциялық дағдылар және электронды коммерциялық дағдыларды енгізу қарастырылған. Министрдің айтуынша, халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру бойынша екі бағыт белгіленген. Біріншісі − орталық мемлекеттік органдар халық пен кәсіби кадрларға осы сала бойынша жан-жақты білім береді. Барлық министрлік жауапты мемле-кеттік органдар ретінде қатысып, цифрлы сауаттылыққа байланысты қосымша білім беруге атсалысады. Мәселен Ұлттық экономика министрлігі «Бизнесті жүргізу» атты кәсіпкерлерді ауқымды оқыту жұмыстарын жүргізуге кірісті. Ал екінші бағыт бойынша ел тұрғындарын жергілікті атқарушы органдар оқытпақ. Бұған қоса, 8 миллион азаматты мемлекеттік электронды қызмет алуға және онлайн-сауда жүйесін игеру бойынша базалық білімге үйрету көзделген. Бұл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен «Қазпошта» АҚ базасында жүзеге асырылады. Бұл бағыт аясында жергілікті атқарушы органдар ХҚКО және Қазпоштамен бірлесе отырып, елдің барлық өңірінде оқытылмақ. Отырыс соңында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне баға беріп, экономика өсімін қамтамасыз ету үшін Елбасы ұсынған бес бастама бойынша жұмыла жұмыс істеуге шақырды.