544
Әскери оқу орнындағы Наурыз
Әскери оқу орнындағы Наурыз
Алматы қаласы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын бір ай бойы тойлау дәстүрін енгізді. Күн мен түннің теңелетін күні басталған мереке әлі де жалғасын табуда. Жер ананың бусанып, тіршілікке жан біткен көктемнің шуақты мейрамы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында да атап өтілді.
Әскери оқу орнының ауласы нағыз қазақы ауылға айналғандай. Бір жағында балақайлар алтыбақан теуіп жатса, ұлттық киім сәні мен әрін келтірген қыздар қонақтарды қарсы алып, ерекше ілтипат көрсетуде. Ал жиналған көпшілік курсанттар мен мерекеге әннен шашу шашқан әншілердің өнерін тамашалады. «Салтанат» би ансамблінің талшыбықтай бұралған бишілері мен «Ағайындылар» тобының өнерпаз жігіттері той қонақтарын бір серпілтіп тастады.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы, полковник Асқар Мұстабеков Досбосынұлы барша қазақ жұртын жаңа жыл мерекесімен құттықтай келе, «Биыл Наурыз мейрамын ерекше тойлауға рұқсат етілді. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі Ұлыстың ұлы күнін балалар асыға күтетін мейрамға, жалпыхалықтық мерекеге айналдыру керектігін айтқаны есте. Бұл игі шарадан біз де тыс қалмайық дедік. Жаңару, тазару, гүлдену айында бір-бірімізбен қауышуымыздың өзі – үлкен ғанибет. Отанымыз гүлденіп, еліміздің іргесі берік, әскери күш-қуатымыз мықты болсын», – деді.
Наурыз тойының көркін қыздырған топаралық сайыс болды. Әр ұлт өкілінен құралған топтар салт-дәстүр мен әдет-ғұрып бойынша өнер көрсетіп, көрініс ұсынды. Ән де шырқалды, би де биленді. Сондай-ақ, топтар ұлттық тағам түрлерінен дастарқан жайып, наурыз көжені дайындау әдісі туралы да түсіндірме бере кетті. Соңында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу жөнінде өткен сайыстың нәтижесін шығарған әділқазы мүшелері бірінші орынды қырғыз тобына, екінші орынды қазақ тобына беруді ұйғарды.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дархан Үмбетов Қаблашұлының айтуынша, Наурыз мейрамы оқу орнында жыл сайын өткізіледі. «Бұл мейрам жастардың бойына ұлттық рухты сіңіріп, өз еліне деген құрметін арттыра түседі. Әсіресе, әскери салада оқитын курсанттардың жүрегі «Отан, туған жер, елім!» деп соғып тұрғаны абзал. Ұлттық рух мықты болғанда ғана әскери әлеуетіміз артып, мызғымас күшке айналады», – деді жастардың жігерін жанып.