270
Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері білімін Малайзияда жетілдіреді
Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері білімін Малайзияда жетілдіреді
Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері білімдерін Малайзияда жетілдіретін болды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова бастаған делегация өкілдері Малайзияның Мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас директоры Дато Нор Инчун Мохамед Саллех ханыммен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қазақстандық ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Екі ел арасындағы мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім жасалды. Келісім қазақстандық мемлекеттік қызметшілерді Малайзияның Мемлекеттік басқару ұлттық университетінде оқыту арқылы жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар малайзиялық сарапшылар осы саладағы үздік тәжірибелер туралы ақпараттармен және тәжірибемен бөлісу мақсатында оқыту лекцияларын өткізетін болады»,-делінген хабарламада. Кездесу барысында Малайзия тарапы қазақстандық делегацияны мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы тәжірибелерімен таныстырды. Өз кезегінде қазақстандық делегация малайзиялық әріптестерін кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында атқарылып жатқан шаралармен таныстырды. Кездесу соңында тараптар екі елдің ведомстволары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жөнінде келісті.